Басты тақырыпКөкейкесті

Рушылдық қоғамдық дертке айналып барады

Durbi.kz. Рушылдық деген не, руластық деген не? Қазіргі  қоғамда кейде астыртын, кейде ашық түрде бет алып бара жатқан осы руға қатысты пікірлер мен даулар көбейіп барады. Бірақ  мұндай пікірлердің соңында кімдер тұр? Онсызда ат төбеліндей қазақтың екіге жарылғаны кімдер үшін ұтымды? Бұл сауалдар бүгінде қарапайым халық арасында алаңдаушылық тудырып отыр. Рас, бүгінгі күні киіміне, көлігіне өз руларын жазып алып жүргендер бар. Мұны жай ғана мақтаныш деп қабылдауға да болады.  Дегенмен бұл ел-жұрт арасында  әртүрлі  пікір  тудырып отыр.  Осы сауалдар төңірегінде біз «Дүрбі»  газетінің тапсырмасы бойынша  әл-Фараби атындағы  Қазақ ұлттық университетінің философия факультетінің аға оқытушысы, философ Әбдірашит Бәкірұлымен сұхбаттасқан едік.

Әбдірашит Бәкірұлы

 – Руластық пен рушылдықты қалай түсінеміз? Бүгінгі қазақ қоғамында біртіндеп руға бөліну белең алып бара ма деп қаласың?

Ғасырлар бойы қазақты біріктірудің ең басты құралы, оның мемлекетін  сақтаудың іргесі болған, ұлттың гендік (тектік) қорының сақшысы рулық жүйе қазақ  ұлтының алдында өзінің тарихи миссиясын аяқтаған секілді. Бұл өте өкінішті жағдай! Шынында, қазіргідей  өзара іштей ру-руға, жүзге бөлініп тартысқан рушылдыққа көз жұма қарайтын болсақ, мұның арты қазақ елінің тұтастығына қауіп төндіретін, ұлтты іштен ыдырататын кеселге айнала бастайды. Күннен-күнге өршіп бара жатқан рушылдық ұлтымыздың бірлігі мен тұтастығына ғана емес, оның болашағына да қауіпті. (Әрине, мүдделі топтардың айтақтауымен). Бұрынғы рулық жүйе қазақ халқының қалқаны еді. Ал бүгінгі рушылдық  ұлттың жүрегіне қадалар қанжары болғалы тұрған сыңайлы… Біле білсек, рулық жүйесінің қазақтың болашағы үшін ұлан-ғайыр көмегі болды. Рулық жүйе өз заманында мынадай міндетті атқарып шықты: Бірінші, руын сұрастыра келе жеті және одан да арғы аталарын тарату арқылы қазақтың тарихи жадын, тектік қасиетін сақтап қалды. Екіншіден, руын сұрастыра келе   «қарға тамырлы қазақ» деген біртұтастық символды жасап шықты. «Қарға тамырлы қазақ» деген туыстық сезімнің өзі – көршілес рудың, одан қалды  жүздің, тіпті тұтас қазақ елінің жерін қорғау міндетінің ортақтығын ұқтырады. Тіпті, осындай біртұтастықтың арқасында – «Құдай қосқан қосағың да қарын бөле», «Төртеу түгел болса төбедегі келеді, алтау ала болса ауыздағы кетеді», «Жігіттің үш жұрты бар: бірінші жұртың өз жұртың, екінші жұртың нағашы жұртың, үшінші жұртың қайын жұртың» деген сияқты туыстық қатынасқа негіз болды. Үшіншіден, байтақ елді мекеніміз рулық иеліктерге, одан әрі жүздік бөлікке бөлініп, жерді қорғау жауапкершілігі сол аймақтағы тұрақты руларға жүктелді. Қазақтың атамекенге деген ыстық ықыласы осындай салмағы ауыр жауапкершілікті сезіну арқылы қалыптасты. Сондықтан да  қазақтың ел мен жерді жақсы көруі  жалаң сезім емес, салмақты сезім! Төртінші, рулар өздеріне тиесілі жерде шаруашылық үрдіс қалыптастырды.  Бесінші, өз руынан  7-12 атаға дейін созылатын үрдіс бойынша қыз алмай, қыздарын өзге руға атастыру арқылы халықтың біртұтастығының рухани бастауы – тілін, мәдениетін, салтын біртекті етті. Алтыншы, жүздер ішіндегі ірі рулар мен шағын рулардың арасалмағын ажырату арқылы   «аға-іні», «үлкенді – сыйлау, жол беру», «үлкен тұрып кіші сөйлегеннен без»  секілді адамдағы асыл қасиеттің қайнар бастауын ашты.  Жетінші, рулар конфедерациясы болып табылатын жүздердің арасындағы ынтымаққа аса назар аударылды. Мұның өзіне лайық теңеуі де болды. «Ұлы жүз байлық кенішім, Орта жүз – ақыл кенішім, Кіші жүз – жүзі қайтпас қылышым» деген аталарымыз үш жүзді де аспандата дәріптеген.  Сегізінші, қазақтың біріккен руларының бәріне ортақ – ер, батыр, жігіт, ақсақал, ана, бауыр, қарындас сияқты туыстық, сыйластық ұғымды қалыптастырды. Тоғызыншы, жетімін жылатпауға, жесірін жат қолына бермеуге көңіл бөлді. Жетімі мен жесірін қорғай алмау, бұзақысына тыйым сала алмау – бүкіл рудың бетіне түскен шіркеу болды. Бұл көріністер ұлттың намысына тиетін жайт болып саналды. Қазақта әрбір рубасылары не ақсақалдары өзінің тентегін тәртіпке салып отыратын жүйелер болған. Бұрынғы ата-бабалар тәртібінде түрме деген атымен болған емес. Тентегін салт-дәстүр бойынша жазалады. Осы рулық жүйе болмағанда, «қазіргі қазақты «қазақпын» дегізіп отырған қатынастардың, ерекшеліктің бірі де болмас па еді» деп ойланасың.  …Мүмкін, қыздарын аталас бауырына беретін көршілес түркілік жұрттың үлгісін алар ма едік, кім білсін! Әлде, келіні немесе  енесімен ашына болуды сорақы санамайтын орекеңңдерге ұқсап кетер ме едік? Сондықтан  қазіргі қандастарым «руластық құрысын!» деместен бұрын дұрыстап ойланып алса жөн болар еді. Ру емес, рушылдық – астамшылдыққа апаратын жағдай болып тұр.

