Жаңалықтар

Атыраулық дін өкілдері медиатордың рөлін де қоса атқаратын болады

 Енді атыраулық дін өкілдері медиатордың рөлін де қоса атқаратын болады. Жақында Атырау облысы сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов дін саласы өкілдермен кездесті.

Кездесуге Атырау облыстық Дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев,Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау обысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров және «Успен соборы» православиелік шіркеуінің протоиерейі Александр Козулев қатысты.

Басқосу барысында Атырау облысы сотының төрағасы Марғұлан Бектұрғанов тұрмыстық дауласу көрсеткішінің жоғарылап бара жатқандығын, сәйкесінше ажырасу жағдайының көбейгендігін айтты. «Дәстүрлі діндердің ұлттық бірлікті  қалыптастыруда және ұлттық моральдық денсаулықты қамтамасыз етуде атқаратын рөлі зор. Өткен замандарда бейбіт өркениеттерде даулар данагөйлер, мешіт және ғибадатхана өкілдерінің көмегімен шешіліп отырған. Біздің мақсатымыз  татуластыру тәжірибесін қайта қалыптастыру» деп атап өтті спикер Марғұлан Бектұрғанов. Нәтижесінде дін саласы өкілдері медиация тәжірибесін дін мекемелерінде кеңірек насихаттау туралы бастаманы қолдады.

«Медиация институты үлкен маңызға ие. Қай кезеңде де медиация қоғамның дамуын қамтамасыз етіп отырды. Бүгінгі медиация кешегі билер институтының заңды жалғасы. Исламның өзі тұрақтылықты, бірлікті ту еткен дін. Әдетте, мешітке өзара түсінбеушілік, отбасылық жанжал мәселесі бойынша кеңес сұрап келіп жататын азаматтар бар. Ынтымақтастық туралы Меморандум соттың, сонымен бірге, дін саласының жұмысын жаңа деңгейге көтеретініне сенім мол» дейді Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұров.

Кездесу соңында Меморандум аясында медиация және татуластыру рәсімдері бойынша бірлескен ақпараттық-түсіндірме жұмыстарының жоспары жасақталды. 

 Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ,

меншікті тілші

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close