Мақалалар

Асима ЗНАЛИЕВА: «Ұлымның өзегін өкініш өртеп отыр»

«Терроризм» бабы бойынша жиырма жылға сотталған атыраулық атышулы Дамир Зналиевтің анасы Асима Зналиева бізге ұлы туралы бар шындықты айтып берді.

«Рас, мойындаймын. Менің ұлым қателесті. Үлкен қылмыс жасады. Бірақ ол қазір істеген ісіне қатты өкінеді. Адасқанын түсінді. Және қанша жерден жамандық жасаған болса да, анамын ғой, ұлымды кешірдім» – деп бастады кейіпкер бізбен әңгімесін. Әрі қарай кейіпкеріміздің сөзін бұрмаламастан, сол күйінде тарқатқанды жөн көріп отырмыз.

«Ұлым 16 жас шамасында намаз оқып бастады. Біздің әулетімізде бұрын бірде-бір адам намаз оқымағандықтан, ұлыммен тіл табысу қиынға соға бастады. Сөйтіп, бірден Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің Атырау облысы бойынша департаментіне бардым. Ол кезде нақты дінге байланысты заң болған жоқ. Сондықтан мені «Діни сенімге бостандық берілген. Біз тыйым сала алмаймыз» деп шығарып салды. Ұлым 18 жасқа толғанда әскерге жібергім келді. Бірақ бұл әрекетімнен де еш нәтиже шықпады. Яғни дер кезінде мен көмек ала алмадым. Сөйтіп жүргенде ұлым үйленді. Некеге отырды. «Енді түбі жақсы болар» деп үміттендім. Бірақ бәрі бекер болып шықты. Ұлым алдымен Атыраудағы лаңкестік актілерге қатысты. Кейін Ауғанстан асып кетті. Некесі шайқалды. Қазір ұлымның өзегін өкініш өртеп отыр. Ол 2015 жылдан бері көзқарастарынан қайта бастағанын айтады. Түсінгенім, жат ағымның жолында шет ел асқан адамға елге кері қайту қиын екен. Оларды шейхтары жібермейді. Үрейде ұстайды. Пайдаланады. Осылайша, ұлымның алты жыл уақыты жат жерде өтті. Қазір өзі «Анашым, осы жолдан өтпеген болсам, мүмкін көзқарасымнан қайтпаған да болар едім. Ит-құсқа жем болып далада қалмай, түрмеде отырсам да, өзімнің еліме оралғаныма шүкіршілік етемін» – дейді. Ұлым жиырма жылға сотталды. Және ерекше айта кетерлігі – ауғандық күштік құрылымдардың арнайы операциясы кезінде қолға түскен Дамирдің қолында сол сәтте қару болған екен. Бірақ Дамир қарсылықсыз берілген. Тіпті іштей қуанған да болар деп ойлаймын. Себебі ол елге орала алмай, шерменде боп жүрді ғой.

Қазір ұлымның келіншегі тұрмыс құрып кетті. Бірінші некеден қалған баласы алты жаста. Мектепке барып жүр. Бірақ діни ұстанымды сылтау еткен бұрынғы құдандалы тарап балаға екпе салдырмай отыр. Күнтізбе ауысатын жаңажылдық балалар ертеңгілігіне де немеремді қатыстырмай жүр. Мені немеремнің болашағы алаңдатады» – дейді мұңға батқан ана.

 

 

Дамир туралы не білеміз?

2017 жылдың тамызында Дамир Зналиев Атырау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған сотының шешімімен 20 жылға бас бостандығынан айырылды.

Атырау облыстық сотының баспасөз қызметі хабарлағанындай, жабық режимде өткен сот процесінде Дамир Зналиевтің 2011 жылдың шілдесінде Қазақстан азаматтары М. У. мен Х. Р. және Бельгия азаматы М. Г-мен бірге Пәкістан аумағынан халықаралық «Халифат сарбаздары» лаңкестік ұйымын құрғаны анықталған. Аталған ұйымның содырлар құрамы Қазақстанның, Тәжікстанның және бірқатар Араб елдерінің азаматтарымен толығып отырған.

Бұдан бөлек, Дамир Зналиевтің 2011 жылы Алматыдағы ҚР Сыртқы істер министрлігі өкілдігі мен осы қаладағы ішкі істер департаменті әкімшілік ғимараттарының аумағындағы жарылыстарды дайындауды ұйымдастырғаны және аталған жылдың 28-30 қазаны аралығында Атыраудағы облыстық әкімдік пен прокуратура ғимараттарының жанында жарылыстар жасауға қатысқаны толықтай дәлелденді.

ҚР Қылмыстық кодексінің 233-бабының бірнеше тармақтары, яғни «Террористік топ құру, оған басшылық ету», «Террористік қызметті қаржыландыру», «Әлденеше рет жарылыс жасау» тармақтары бойынша кінәлі деп танылған Дамир Зналиевке қатаң режимдегі колонияда 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасы берілді.

 

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Атырау қаласы

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close