–Тарқатып айтсаңыз?

Ақиқатын айтқанда, бүгінгі қазақтың билік пен байлыққа жанталасып ұмтылып жүргені рас. Соның салдарынан  ұлт мүддесі жолда қалды.  Рушылдық деген ұғым жеке мүддені көздейтін құралға айналып бара жатыр. Мұны қоғамдық дерт деуге де болады. Маңайына өз руластарын топтап алып, «бір бармағы бүгілген» астыртын саясат жүргізуші олигархия немесе оларды қолпаштап отырған «рушыл билік» бұл мәселеде төреші бола алмайды. Байлық пен билік – өткінші дүние, ал халық – мәңгілік! Рушыл жүйе мен рушылдықтың арасы жер мен көктей. Рушылдықты өзінің көксеген мүддесі бар жерде қолданады да, ары қарай үстемдікке қол жеткізген ру өкілдері өзге руға қатысты шовинистік көзқарас туғызады. Сондықтан біз қазақы қалыптағы түсінікке жүгінуіміз керек.  Бұл – Алаш жұрты деген түсінік. Бұл ұғым рулық сананы жоймайды, керісінше барлық рудың түп тамырын, яғни тұтастығын көрсететін мағынаға ие. Біз онсыз да осы кезге дейін, яғни  кеңестік дәуірде қазақ және орыстілді қазақтар болып бөліндік, қалалық және далалық болып та бөліндік, ал қазір бай мен кедей, тіпті  бүгінгі діни ағымдар қазақты түр-түрге бөліп жатыр. Бұл қазаққа керек пе еді?! Ендеше, рушылдықтың түбі ыдыраушылыққа айналып кетерін білген кез келген қазақ өзін текті ұстауға ұмтылғаны дұрыс. Мысалы, арамызда әлдебір алаңғасар бір қазақтың: «найман- шайтан» деп айтудан бұрын тілін аямай тістеуі шарт! Ал тағы бір ақымақтардың «ҚТ», «ДТ» деп арсыз күлерден бұрын екі езуін тігіп тастағаны дұрыс болар дер едім. Сол үшін бүгінгі қазаққа айтарым – рулық туыстыққа қатысы бар жерде өзіңді бейәдеби сөздерден тый! Қазақтың кез келген руын қорлағаның – тұтас қазақты, өзіңді қорлап тұрғаның екенін біл! Бұл қазақтың елдік тұтастығының жалғыз шарты. Бұл  –  заман талабы. Бүгінгідей өркениеттің атын жамылып, еліміздің мол қазба байлығына бүкіл жер жүзі алпауыттары көз тігіп отырғанда, қазақ бір арнадан табылмайтын болса,  кім көрінгенге жем болары анық деп  айта аламын.

