Жаңалықтар

Елімізде екі мыңдай аккаунттан діни экстремизмді, өзге ағымдарды насихаттайтын элементтер анықталған

Бұл жайлы Астанада екі күнге жалғасатын өңірлердегі-ақпараттық түсіндіру топтарына арналған «Халықтың дінтану сауаттылығын арттыру мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысының тиімділігі» тақырыбындағы республикалық семинарда айтылды, деп хабарлайды baq.kz порталы.

Қазақстан Республикасы Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті 8-9 қараша күндері еліміздегі дін мәселелеріне арналған семинар өткізіп жатыр.

«Екі күн ішінде жалпы дін саласына қатысты орын алған процестер жайында сарапшылар пікір білдіріп, қазіргі таңда Қазақстандағы дін саласында қандай жағдайлар орын алып жатқандығы турасында айтылады. Сонымен қатар, ел ішіндегі мемлекеттік-конфессиялық қатынастар, дін мен зайырлылық арақатынасының әлеуметтік-мәдени контекстіндегі сипаты, және де діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік органдар қандай жұмыс жүргізіп жатқандығы айтылады» – дейді ұйымдастырушылар.

Семинар барысында Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары Балғабек Мырзаев, қазақстандық жетекші университеттердің профессорлары мен доценттері, сондай-ақ, дін және конфессияаралық қатынастар саласындағы сарапшылар баяндама жасайды.

«Біз жыл сайын әлеуметтік желі қолданушылар арасында 10 мыңға жуық аккаунтқа арнайы сараптама жасап отырамыз. Биыл 6000 аккаунтқа арнайы бақылау жүргіздік. Солардың ішінде 2000-нан астамы діни экстремизмді насихаттаушы, өзге ағымдарды насихаттайтын элементтері бар аккаунттар болып шықты. Біз оларға ескерту жасадық» – дейді Балғабек Мырзаев.

Сонымен қатар ол жат ағымдардың жетегінде кетушілердің не себепті осы бағытқа кететінін, оның жолдары қандай екенін айтып берді.

«Себебі де, жолы да көп. Мысалы, бір жолы бір жігіттің анасы ауырып жатқан. Оған ота жасау үшін көп ақша керек. Ал жаңағы жігіт ақша сұраған адам, «жұмыс істеп өтерсің» деп керек соманы береді. Сондағы ұсынып отырған жұмысы – қолданылған сотка сату. «Сен осы соткаларды сатқан кезде алушыға, «ішіне бір жақсы уағыз енгізіп қойдым, қаласаңыз тыңдай жүрерсіз» деген бір ауыз сөзді жанашырлықпен айтсаң болды» дейді. Жаңағы жігіт дәл солай жасайды. Міне, адамның бойындағы мұқтаждықты өзгелер қалай пайдаланады» – дейді Қоғамдық келісім комитеті төрағасының орынбасары.

Ержан Жаубай

baq.kz

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close