Басты тақырыпЖаңалықтар

«Сирияға барғаныма қатты өкінемін»

Самал Шалабаева Атырау қаласында дүниеге келген, 34 жаста (суретте). «Жусан» операциясымен елге оралған 150 әйелдің бірі. 

– Сирияда қаншама адамдар оққа ұшты. Қанша рет  қасымнан мыңдаған оқары-бері ұшса да ешбірі тимеді маған. Жақын жерге бомба түссе де жарақат алмадым. Көрер жарығымның болғанына, елге аман-есен оралғаным үшін Аллаға шүкіршілік айтамын. Алла менің оңбай қателескенімді елдегі адасқандарға түсіндірсін деген шығар, –дейді ол.

Самал Сирияда екі баласынан айырылды. Бауыр еті баласының қазасын көру анаға оңай емес. Әйтсе де,«елге оралған соң дүниеге келген сәбиім жан жарамды жазар»,дейді Самал.

 

«Дарын Мүбаровтың уағызын тыңдадық»

 2012 жылы намазды Ханафи мазхабымен бастаған Самалдан соң күйеуі де намазға жығылады. Уақыт өте келе күйеуімен бірге Дарын Мүбаровтың уағызын тыңдай бастайды. Одан ары Сайд Бурятский, Мухаммад Хасан, Эльмир Кулиев болып жалғасып кете береді.

«Ибн Касирдың  «История о Пророках», «Сподвижники мои как звезды» кітаптарын оқидым. Интернеттен Дарын Мүбаровпен қоса Мухаммад Хасан, Абу Умар Саситлинскийдің лекцияларын тыңдадым. Осы жолды дұрыс деп түсіндік. Елден кетпестен бұрын Атырауда бетіме маска киіп жүрдім. Сирияға барған соң тұтас қара жамылып, бетімді жаптым. Себебі ол жақта намаз оқымаған әйелдер де тұмшаланып жүреді», дейді Самал.

Самалдың күйеуі 2012 жылы Атырауда болған адам өлімімен аяқталған қылмысы үшін 23 жылға сотталады. Күйеуімен шариғат бойынша айырылысып, екі ұлымен қалған Самал Египетке оқуға бармақшы болып шетелдік құжат алады.

«2014 жылы бір дос әйел «Ислам мемлекеті кұрылды. Ол жақта бәрі шариғат бойынша болады әрі сол жақта оқимыз. Кетейік Сирияға деп айтып жүрді. Ойландым. Соғыс жері екенін білемін. Бірақ маған соғыс басқа жақта болып жатыр деп айтты», деді ол.

2014 жылы Самал 9 және 10 жастағы екі ұлымен, досы 3 баламен елден қашып шығып, Сирияға кетеді. Түркияға жеткен оларды сол жерде күтіп алған адам Сирияға өткізеді.

 

«Сирияда адамдардың басын кесіп, тірідей өртеді»

 «Біз барған қаланы сол күні-ақ бомбалады. Бұл мен үшін күтпеген жағдай еді, қатты өкіндім… Екі күннен соң бомба түсіп, бір ұлымнан айырылдым», дейді Самал. 2016 жылы қалайда елге кетуді ойлайды.

«Сирияда үш ұйықтасам түсіме кірмеген қатыгездік пен жауыздықты көріп, шошындым. ДАИШ-тың құрамынан шыққысы келген адамдарды атып тастап жатты. Көшеде адамдардың басын кесіп, іліп қойып, тірідей өртегенін көрдік. Адамдар өзін-өзі жарып жатты. Бізге шариғаттан сабақ өткізді. Олардың ақидасында көп қателіктер барын түсіндім. Бірақ кеш еді. 2015 жылы ДАИШ-тың құрамында соғысып жүрген адамға күйеуге шықтым. Одан үш ұл тудым. Күйеуім қайтыс болғанда төртінші балаға жүкті едім», дейді әңгімесін жалғастырған Самал.

2019 жылы ақпан айында қашып шыққан Самал күрдтердің лагеріне жетеді. Мамыр айында «Жусан» операциясымен елге оралған Самал төртінші баласын елге келген соң жеңілденді.

«ДАИШ-тан қашып шыққанымызда 7 күн бойы жолда, далада түнедік. Адам аштыққа да үйренеді екен. Бәрінен бұрын балаға тамақ тауып бере алмаған жаман екен… Сирияда біз әділетсіздікті, талай кінәсіз адамдардың өлімін өз көзімізбен  көрдік. Таза су жоқ, Ефрат өзенінен су іштік. Біз күрдтерге қашып шыққанымызда 15 жастағы ұлым артта қалып қойған еді. Бірақ келмеді. Бес күннен соң бомбаның астында қалып, қайтыс болғанын естідім».

