Басты тақырыпЖаңалықтар

51 атыраулық Сириядан оралды

«Жусан» операциясы кезінде Сирия жерінен елімізге 51 атыраулық қайтарылды. Оның ішінде 26-сы балалар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Атырау облысы Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев мәлімдеді.

«Арнайы операция кезінде қайтарылған 51 адамның 21-і әйел азаматтар. Төртеуі ер адам. Қазіргі таңда төрт ер адам тергеу изоляторында отыр. Әйел азаматтар мен балалар Ақтау қаласында ашылған  оңалту орталығына орналастырылды. Аталмыш орталықта оларға теологиялық, психологиялық және құқықтық қызмет көрсетілуде. Ол азаматтармен кездесуге Атыраудың арнайы мамандары да бірнеше мәрте барып қайтты. Ақтау қаласындағы орталық «отты нүктеден» әкелінген азаматтардың қоғамға бейімделіп, әлеуметтенуі үшін көмек көрсететін болады. Ал, «Жусан» операциясына дейін Сирия жерін  үш атыраулық әйел мен он бір бала өз еркімен тастап шықты» деді спикер.

Спикердің айтуынша, қазіргі таңда елімізде, соның ішінде Атырау өңірінде контрақпараттық жұмыстар тиімді жүргізілуде. «Мәселен, жергілікті дін басқармасы, Ақпараттық талдау орталығы, «Шапағат» оңалту орталығы және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау өкілдігі арасындағы тығыз байланыс нәтижесінде, 35 адам жат ағымнан дәстүрлі діни бағытқа оралған. Бұл ағымдағы жылдың алты айы ғана бойынша мәлімет. Сонымен бірге, шет елдерде күмәнді оқу орындарында жүрген атыраулық үш студент елге қайтарылды» дейді Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев. Десе де, қазіргі таңда шетелдегі күмәнді оқу орындары мәселесі еліміз үшін өткір күйінде қалып келеді. Бүгінгі күні әлде де болса, 25 атыраулық студент шет мемлекеттердегі күмәнді марказдарда жүр.

«Жат ағымның жетегінде кету – білімсіздіктен туындап отырған мәселе. Сол себепті, негізгі жұмыс сапалы дін мамандарын даярлауға бағытталып отыр. Қазіргі уақытта атыраулық 44 студент арнайы жолдамамен білім алуда. Соның ішінде, 22 студент Алматы қаласындағы Нұр-Мүбарак университетінде, Ливандағы «аль-Джинан» университетінде 3 студент, Татарстанның Ислам институтында  2 студент, Түркияның «Хасеки» академиясында  2 студент, Башқұрт университетінде 1 магистрант оқып жатыр. Ал, еліміздегі медресе-колледждерде оқитын 14 студенттің білім алуына қаржы бөлінді.Кадрларды даярлауға арналған жобаның нәтижесінде жоғары білімді имамдардың көрсеткіші – 29,7%-ға, орта білімді имамдар саны – 27,5%-ға жетті» деп түйіндеді спикер сөзін.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Әлеуметтік желілерге мониторинг жұмысын күшейту мақсатында, «Kazdream Media» компаниясы әзірлеген «Интернет-карта» жобасы қолданысқа енгізілді. Аталған карта негізінде қауіпті діни мағлұматтарды автоматтандырылған түрде жинау және сараптау қарастырылған, осы арқылы псевдосалафизм идеологиясы таралуын бақылауға, қауіпті аккаунттарды анықтауға, деструктивті діни ағым ұстанушылары таратқан уағыздарды анықтап, жауапкершілікке тартуға мүмкіндік беріп отыр.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close