Жаңалықтар

АҚШ-та сотталған Диас Қадырбаев түрмеден босады

Бостондағы теракт ісі бойынша айыпты деп танылып, сотталған қазақстандық Диас Қадырбаев АҚШ түрмесіндегі жазасын өтеп болды. Енді Құрама Штаттар билігі оны Қазақстанға қайтарады. Бұл туралы The Boston Globe хабарлайды. Қазір АҚШ-тағы Түрмелердің федералды бюросы 24 жастағы отандасымызды иммиграциялы-кедендік қызмет қарамағына тапсырған.

Қазақстандық студенттер Азамат Тажаяқов пен Диас Қадырбаев 2015 жылдың маусым айында сотталып, 3,5 және 6 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Қос бірдей отандасымыз Бостондағы теракті ісін тергеуге кедергі келтіргені үшін түрмеге жабылды.

Айта кетейік, 2013 жылдың 15 сәуірінде халықаралық марафон кезінде Бостонда екі жарылыс болды. 3 адам қаза болып, 200-ге жуығы жараланды. Терактіні ұйымдастырды деген күдікпен Тамерлан және Джохар Царнаевтардың үстінен іс қозғалды. Джохар 20 сәуір күні қолға түсті, ал Тамерлан 19 сәуір күні полициямен атыс кезінде көз жұмды.

2015 жылы Бостон соты Джохар Царнаевты өлім жазасына кесу туралы шешім шығарды. Тамыз айында адвокаттар апелляциялық шағым түсірді. Бүгінгі таңда Царнаев Колорадо штатында, қатаң режімдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.

АҚШ билігінің мәліметіне сүйенсек, Тажаяқов пен Қадырбаев Джохар Царнаевпен таныс болған. Олар атыстан кейін үш күн өткен соң, пиротехника мен ноутбук салынған сөмкенің көзін жойған. Бұл терактіні тергеу ісінде үлкен қиындық туғызған.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close