Боямасыз өмір

Далада бала жата ма?

Далада бала жата ма? Иә, жатады екен! Түсіп қалған шанадан? Жоқ, анадан… түсіп қалған… Жоқ, әдейі тастаған!!! Тоғыз ай бойы көтеріп келіп, айы-күні жеткенде толғатып тұрып, тас құрсағын кеңіткен ана тас емшегі жібімей жатып, сәбиін қоқысқа тастай салғаны қалай?!. Ескі жылдың еншісінде қалса да, Атыраудағы Нұрсая мөлтекауданынан табылған тастанды сәби туралы ақпарат еріксіз көкейге сан түрлі сауал тудырып, санадан кетпей қойды.

Оқиға былай өрбіген еді.Түнгі сағат 12 шамасында есік алдына шылым шегуге шыққан №64 үйдің тұрғыны сол маңайдағы қоқыс жәшігінің ішінен мысықтың мияулағанына ұқсас бір дауыстың шыққанын айтады. Жақындап барып қараса, қоқыс пакетініңішінен тыпыршыған бір нәрсені көреді. Ішін ашса, шырылдаған шақалақ екен! Шошып кеткен куәгер кіндігі де кесілмеген сәбиді күртесіне орапалған күйі үйіне жүгіреді. Тоғыз айлық бесінші ұлын бағып-қағып жүрген әйелі де әлгі сәбиді аналық махаббатпен құшағына алып, жылытады. Дереу «102»-ге хабарласқан бойда-ақ полициясы бар, дәрігерлері бар,арнайы бригада келіп, баланың кіндігін кесіп, облыстық ауруханаға алып кетеді. Болған оқиға бойынша іс қозғалып, сәбидің анасы іздестіріледі. Ал қызметі, үй-күйі бар куәгер тауып алған баланы өзінің бес ұлымен қоса асырап баққысы келетінін айтады. Сөйтіп, бес ұлдан кейін бір қыз болса екен деген тілегі іздемей-ақ табылады!

Бұл енді көрер жарығы бар жанның жазмышы. Ал біз білмейтін, мына дүниенің есігін аша сала, ана дүниеге аттанып кетіп жатқандары қанша екенін кім білсін? Бұрындары басқа қалаларда болған бұндай жайттар енді өз қаламызда орын алды. Ертең тағы қайталанбасына кім кепіл? «Қызға қырық үйден тыйым» болса, ақпарат құралдары да дабырлатып ақпарат беріп қана қоймай,тәрбие құралына айналса, нұр үстіне нұр болар еді. Осы оқиғаға қайта оралған себебім де сол.

Міне, ақпан айы. Кеше ғана «Валентин күнін» тойлады тойлайтындар… Жоғарыдағыдай тастанды сәбилер осындай күндердің жемісі деуге болатындай. Қайталауға жол бермеу өзіміздің қолымызда. Бұндайда«Ел боламын десең, бесігіңді түзе» дегенді жауыр болған тақырыпқа жатқызуға болмайды.

Иә, Алла адамға өмір берейін десе, оны ешкім өлтіре алмайды. Кімге өлім жіберейін десе де, оны ешкім аман алып қала алмайды. Жергілікті баспасөздер де, әлеуметтік желілер де жарыса жазды бұл оқиғаны. «Көкек ананы» аямау керек, жазалау керек!» деп  даурықты бәрі. Заң орындары да қылмыскерді іздестіріп жатты. Иә, дұрыс, Алланың берген аманатына қиянат жасаған күнәһар жан екі дүниеде де жазалануға лайық.

 

Күлге аунап бала туыла ма?

