Жаңалықтар

Насихат жұмыстары нәтижелі

Облыс әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыстар жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Оны ашып, жүргізіп отырған кеңес төрағасы және облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов өңіріміздің қалалары мен аудандарының әкімдіктері отырысқа селектор режимінде қатысып отырғанын айтты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Мұнайлы ауданы әкімінің орынбасары Берік Біләлов ауданның діни ахуалы, ғибадат орындарының құрылысы және дін мәселелері бойынша аудандық ақпараттық-насихат тобының жұмыстары туралы баяндап, діни ахуалдың тұрақты екендігін жеткізді.

Кеңестің күн тәртібіндегі екінші мәселе Маңғыстау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты түзету мекемелеріндегі діни тақырыпта өткізілген іс-шараларға арналды. Жыл басында барлық мекемеде Маңғыстау облыстық дін істері басқармасымен арнайы бірлесіп бекітілген жоспарға сәйкес имамдар, шіркеу қызметкерлері және теолог мамандар жүйелі түрде мекемелерге келіп, жұмыстар жүргізуде. Нақты айтар болсақ, ағымдағы жылдың 7 айы ішінде мекемелерге 96 рет (мешіт – 92, шіркеу – 4) діни бірлестіктер өкілдері келіп, сотталғандармен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ал Маңғыстау облысы дін істері басқармасының теолог мамандары 88 рет келіп жеке кездесулер өткізді.

Кеңесте қаралған үшінші мәселе бойынша дін істері басқармасының «Дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау ортылығы» КММ басшысының орынбасары Бақтыгүл Шопанованың «Деструктивтік діни ағым мүшелеріне қарсы бағытта жүргізілген жұмыстар және оның алдын алу шаралары туралы» баяндамасы тыңдалды.

Баяндамашының айтуынша, бүгінгі таңда Маңғыстау облысының аумағында, жалпылай алғанда,  діни ахуал тұрақты. Облыс тұрғындарының діни сауаттылығын арттыру мақсатында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуда облыстық ақпараттық- түсіндіру  тобы (АТТ) жұмыстануда.

Дін істері басқармасының дін мәселелері жөніндегі орталықтың сенім телефонына 40 адамнан қоңырау келіп түскен. Олар өздерін мазалаған сұрақтарын қойып, орталықтың мамандарынан қанағаттанарлық жауаптар алған. Көбінесе қойылатын сұрақтары ислам тұрғысынан. Атап айтсақ, намазға, оразаға қатысты, жақындарын жат ағымнан қалай сақтандыру керектігін, теолог мамандардың теріс бағытта жүрген туыстарымен жеке кездесіп, бағытын анықтап беруін сұраған.

– Биылғы маусым, шілде айларында дін істері басқармасының ұйымдастыруымен АТТ мүшелерінің біліктілігін арттыру мақсатында мұнай, денсаулық сақтау мекемелері қызметкерлеріне және дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының исламтанушы мамандарына семинар-тренингтер ұйымдастырылды, – деді Б. Шопанова. – Қазіргі таңда діни сеніміне сәйкес екпеден бас тартушылардың да саны мазалайды. 2018 жылдың басында олардың саны 420 болса, Маңғыстау облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаменті жүргізген бірлескен жұмыстардың нәтижесінде І жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 107 адамға азайып, олардың саны 313 (26%) болып отыр. Құрылған мобильді топтың жұмысы барысында екпеден бас тартқандармен тікелей жұмыс жүргізуде ДДА өкілдерін жаңадан анықтау жұмыстары кезінде мекенжайлары дұрыс емес болуы, теолог мамандарға есік ашпау, сұхбаттан бас тарту сияқты проблемалар болған. Бұл бағытта Маңғыстау облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментімен бірге жұмысты жалғастыру қажет.

М. Сқақов отырыста қаралған мәселелер бойынша тиісті тапсырмалар берді. Атап айтқанда, қалалар мен аудандар әкімдіктеріне өз аумақтарында діни  ағымдардың алдын алу және жолын кесу бойынша жұмыстарды күшейтіп, діни ахуалды қатаң бақылауға алу, жаңа оқу жылы қарсаңында білім беру ұйымдарында оқушылардың мектеп формасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында оқушылармен түсіндіру жұмыстары және аталған мәселені мектептегі ата-аналар комитетінің отырысында қарастыру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу; медициналық екпені қабылдаудан бас тартудың алдын алу үшін тұрғындар арасында тиісті түсіндірме жұмыстарын тұрақты жүргізуді жалғастыру және насихат жұмыстарын күшейту тапсырылды.

  Бәтима АБДУЛЛА,

Ақтау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close