Жаңалықтар

«Заң бұзғыштығымен» атағы шыққан салафит карантин тәртібін сақтамай тағы көзге түсті

Соңғы уақытта деструктивті діни ағым мүшелері, яғни салафизмді ұстанушылар тарапынан түрлі заңбұзушылықтар, атап айтқанда есірткі қолдану, өндіру мен сақтау, ұрлық, зорлық- зомбылық, қарақшылық, әйел зорлау, бопсалау, адам ұрлау,  адамдарға қоқан-лоқы жасау әдетке айналып отыр. Өздерін діндар санап, алайда дінге күйе жағатын өрескел әрекеттермен айналысып жүрген салафиттер бүгінде қоғам тарапынан қатты наразылықтарға ұшырауда. Солардың бірі, құқық қорғау органдарының мәліметінше ваххабизм ағымының мүшесі, Ақсай қаласының тұрғыны М.Ж. бірнеше рет заңбұзушылық жасады.

Аталған тұлға 3 сәуір күні күшейтілген карантин режимі кезінде «Опель Астра» автокөлігіне 4 адамды отырғызып, Орал-Ақсай бағытында  заңсыз жолаушы тасымалымен айналысқан. Яғни, 03.04.2020 жылғы БҚО бас мемлекеттік санитар дәрігерінің №5-ПГВр қаулысының 1,6 тармағын өрескел бұзған.

Бөрлі аудандық полиция бөлімінің учаскелік инспекторы Н. Есенғұлов «Опель Астра» жүргізушісі М.-ны «Подстепное-Федоров» автожол учаскесінде ұстап, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 476-бабының (төтенше жағдай режимін бұзу) алты тармағы бойынша хаттама толтырып, Бөрлі аудандық сотына әкімшілік іс материалын жолдады.

Ал 29 сәуір күні, карантин уақытында М.Ж. Орал қаласындағы «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіндегі өз ағымындағы «бауырларына» барып, тағы да полицияның назарына іліккен. Бұдан бұрын да бұл үйге үнемі келіп жүрген оның үстінен тұрғындар тарапынан құқық құрғау органдарына шағым түскен. Бұл үйде балалар үйлерінен шыққан 18-23 жас аралығындағы жастар тұрады. Әдетте деструктивті ағымдар жетімдер мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған, әлеуметтік жағдайлары төмен жастарды өз қатарларына тартатыны белгілі… «Салафиттер әлеуметтік жағдайы төмен жастарға  қамқор болғансып жүріп, олардың санасын теріс ағыммен жаулап алып, адасудан  бір-ақ шығарады» дейді дін мамандары. Бұл азамат карантин режиміне сәйкес өзін тоқтатқан полиция қызметкерлерінің «Шаңырақ» жасөспірімдер үйіне неліктен келдіңіз, карантин режимін неліктен бұзып тұрсыз?» деген сұрақтарына жауап бере алмаған. Бұл оқиға бойынша да әкімшілік хаттама толтырылды.

Еске сала кетсек, өткен жылы М.Ж. бір күнде екі бірдей заңбұзушылыққа барған еді.

Ол Ақсай қаласындағы З. (есімі өзгертілді) деген әйелдің үйіне есігінен емес, терезесінен кірген. Мақсаты – сол үйде қонақта отырған өзінің дос қызы А-ны (есімі өзгертілді) үйден алып шығу болыпты. Қызды үйден алып шығып, күштеп көлікке мінгізіп, қаланың сыртына әкетіп, көліктен түсірмей ұстаған… Екі оқиға да зардап шегушілердің арызы бойынша Ақсай аудандық ішкі істер бөліміне тіркелді.  Сол кезде құқық қорғау органдары «М.Ж. деструктивті «ваххабизм» ағымын ұстанған адам ретінде көзге түскен және марихуана есірткісін пайдаланушы адам ретінде белгілі» деген ақпарат берген еді.

М.Ж. биыл да автокөлігімен жол қозғалысы ережелерін бірнеше мәрте бұзып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Атап айтқанда, ол 18 наурыз күні мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз «Лада Приора»  автокөлігін әрлі-берлі жүйткітіп, бағдаршамның қызыл түсіне қарамастан, көше бойымен зу етіп өте шыққан. Бөрлі ауданы полиция бөлімі патрульдік полиция взводы қызметкерлерінің көлікті тоқтату туралы талабына көнбестен, мешіт аумағында жасырынып қалуға тырысты. Сақалды, қысқа балақты күдікті полиция қызметкерлерімен сөйлескенде діни терминдерді жиі қолданған.

Оған қатысты бірнеше әкімшілік хаттама толтырылды. Яғни, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодексінің 590-бабы 2-бөлігіне (мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi (белгiсi) жоқ немесе пайдалануға тыйым салынғаннан кейiн немесе белгiленген тәртiппен тiркелмеген көлiк құралын басқару – 5 бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл), 595-бабтың 1-бөлігі (жол жүрісі қағидаларының жүру, қайта ауыстыру, бұрылу, кері бұрылу немесе тоқтау алдындағы сигнал беру талабын орындамау – 5 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл), 599-баптың 1-бөлігі (бағдаршамның тыйым салатын сигналына немесе реттеушiнiң тыйым салатын қимылына қарамай өту – 10 айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл), 613-баптың 1-бөлігіне (ішкі істер (полиция), әскери полиция органдары қызметкерінің (тек қана ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарының, Қарулы Күштерінің, ҚР басқа әскерлері мен әскери құралымдарының көлік құралын басқаратын адам), көліктік бақылау органдары қызметкерінің ҚР аумағындағы көліктік бақылау бекеттерінде көлік құралын тоқтату туралы заңды талабын орындамау – 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл) сәйкес жазаға тартылды.

«Дүрбі»

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close