 

Десек те,жаңағы қыз ба, әйел ме, ол баланы күлге аунап таппаған шығар?! Олай болса, осы жағдайға жеткізген еркекті де тауып, жазалау керек емес пе?Бүгінгі жігіттердің арасында қыздарды апа, қарындас, ана, болашақ келін деп бағалай алмайтын, өз нәпсісінің жемтігі деп қана қарайтындардың барлығы өте өкінішті. Қыздарды алдап-сулап, пайдаланып алып, ішіндегі баласымен лақтырып кететін жігіттер қай-қай заманда да болған шығар. Бірақ бүгінгі жастардың беті жаман. Оған әр қалада, әр жерде қоқыстан табылып жатқан шараналар дәлел. Бұл жерде қызбен бірге баланың әкесінің де жауапкершілігі жоқтығы осындай сан соқтырар, жүрек жаралар оқиғаларға жол беріп отыр емес пе? Осындайда Құнанбайдың Қодар мен Қамқаға зинақорлығы үшін кескен үкімінің қадірін түсінуге болады екен. «Жаны жұмақта болғай,Құнанбай бабамыз отбасының ғана емес, Отанның қамы, ұлт болашағы үшін барған екен ғой жантүршігерлік жазаға» дейсің іштей. Имансыздық өз алдына, ата-ана өз тәрбиесіндегі кеткен кемшілігін былай ысырып қойып, болары болып, бояуы сіңген ұятты ісі үшін қыздарын қарғап-сілеп, үйден қуып, шіріген жұмыртқаға теңейтінінқайтерсің. «Ойбай, елге не бетімізбен қараймыз?» деген жалған намыс баяғы.Кімге керек?.. Осыдан кейін өзі де не істерін білмей, психологиялық күйзелісте тұрған бойжеткен «Ұяттан өлім күшті» деп, не суицидке барады, не сәбиін қоқысқа, әжетханаға, әркімнің есік алдына тастай салып, тасбауыр, қатігезатанып жатыр. Міне, бұл да біздің ұят деген нәрсені дұрыс түсіне алмауымыздан.

 

Бала емес, пәле…

 

Қазіргі кезде балалардың көбі ерте есейген.Ойы да, бойы да, түйеден түскендей қып сөйлеген сөзі де, қадалып қараған көзі де өзіңмен тең дәрежедегі баланы бала деу қиын. Сондықтан олармен досыңдай көріп, ашық сырласа отырып, жан дүниесіне жиі үңілу керек. Сен сырласпаған, сен сіңірмеген тәрбиені жас ұрпақ не көше кезіп жүрген қаңғыбас бір доссымағынан, не саны бар да, сапасы жоқ кез келген әлеуметтік желіден алады.Қазіргі бала бесіктен белі шықпай жатып, ғаламтордан не түрлі жалаңаш адамдарды, бейәдеп қылық көрсетіп жатқан төсек қатынасын көреді. Ол ақылы толыспаған, мұрты жаңа ғана тебіндеп, күннен-күнге ағзасы толысып келе жатқан жасөспірімнің құштарлығын ерте оятады.  Оның үстіне интернетте бір жынысты  «бұзылған шайтандар» да өріп жүр… Бұның бәрі баланың жыныстық жүйесіне орны толмайтын орасан зор ауытқушылық әкелері айдан анық.  Бала сосын көргенін істегісі келеді емес пе? Қыздар туралы да осыны айтар едім. Міне, жастардың ерте бұзылып жатқанына ғаламтордың да үлесі зор.

Қанша жерден «Жаңылмайтын жақ жоқ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» десек те, бала үшін ананың орны бөлек. Тастанды балаға да біреулер құшағын ашар, бауырына басар. Бәрібір оның жүрегі тірі жетім боп жараланады, тумай жатып, тастанды боп таңбаланады.Ол баланың болашағы қандай болады? Бір кезде шындықты естігенде не күйде болады? Алланың ғажайып сыйы – Адамбаласын қоқысқа тастамау үшін отбасының иманын қалай нығайтамыз? Тәрбиені бала бойына бесіктен бастап сіңірмесек, ар-ұятымызды сақтап қалу қиынның қиыны сияқты көрінеді. Себебі заманның өзі ұлт болып ұйысуға емес, жаһандануға қарай тоқтамастан,қарыштап бара жатыр емес пе? Арғы жағын ойлаудың өзі қорқынышты!

 

Гүлмира СҮЙЕКЕНОВА,

Атырау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close