ЖаңалықтарЭксклюзив

Атырауда ҚР Әнұранын мойындамаған азаматтарға айыппұл салынды (ВИДЕО)

Ағымдағы жылдың 28 қыркүйегі күні Атырау қаласындағы «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының ұйымдастыруымен діни бірлестіктер арасында кіші аяқ добынан ашық турнир өткен болатын.

Жарыс барысында ҚР Гимні орындалған сәтте оң қолын жүрек тұсына қоймай, яғни мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетпеген еліміздің екі азаматы ҚР ӘҚБтК-нің 458-бабы 1-бөлімімен кінәлі деп танылды. Турнирден түсірілген бейне таспаның бұдан бұрын сайтымызға жарияланғанын естеріңізге сала кетейік.

Заң бұзған екі азаматқа әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды. Мемлекеттік Гимнді мойындамаған оларға заңмен белгіленген айыппұл салынды.

Осы оқиғаға байланысты Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев Атырау облысы ішкі саясат басқармасы мен Атырау қаласы Полиция басқармасына тиісті шара алуды сұрап, хат жолдаған болатын.

Енді айыппұл салынған екі азаматпен ҚР мемлекеттік рәміздер туралы заңы аясында Атыраудағы бірнеше басқармалар тарапынан түсіндірме жұмыстары мен профилактикалық кездесулер жүретін болады.

ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы Заңы 2011 жылы 11 қазанда (№483-IV) қабылданды.

 

Заң қалай жұмыс істеуде?

Бұл туралы біз Атырау облыстық дін істері басқармасы басшысы Қайролла Көшқалиевке жолықтық.

«ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы  Заңының 490, 453-баптары салафизмге тосқауыл болатын заңдар. Бірақ бұл заңдар басқа аймақтарда толыққандыжұмыс істемей жатқаны шындық. Біз бұл заңдарды 2015 жылы іске қостық. Заң бұзған тұлғаларға айыппұл салып,тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз. Бүгінде өзге облыстардағы әріптестеріміз бізге хабарласып, тәжірибемізді қолдануда. Бұл екі баб деструктивтік бағыттағы діни материалдарды әзірлеу,сақтау, тарату, жеткізу және пайдалануға  тиым салады. Өткен 8 айда Атырауда деструктивтік материалдарды  таратуды анықтау мақсатында  4000 астам аккаунтқа мониторинг жүргізілді.Соның 109-ы діни сараптамаға жіберіліп, нәтижесінде 44 тұрғынның әрқайсысына 50 000-150 000 теңге аралығында айыппұл салынды,- дейді басшы.

Міне, Қайролла Дүйсешұлы айтқандай республика бойынша бар заңның толыққанды іске қосылмай жатқаны өте өкінішті. Бұл айналып келгенде деструктивтік діни теріс ағымдар мүшелерінің ойларына келгенін жасауына, нәтижесінде елімізде діни теріс ағымдардың емін-еркін таралуына зор ықпал етіп отырғаны шындық. Бұл еліміздегі облыстық дін істері басқармасы басшыларының өз жұмыстарына салғырт қарап, қолдарына ұстап отырған заңды пайдаланбай отырғанын көрсетіп отыр. Ел ішін ала тайдай бүлдіріп, туған- туыстар арасындағы жарасымды қарым-қатынасқа сызат түсіріп, ұлттық құндылықтарымызды тәрк етіп жүрген діни адасушылықтың алдын алу үшін  жаңа заңдар қабылдау керектігі – уақыт талабы. Деструктивті діни ағымдарға Қазақстанда тиым салу туралы Заңның ауадай қажеттігін халық жақсы түсініп отыр. Алайда атылмыш діни ағымдарға тосқауыл болатын бұрын қабылданған Заңдар  көп жерлерде жабылған күйде жатыр. Егер қолымызға ұстап отырған«ҚР Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы  Заңының аталмыш баптарын республика бойынша жаппай қолданысқа енгізгенде мүмкін қоғамда қалыптасып отырған бүгінгі жағдай азаяр ма еді?!

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі»

Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы заңнамасы

458-бап.

 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін пайдалану және орындау тәртiбiн бұзу

1.Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын және олардың бейнелерін заңсыз пайдалану, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнін Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұза отырып пайдалану және орындау –  елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

  1. Мемлекеттiк рәміздерді пайдалану мiндеттi болып табылатын жағдайларда оларды пайдаланбау – лауазымды адамдарға елу айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.
  2. Осы баптың бірінші және екінші бөліктерінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған іс-әрекеттер  бір жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close