Мақалалар

Садақа кезіндегі ысырапшылдықтан арылсақ…

Жаназа және жерлеу рәсімдеріндегі ысырапшылдықтан арылу мақсатында атыраулық дін қызметкерлері қоғам талқысына жаңа ұсыныстар тастап отыр. Соның ішінде марқұмның үш, жеті және қырық күндік қаделерін біріктіріп, бір күнге өткізу мәселесі де бар.

 

Батыржан МАНСҰРОВ,

Атырау облысы орталық

«Иманғали» мешітінің бас имамы:

 

Қайғы бөліссе, азаяды

 

Ең алдымен, қайтқан кісінің сүйегі жер қойнына тапсырылмай тұрып, қаралы үйде қазан қайнатпауды, еліміздің батыс өңіріне тән ғұрып – марқұмның үш күндік күзетінде дастарқан жаймауды ұсынамын. Айталық, дастарқан марқұм жерленгеннен кейін жайылса, бұл да болса, біріншіден, о дүниелік болған пенденің рухына құрмет, екіншіден, қаралы үйді қосымша ауыртпалықтан арылтуға арналған қадам болар еді.

Екіншіден, марқұмның үш күндік, жеті күндік және қырық күндік қаделерін бір күнге өткізу тәжірибесін енгізудің мәні зор болмақ. Саралап қарасақ, үш күнге бір бөлек, жеті күнге бір бөлек, қырық күнге бір бөлек дастарқан жая беру, оның барлығы сайып келгенде, ысырапшылдыққа жол ашады.  Оған қоса, әр қадеде міндетті түрде құрбандыққа мал шалынатыны тағы бар. Әрі осы қаделердің қай-қайсына да шаңырақтың сол баяғы таныс адамдары айналып қатыса береді. Егер, қаделерді біріктіріп, бір күнді белгілейтін болсақ, былайғы жұрттың уақытын да үнемдер едік. Әрі бұл шаңыраққа да ыңғайлы болады.

Үшіншіден, қаделерді мейлінше қаралы шаңырақтың өзінде өткізуге маңыз берсек. Рас, көпқабатты, тарлау үйлерде тұратындарға мейрамхана жалдауға болады. Десе де, мұндай жағдайда ысырапшылдыққа жол бермейтіндей дастарқан жаюды қолға алғанымыз абзалырақ. Мысалы, ет, бауырсақ, мейіз. Ал балықтың түрлері, салаттар, жеміс-жидектер сынды тағам түрлері жаназа дастарқаны мәзірінен алынып тасталса. Яғни жалпы халыққа ыңғайлы болатын жаназаның ортақ дастарқан мәзірін бекітсек. Жобамен алғанда, мәзірдің үлгісін бауырсақ, сары май, қант, халва немесе жент, өрік немесе мейіз, конфет, печеньеден тұрады деп алып қарастырсақ, қарапайым дастарқан қара жамылып отырған үйді соңғы қаражатына дейін садақаға жұмсауына алып келмес еді.

Төртіншіден, еліктеушілік, сырттан келген әдет-ғұрыптардың соңғы кездері қазақтың тұрмыс-тіршілігіне еніп бара жатқаны да жасырын нәрсе емес. Бір ғана мысал – марқұмды жерлеу рәсімін өткерер алдында дауыс зорайтқышпен митингтер өткізу, осы шара кезінде табыттың алдынан гүл шоқтарын, оған қоса марқұмның суретін қоса алып жүру сияқты ұлтымызға, дінімізге, ділімізге жат әдеттер бар. Асылында, мұндай астамшылық әрекеттер марқұмның әруағына да қиындық туғызады. Сондықтан осындай керексіз әдеттерден арылып, қарапайымдылыққа жақындай түссек деген ұсынысымыз бар.

Бесіншіден, жаназа, садақа сынды рәсімдерін атқаруды Бас мүфтидің бұйрығы бар штаттағы имамдарға жүктесек. Ал халық арасында молда атанып кеткен кісілерді тұрғылықты мекенжайы бойынша орналасқан мешіттерде тіркеудің берері зор болар еді. Айталық, жергілікті жердің бас имамы ұсыныс беріп, молдаларға құжат берілер болса, діни жоралғы, рәсімдерді орындау кезінде бірізділікке жол ашылар еді.

