Боямасыз өмір

Бұл да бір дерт…

Арақ –бар жамандық атаулының бастауы. Жаза-жаза жауыр болған бұл мәселе – бүгінгіқоғамның көлеңкелі тұстарының бірі.Ешкім маскүнем болсам екен деп армандамайды, алайда адамдар «Өй, жүз грамм арақта тұрған не бар дейсің? Бұндай тойда ішпегенде қайда ішесің,ал алып қояйық?!» деп ұрттап жүріп, қалайша маскүнемге айналып кеткенін білмей де қалады.

Соңғы кезде қоғам өркениетке бет бұрды . Бүгінде тойды ішімдіксіз,халал өткізудеміз дегенменде, әлі де Құдайының емес, құдасының көңілі үшін ащы сумен достасып жүргендер баршылық.

Біреуді көрге, біреуді ауруханаға, енді біреуді темір торға, жол апатына түсіріп жатқан оқиғалардың дені осы ішімдіктің салдарынан болуда. Денсаулықтың бұзылуы, отбасының ойрандалып, ажырасудың көбеюі де көбіне алкогольдік өнімдердің кесірінен болады. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын»деген Абайдың сөзі айдай келіп жатқан заманда, әсіресе, ер адамдар жағы басына түскен сынаққа сабыр ете алмай, өмірдегі сәтсіздіктерін уақытша болса да, арақпен баса қоюға бейім келеді. Ол сонымен бітсе ғой…

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасынан көрсетілетін «Қарекет» бағдарламасының «Ащы су арқалатқан азап» хабарын мысал қылып келтірейікші. Хабарда кезінде балалар үйінде тәрбиеленген ақтөбелік 45жастағы ер азаматтың ауыр тағдыры сөз болады. Алдымен білім алып, еңбек етіп, тіпті жеке кәсіппен айналысқан әлгі адамның басында баспанасы, жанында сүйген жары, алтын асықтай балалары да болады. Кейін өзіне ғана белгілі бір себеппен басына түскен уайым-қайғыны көтере алмай, ішімдікке салынып кетеді. Сөйтіп басындағы бар бақыттан бір сәтте айырылады. 36жастағы әйелі ауырып қайтыс болады. Әкесі бола тұра, тірі жетімнің күйін кешкен балалары болса, жастайынан тағдыр тауқыметін тартады. Бір қызы тұрмысқа шығып, бір қызы қалған екі бауырын жетілдірумен жүреді. Тұрмыстағы қыздың жасауын да сол сіңлісі дайындап береді.Әрі үйдің бар жүгін мойнына артып,әрі ащы судың кесірінен болатын үйдегі дау-жанжал жанына батып, ақыры шыдамы таусылып, «Қарекет» хабарынан көмек сұраған қыз байғұс «Екі бауырым жыламаса болды, елдің сөзі мен үшін қызық емес» деп шырылдайды. Абырой болғанда, Алла сәтін салып, жақсы адамдарға жолықтырды әкесін. Өзі де бар пәле арақтан келгенін мойындап,енді татып алмауға ел алдында уәде берді. Тіпті осы бағдарламаға келместен бұрын бір Алладан жәрдем сұрағанын да жасырған жоқ. Бәрін көріп-білуші Жаратқан да сұрағанын бере салды.Сөйтіп түрмеге де түсіп, құлдықта да болған кәсіпкер азапты күндерден арашалап қалуға себепші болған «Қарекеттің» қайырымды тілшілеріне алғысын айтып, қуанды. Оның «Қайтадан адам боламын» деген алға ұмтылысы қуантты бізді.

Осы орайда айта кететін үлкен мәселе: біз ата-бабамызда болмағанғасыр сырқаты–маскүнемдікпен көп болып күресуіміз керек. «Әр қазақ –менің жалғызым» десек, әрине.Өкінішке орай, біреуді қуантуға, жұбатуға емес, керісінше, жылатуға, тіпті аяқтан шалып құлатуға, құлаған мен жылағанды сырттай қызықтап, таспаға түсіріп алып, әлеуметтік желіге таратуға бейім боп барамыз. Қоғамның жақсылығынан гөрі жамандығын көбірек насихаттауда ұпай жинап қалу үшін жарыса жазып жүрген кейбірақпарат құралдарын көргенде қынжыласың, әрине.

«Арақ сатпасақ, басқа тауардан жөнді пайда жоқ» деген дүкен-дүңгіршіктердің де саудасы қызып тұр. Жылына бір келетін ораза айында ғана сәл саябырсығандай болады.

Қалай десек те, маскүнемдік– бүкіл әлемді жайлаған жегіқұрт, ғасыр дерті. «Арақ іштім» деген «ақылымды іштім» дегенмен бірдей. Егер адам дұрыс өмір сүргісі, екі дүниенің де қызығын көргісі келсе, алдымен харамнан сақтануы керек.Себебі ас алдымен асқазанға барады. Сол жерден қорытылып, қанға сіңеді. Қан жүрекке барады. Сөйтіп харамнан сақтанбағанның алдымен қаны, сонан соң жүрегі бұзылады. Жүрек бұзылса, ниет бұзылады. Ниет бұзылса, ұят қалмайды.Ал ұят қалмаған адамда иман қайдан болсын?!Демек арақ вирус болса, иман антивирус болуы керек! Иманың күшейсін, ағайын!

Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА,

Атырау қаласы

 

 

Егер адам дұрыс өмір сүргісі, екі дүниенің де қызығын көргісі келсе, алдымен харамнан сақтануы керек. Себебі ас алдымен асқазанға барады. Сол жерден қорытылып, қанға сіңеді. Қан жүрекке барады. Сөйтіп харамнан сақтанбағанның алдымен қаны, сонан соң жүрегі бұзылады. Жүрек бұзылса, ниет бұзылады. Ниет бұзылса, ұят қалмайды.Ал ұят қалмаған адамда иман қайдан болсын?!

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close