Міне, «мұсылман елінде шариғатпен өмір сүреміз, ол жақта Қазақстаннан әлдеқайда тамаша өмір бар» деп өздерін өмірге әкелген ата-анасын, Отанын тастап жихадқа қашып кеткен жүздеген қазақтардың басынан кешкен сұмдықты Самал да көрді. Қателігінің өтеуі де оңай болған жоқ… Дарын Мүбаров сияқтылардың уағызына уланып, діни теріс ағымға еріп, ашық күнде адасқандардың ішінде есін елге келіп жинап, салафизм ағымының  шын исламнан алыс екенін түсінгендер қатарында Самал да бар.

 

«Қуаныштан көз жасымызды тия алмадық»

«Елбасы Н.Назарбаев бастап, бүгінгі Президентіміз Қ.Тоқаев қолдаған «Жусан» операциясы адасқан қазақтарды елге алдыртты. Президентке, осы операцияға  атсалысқан барлық министрлікке алғысым шексіз. Мен күрдтердің лагерінде 3 ай болдым. Ол жақтағы өмірді адамның басына бермесін. Бізді Сириядан әкетуге Қазақстаннан ұшақ келді дегенде қуаныштан көз жасымызды тия алмадық. «Шанс» орталығына, «Шапағат» деструктивті діни теріс ағымдардан жапа шеккендерге көмек» орталығына рақмет айтамын. Атырау облысы дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқаливке алғысымды айтып жеткізе алмаспын. Бүгінде Сириядан келген барлық әйелдер мен балаларды қоғамға тарту, оңалту бағытында атқарып жатқан жұмыстарының нәтижесін ел көріп отыр. Олар бізге сенді, енді біз де оларды жерге қаратпаймыз. Елге келген соң жеңілденген қызымды мешітке апарып, есімін Әсия деп қойдырттым. Балалар өскен соң, 1-2 жылда жұмысқа шығып, қоғамға пайдамды тигізем, деструктивті ағымдарға қарсы күресем деп ойлаймын», дейді Самал.

 

Біз сенімен біргеміз, Самал!

«Зайырлы Қазақстанда өмір сүру харам, сондықтан мұсылман мемлекетіне көшіп, сол жерде шариғат бойынша өмір сүру қажет» деп туған әке-шешесін, Отанын сатып, елден қашып кеткен қазақтардың Сирия мен Иракта мұсылманшылыққа мүлде қайшы неше түрлі  сұмдықты көріп оралғаны шындық. Мен кейбір журналистер сияқты сенсация үшін естігенімнің, шын мәнінде, Сирияда не болғанының бәрін мөлдіретіп жазғым келмейді. Себебі бұл – адам тағдыры. Адамның тағдырымен ойнау, жанды жерін шұқи беру адамшылыққа жат. Тіпті, кінәсіз балалар үшін  бәріне көз жұма қарап, бәрін ысырып тастап, адасқанын шын түсінген әйелдерге ана ретінде ғана қарай алсақ, бауырымызға тарта алсақ, қазақтың қанына сіңген адамдық қасиетін одан ары жарқырата түскеніміз емес пе?

Олардың намаз оқымағанымыз үшін «кәпір» деп бізден жиіркенгендері, анасының пісірген тамағын «харам» деп жүректерін жаралағандары шын адасқандық, нағыз мәңгүрттену еді. Олардың адасуына, діни теріс бағытқа түсіп кетуіне салафизм уағызшылары, араласқан адамдары, басқа да қосымша жағдай себеп болды. Қазақ «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» деген. Олардың кейбірі (өкінішке қарай, көп емес) бүгінде бармағын шын тістеп, қателескенін мойындап отыр.

Солардың бірі – Самал 2019 жылдың қазан айында маған өзі телефон шалып, танысқан. «Мен туралы мақала жазыңызшы, басымнан кешкен жағдайлар мүмкін адасып жүргендерге сабақ болар» деген. Университетті аяқтап, диплом алмай кетіп қалған Самалдың мамандығы психолог. Сириядан оралғанын, адасқанын түсінгенін, ол жақта ешқандай мұсылманшылықтың жоқтығын, алданғанын, өкінетінін айтады. Біз осы мақала жазылғанша 5 ай бойы хабарласып, сөйлесіп отырдық. Ол Сирияға кеткеніне, теріс діни ағымға ергеніне қатты ұялады және «мақаламды оқыған қоғам мені қалай қабылдайды?» деп қорқып отыр.

Мен оған: «Қорықпа, Самал! Сен Сириядан келіп, ажал мен азаптан құтылса да қателескендерін әлі де түсінбей отырған басқа әйелдерге үлгісің! Сен өмірге қайта келдім деп ойла. Барлық қайғыңды, өкінішіңді артқа таста да, басыңды көтер! Сен Сирияда босқын ретінде қалған жоқсың, сен Қазақстан Республикасының азаматысың. Сен азатсың! Сен Сириядағы қорқынышты өмірден ғана азат болған жоқсың, сен салафизм деген зұлматтан да құтылдың! Біз сенімен біргеміз!» дегім келеді.

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі»

Tags

Осы айдарда

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close