– Қазіргі қоғамның дамуы рулық  жүйенің дәстүрлі қызметіне сүйене алады деуге келе ме?

Жоқ. Себебі  қазіргі Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуы басқаша тарихи жағдайда және қалыптасқан ортада жүзеге асып отыр. Сондықтан  «рулар бірлестігі» принципі бойынша дамуы екіталай.  Біз бұл принципті әбден лайлап алдық.  Арада кеңестік идеологияның да кесірі тиді. Кейін келе рушылдық сезімді жасампаздыққа қарай бұрудың орнына, оны абыройсыз істерге бұрдық. Билікке таласқандардың қол шоқпарына айналуына ашықтан-ашық жол бердік. Мәселен, қазіргі жағдайда астыртын түрде жүріп жатқан «тым тәуелсіз рулық қауымдастықтар» насихаты бізді ұлт ретінде әлсіретіп, күш-қуатымызды күйретпесе, өрге сүйремейді! Екіншіден, ұлттық байлықты бөлу кезінде орын алған әділетсіздік жергілікті рулардың бойында баяғыдан табиғи түрде бұйығып жатқан ел мен жерді қорғау инстинктін» қайта оятып, бүгінге дейін біртұтас болып келген қазақ ұлтының арасында сепаратистік ниеттің алғашқы ұшқындарын туындата бастады. Бұл көріністер рулар арасында астыртын түрде қылаң беріп жүр. Рушылдық қашанда ұлттық мүддеге қарсы құрал. Мұндай рушылдықты  мемлекет қуатын арттыру, ұлттық бірлікті еселеу мақсаты көмескіленген кезде ғана ұлтқа қарсы кезену мүмкін болмақ. Мәселен, биліктегі тұлғаларда мемлекетшілдік рух неғұрлым төмен болған сайын, қоғамның басты құндылықтарының мәні де жойыла береді. Таразы басында мемлекет пен жеке мүдде тұрғанда жеке мүдденің салмағы басып кетеді. Себебі қалың көпшілікке «мемлекеттік мүдде» абстрактілі ұғым. Оның бар, жоғы адамға сезілмейді. Ал «жеке мүдде» көзге көрінетін, қолға ұстайтын, дәмін тататын нақты нәрсе. Алайда бұл жол трайбализм мен коррупцияны өршіту жолы болғандықтан, қоғамның үдемелі және тұрақты дамуы қамтамасыз етілмейді. Осы себепті уланған, дертке шалдыққан, сырқат рушылдықтың  көзге көрінбейтін зардабын осылай деп бағалау керек.

– Трайбализм  ұғымы бізге қайдан келді?

Кейінгі кезде рушылдықтың өршуіне байланысты «трайбализм» ұғымын қолдану сәнге айналды (ағылшын тіліндегі «трайбал» сөзі ру, тайпа деген мағынаны білдіреді). Бірақ сарапшылардың басым көпшілігі мұны  қазақтың бұрыннан келе жатқан жазылмас кеселі  деп біледі. Мысалы, трайбализмді рулық сепаратизм ретіндегі номадтық құбылыс деп білетіндер де бар. Яғни, көшпенділік құбылыс.  Қорыта келе, қазіргі қазақ ұлтының басын ауыртып отырған мәселе трайбализм емес. Қазақты мазалап отырған мәселе  мемлекеттің тәуелсіздігін тиянақты ету, қазақ елін «мәңгі елдер» қатарына қосу, әркімнің лауазым, атағына, руына қарамай Отан мүддесіне қызмет етуін қамтамасыз ету, халықтың тұрмысын көтеріп, іргелі елге айналдыру.  Бүгінде ру емес, рушылдық қоғамдық дертке айналып барады. Бұл ұлт болашағы үшін қауіпті жағдай…

– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан Шара ҚҰРБАНОВА,

Алматы қаласы

Durbi.kz.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close