 

Қайролла КӨШҚАЛИЕВ,

Атырау облысы дін істері

басқармасының басшысы:

 

Рәсімдерді атқаруда заңдылық сақталуы тиіс

Бас имам Батыржан Берденұлының «Халық арасында жүргізілетін діни рәсімдерді рұқсаты бар имам-молдалар атқарса» деген ұсынысын өз басым толық қолдаймын. Себебі мемлекетіміз жүргізіп отырған дін саясатына байланысты қолданыстағы заңнамаларға сәйкес, кез келген діни рәсім заңмен бекітілген орындарда ғана жүзеге асырылуы тиіс. Әрі кез келген діни рәсім орындалар кезінде заңдылықты сақтаудың да маңызы зор. Айталық, жаназа, жерлеу рәсімдерін мүфтияттан арнайы рұқсат қағазы жоқ молда атқарып, шариғатымызға томпақтау келетін уағыздарды насихаттайтын болса, ол адам заң алдында жауапқа тартылады. Мұндай рұқсат құжатын енгізу жүйесі, ең алдымен, діни алауыздықтың алдын алу үшін керек. Әрі жаназа мәселесіндегі көптеген дүниені біріздендіру үшін де осындай жүйені нақты іске қосқанымыз абзал.

 

Серік МҰХАМБЕТОВ,

Атырау облысы Ардагерлер кеңесі

төрағасының орынбасары:

 

Мәселе біздің психологиямызда

 

Расында да, тоқшылық, молшылық халқымызды астамшылыққа, дарақылыққа салынуға алып келе жатыр. Соңғы кездері садақа мен тойдың дастарқанын ажырата алмайтын деңгейге жеттік. Той да, садақа да мейрамханада өтеді. Осылайша, қуанышты да, қайғыны да аста-төк тағаммен атқарып жатқан жайымыз бар. Осы ретте дін қызметкерлерінің садақа рәсімдеріндегі ысырапшылдықтан арылу мәселесін көтеруін, өз басым, өте орынды деп санаймын. Ендігі жерде бізге осы мәселелерді халық арасында кеңінен насихаттау жағы кемшін түспеуі керек. Айталық, марқұмның үш, жеті және қырық күндік қаделерін біріктіру туралы ұсыныс – ойлап қараған адамға көңілге өте қонымды нәрсе. Бірақ осы ұсынысты қоғам қаншалықты дұрыс түсінеді? Қаншалықты қабылдайды? Жаназа кезінде дастарқан мәзірін қарапайым етіп жаюға халқымыздың санасы дайын ба? «Ұят болады», «көршілер күледі» деген сияқты етектен тартатын психологияны жеңе аламыз ба? Мәселе осында. Сондықтан мұндай дүниелерді насихаттауға дін қызметкерлерімен бірге қоғамның белді мүшелері де атсалысуы тиіс деп ойлаймын.

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА, 

меншікті тілші,

Атырау қаласы

 

Асылында, орынсыз ысырап шариғатымызда әу бастан құпталмайтын іс. Оның үстіне, ысырапшылдық – Хақ тағала қаламайтын іс. Демек, Құран Кәрім мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) асыл сүннетінде ысыраптан тыятын көптеген ұстанымдарының болуы да тегіннен-тегін емес. Мәселен, тұтас мұсылман қауымның конституциясы болып табылатын Құранда «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан Раббысына тым күпірлік етуші» деп, ысырап нәтижесінің неге апаратынын еске салып жирендіреді. Ендеше, бұл ұстанымдар мұсылман қауымына ғана емес, күллі адамзат үшін маңызды фактор болуы тиіс.

Садақа рәсімі кезінде жайылатын дастарқанға ұсынылған ас мәзірі:

  • бауырсақ,
  • қаймақ,
  • қант,
  • халва,
  • өрік-мейіз,
  • конфет,
  • печенье,
  • ыстық тағамнан ет немесе күріш.

 

Садақа кезінде «жыртыс тарату» атты жазылмаған заңдылық та бар. Рас, бұрынғы замандары жыртыстың былайғы жұртқа белгілі бір дәрежеде қажеттілігі болған болуы да мүмкін. Себебі дүкен сөрелері бос тұрып, жоқшылық болған о заманда жыртыстың матасын аналарымыз киім-кешек тігуге, тұрмыстық қажеттілікке пайдаланатын. Қазір мұндай қажеттілік жоқ. Себебі халық өз керегін дүкеннен сатып алады. Қарапайым логикаға салып ойлансақ, садақа кезінде кемінде жүз адамға жыртыс таратылады екен. Ең арзан деген матаның метрін орташа бағамен 300 теңге деп алатын болсақ, осы бір жыртысты үлестіру үшін онсыз да қайғыға батып отырған шаңырақ кемінде 100 мың теңгеге жуық қаражатты артығынан жұмсауға мәжбүр.

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close