Жаңалықтар

Атырауда кино түсірілуде

Атырауда «Ақ пен қара» көркем фильмінің түсірілімі басталды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, фильмді атыраулық жас режиссер Сымбат Бақытбекқызы өз қаражатына түсіруде.

«Фильмнің алғашқы түсірілімін Атыраудағы Нұрсая ықшамауданында күні кеше ғана пайдалануға берілген №40 мектептен бастадық. Фильм ағасы туралы шығарма жазып шыққан Мариям есімді оқушы қыздың әңгімесінен басталады. Мариям киноның бас кейіпкері Михаилдың қарындасы. Әрі қарай оқиға шытырман жағдайлармен жалғасады. Қазақстандық полиция, жалпы, қазақстандық күштік құрылымдардың жұмыс барысындағы қиындықтары баяндалатын фильмде сатқындық та, достық та, махаббат та бар» дейді фильм режиссері, әрі продюсері Сымбат Бақытбекқызы.

Қазіргі уақытта фильмге арнап «Қазақ офицерлері» атты саундтрек жазылуда. «Әннің сөзін Шөмішбай Сариев ағамыздың өзі бізге арнап жазып берді. Әнін Сейфуллин Жолбарыс жазады. Саундтректі белгілі әнші Жұбаныш Жексенұлы орындайды. Негізгі және қосалқы рольдердегі актерларды есептегенде, фильмге шамамен 35 адам қатысады. Біздің ұйымдастыру жұмыстарымызға қолдау білдіріп жатқан Атырау облыстық ішкі саясат басқармасы басшысы Жасұлан Бисембиевке, Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиевке, №40 орта мектеп басшылығына және «Атырау» газетіне ерекше алғысымды білдіремін» дейді фильм режиссері, әрі продюсері  Сымбат Бақытбекқызы.

Түсірілім негізінен Атырау және Алматы қалаларында өтеді. Түсірілім және монтаж жұмыстары желтоқсан айында толықтай аяқталады деп күтілуде. Жоспарға сай, киноның ресми тұсаукесері атыраулық көрермен үшін қаңтар айында өтеді. «Алдағы уақытта туындыны орыс және қырғыз тілдеріне аударып, прокатқа беру де жоспарда бар» дейді фильм режиссері, продюсер Сымбат Бақытбекқызы.

 Баян ЖАНҰЗАҚОВА

 

Сіз не дейсіз?

Ілияс БЕКБОЛАТҰЛЫ, Нұрмұхан Жантөрин атындағы филармония әртісі, «Ақ пен қара» фильмінің актеры:

Атырауда қазақстандық полиция туралы фильм түсірілгелі жатқаны жөнінде шілде айында естіп білдім. Жергілікті ақпарат құралдарында жарық көрген ақпараттан соң кастингке қатысуға бел будым. Себебі, киноға түсу бала күнімнен бергі арманым еді.

Фильмде мен жағымсыз кейіпкердің ролін сомдаймын. Күнделікті дайындық арқасында өз міндетімді толығымен орындап шығамын деп сенемін. Маған киноның сценарийі қатты ұнады.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close