Мақалалар
Елу жылда ел жаңа, 30 жылда озық!
Мақсатбек МАХАНБЕТОВ,
Маңғыстау облысы Дін істері
басқармасының басшысы
Тәуелсіздік алғаннан кейін Қазақстан басым бағыттарды айқындап алғаны дұрыс болды. Ата заңымызда «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп жазылған. Біздің мемлекет әу бастан орта жолды таңдады. Орта жолдың жөн-жоралғысы мен жаңа заңдылықтарын зайырлылық нормалары реттеп отырды. Конституцияда құқықтық мемлекет делінуінің да сыры осында.
Егемендіктің елең-алаңында бірқатар ел саяси қаскөйлік пен діни алауыздық тұманында қалып қойып еді. Ал әлемдік саяси сахнада дербес жолға түсіп, қым-қуыт дүрмекке ілеспей қаз тұрып кеткен Қазақстанның жұлдызы жарқырай түсті. Бейбітшілік бесігіне айналған ұлы дала жаһандағы діни конфессиялар мен орталық өкілдерінің қауіпсіз бас қосып отыратын орнына айналды.
Қазақстанды ту сыртынан тіс қайрап, ту-талақай қылып іштен іріткісі келетін күштер жоқ емес. Бірақ елімізде заң үстемдігі орнықты саясат жүргізуге негіз болуда. Алуан дін, алуан көзқарас, алуан этнос ортақ мүддеге қызмет етіп отырғанын елеулі жетістік ретінде айтып келеміз. Конституция күші азаматтардың бас бостандығы мен дербес құқығына зор кепілдік береді. Орта Азия экстремизм мен терроризм ұяшықтарын дер уақытында әшкерелеп, лаңкестерге дереу соққы бере алатынын Қазақстан сан мәрте дәлелдеді. Жаңа ғасыр табалдырығынан аттай бере, бүлік шығарғысы келгендердің қаскөй қарекетіне уақтылы тосқауыл қойылды. Дін саласындағы заң аспектілері сарапшылар сүзгісінен өтіп, бұл бағытта жетілдірілген бірнеше заң баптары күшіне енді. Қазақстанда діни конфессиялар мен орталықтардың жұмысын үйлестіруді мемлекет көз қырынан таса қылған емес. Зайырлылық ұстанымы бойынша халықтың дүниетанымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпына сәйкес мәзһабтық ислам мен провславтық христандықтың ежелден қайнар көзі бары екені ескеріле отырып, осы екі теологиялық тұтастыққа сәл басымдық берілгенімен, байырғы тұрғындармен бірге біте қайнасып жатқан барлық нәсіл, барлық сенім иелерінің құқықтары бірдей қорғалуда. Қазақстандағы маңызды жиындарда басына сәлде ораған молда мен мойнына айқыш ілген епископтың қатар отырғанын көресіз. Славян өкілдері мұсылмандарды «айттап» құттықтаса, Құранға сенушілер «Пасха» мерекесінде қабақ шытпайды. Сан алуан діни ағым, сан алуан саяси көзқарас біртұтас қоғам ішіне сыйып отыр. Қазақстан ізеттілік пен ізгіліктің, тұрақтылық пен татулықтың, ұлылық пен ұлағаттылықтың ордасына айналды.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығындағы бел-белестерінде мемлекет көптеген сын-қатерге төтеп берді. Еңсе тіктеді. Ірге қымтады. Ел ішіндегі тыныштық пен тұрақтылықты сақтау – ұлы миссия саналады. Қазіргі кезеңде Қазақстан кикілжіңге барған тараптарды татуластырып, қабақ түйіп, қару кезеп отырғандарды сабырға шақыратын нағыз бітімгерге айналды. Әлбетте, Сарыарқа төріне қас пен досты тоғыстырып, тоқсан тарапқа салиқалы уәж айтатын елдің «сырты бүтін, іші түтін болмақ» емес. Кәрі құрлықтың ой мен қырында діни алауыздық кесірінен лаңкестік ошағының түтіні будақ-будақ шыққан сайын кең құлаш сермей алмай, ішқұса болып отырған қаншама ел бар? Қазақстанда заң бар, зайырлылық бар, дәстүр дәнегі, адамгершілік ұстанымы бар. Бірақ лаңкестік қарекетке, деструктивті ағымға, радикалды идеологияға жол жоқ. Дін мен саясаттың, діни канондар мен заң нормаларының арасына шекара қойылған. Бірақ азаматтық құқықты қорғау аса мәртебелі іс болып саналады. Құдайға сену мен оны тәрк етудің, түпсіз тұңғиыққа бас ұру мен секталық сорапқа түсудің аражігін ажыратуда зайырлылық ұстанымдары ғана көмекке келеді. Егемендік ұстынын Конституция мен өзге де ереже-заңдар нығайтты. Зайырлы Қазақстан заман беталысын ерте ұғынып келеді. Қасиет пен қасіретті тең көрген отыз жылдықта ғылым-білімді дамытуға ден қойды. Халық үшін рухани бұлақтарға жөн сілтейтін мекеме-орталықтар тынымсыз қызмет етіп келеді.
Қазақстандағы теолог мамандар дін мен догма, сенім мен саясат, діндарлық пен дүбаралық ұғымдарын жіліктеп түсіндіре алады. Дамыған елдер зайырлылық талаптары қоғам үшін нақты жеміс беретінін әлдеқашан дәлелдеген. Адам құқын қорғау, барлық діни иланымға құрметпен қарау, мемлекет дамуына үлес қосу сынды ізгілік шарттары құдайлық танымнан бастау алады. Әлем ежелден қоғамдық сананы жаңғыртудың мыңдаған жолдарын қарастырып келеді. Ежелден өркениет және мәдениет ошағы болған қазақ топырағында рухани түлеудің мығым алғышарты қалыптасып келеді. Бұл үдеріс Тәуелсіздікті нығайтуға, зайырлылық қағидасының орнықтылығына, діни институттардың мәмілелі болуына, ұлттық бірегейлікті сақтауға әсер етері анық. Сондықтан татулық пен тұрақтылық тірегіне айналған мемлекеттің шекарасы мығым боларына сенімдіміз.