Жаңалықтар

«Жусан» операциясымен оралғандар АТТ құрамында

 Жыл басында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан «Жусан» операциясы  арқылы Сириядағы  соғыс аймағынан 47 қазақстандық елге жеткізілді.Жат жерде елге жете алмай отырған қандастарымыз әлі де бар. Осы мәселеге орай Атырау облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Шапағат» деструктивті діни ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығының «Дина» сауда орталығындағы оңалту бөлімінде атыраулық ата-аналармен кездесу өтті.

Діни теріс ағым қатарында адасып, Сирия асып кеткен ұл-қыздарын елге әкеле алмай, әлек болып жүрген ата-аналармен жүздесуге Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қ.Көшқалиев, Атырау облысы дін істері басқармасының Ақпараттық талдау орталығының басшысы М.Құбышев, «Шапағат» ҚҚ директоры М.Тұрлыбеков және орталықтың теолог, психолог мамандары, қақтығыс аймағынан елге оралған отбасылар, жазасын өтеп жатқан сотталушылардың ата-аналары қатысты.

Қайролла Дүйсешұлы  ата-аналарға Алладан сабыр тілеп, қатысушыларға  кездесудің мақсатын түсіндіріп, жиналғандарға қақтығыс аймағынан оралған М.Тәженова мен А.Тергеусізованы таныстырып, олардың қандай қиындықпен елге қайтарылғандығы турасында сөз қозғады.

-Бұл – гуманитарлық маңызды іс-шара. Әскери іс-қимылдар, үлкен қақтығыстар орын алып отырған аймақтан  азаматтарымызды елге қайтару–   аса қауіпті де жауапты жұмыс,- деді Қайролла Дүйсешұлы.– Елбасының  тапсырмасын еліміздің тиісті органдары жоғары дәрежеде ұйымдастыра білді. Ең бастысы, қақтығыс аймағынан, әсіресе,  әйелдер мен балалардың қайтарылуы – үлкен сауапты іс. Себебі олар көп жағдайда амалдың жоқтығынан, өз таңдауынсыз, өз еріктерінен тыс қиын жағдайларға душар болды. Сол себепті біз қазіргі таңда М.Тәженованы «Шапағат» орталығына жұмысқа орналастырып, АТТ құрамына енгіздік.

Басшы өз сөзінде  қазақ жастарының діни теріс ағымға қалай тартылып жатқанын, өз еркінсіз құзырлы органның күшімен шетелден қайтарылып, «терроризм, экстремизм» бабымен сотталған азаматтардың қылмыстары мен қателіктерін баяндап өтті. «Қазіргі таңда бұл адасқан азаматтар тәубесіне келіп, теолог мамандардың дәрісін алып, тұрақты түрде жеке оңалту кездесулеріне қатысып жүр»,  – деді Қ.Көшқалиев.

Қақтығыс аймағынан оралған  үш баланың анасы М.Таженова Сирияға жұмақты аңсаймын деп барып, тағдыры тозаққа айналғанын айтты. «Туған жерге аман жеткенімізге қуаныштымыз», – деді ол.  Сирияда  5 жыл бойы басынан өткен қиындықпен бөлісіп, елге қалай оралғанын әңгімелеп, енді әкесіз қалған үш баласын асырап, оларға дұрыс тәрбие мен білім бергісі келетінін қуана жеткізді. «Ең бастысы, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатырған көмекті қуана қабылдаймын,болашаққа үлкен сеніммен қараймын және қыз-келіншектердің  алданбауына өз үлесімді қосқым келеді», – деді ол.

«Жусан» операциясы арқылы елге оралған А.Тергеусізова – 2013 жылдың наурыз айында Сирияға жұбайының артынан еріп кеткен жерлесіміз. Екі баланың анасы бүгінде Атырау облысы дін істері басқармасының қолдауымен балаларын емдетіп жатқанын айтты.

«Сирияда әйелдер тұтас жамылып жүруі керек. Бетің ашық болса таяқпен соғады, сол себепті ниқаб кидім. Елден Аллаһ үшін кетіп барамын деген ойда болдым. Қандай қиындық көрсем де, өзімді іштей жігерлендіріп отырдым. Жұбайым қайтыс болған соң елге қайтуға ниеттендім. Елге қайтамын деген ойды  адамдар бір-бірінен жасырады. Қашуға ниеттенгеніңді білсе, түрмеге отырғызады немесе өлім жазасына кеседі. Себебі ол жақтан кеткен адам кәпір саналады», – деді А.Тергеусізова.

А.Тергеусізова Елбасының ұстанған саясатына үлкен ризашылығын білдіріп, жерлес аға буын өкілдеріне  алғысын айтты. Жуырда ол облыстық ақпараттық-түсіндіру тобына мүшелікке алынды. Енді ол өзі сияқты адасқан қыз-келіншектерге дұрыс жолды көрсету үшін еңбектенетін болады.

Кездесу соңында  ата-аналардың атынансөз алған ақсақал көзіне жас алып, еліміздің тыныштығы үшін жұмыстанып жатқан  азаматтарға батасын беріп, алғыс айтты.

Өз тілшіміз

«Дүрбі» №1, 14 наурыз, 2019

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close