Әдеби әлемБасты тақырып
«ЖЕТЕР ЕЛДІҢ ТҮБІНЕ ЖЕР ҚАДІРІН БІЛМЕГЕН…»
Ғайса-Ғали СЕЙТАҚ
Мерейтой
Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты, талантты ақын Ғайса-Ғали Сейтақ асқаралы 60 жастың қырқасына аяқ басты. Ғайсағали қасиетті поэзияны, жыр деп соққан жүрегін мына дүниенің күйкі, арзан, алыс- жұлыс тірлігі мен көпірік мадақ, бос сөзінен аулақ ұстаған сирек ақындардың бірі.
Ия, Ғайса-Ғали нағыз ақын. Олай дейтініміз – Ғайса Ғалидың өлеңі басқа, өзі басқа емес. Ол пенделік құйтырқылықтан таза, ол кейбіреулерге ұқсап бойындағы жамандықтарын әдемі сөзбен, әдемі өлеңмен жасырып, бүркемейді. Ол ақынның жан мөлдірлігін ешкімге лайлатпаған, өлеңді аялаған, көркем мінезді, сырбаз жаратылыс иесі.
«Қарлығаш» (ұжымдық жинақ), «Маңдай», «Аман бол, атамекенім», «Нарынның нар ұлдары, «Ай-арудың алқасы», «Тек пен тамыр» , «Жақыным менің – жалпақ ел» жыр кітаптарының авторы.
Қазақстан Жазушылар және Журналистер одақтарының мүшесі, әр жылдардағы республикалық, облыстық жыр мүшәйраларының жеңімпаз-жүлдегері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі С.Бердіқұл атындағы сыйлығының лауреаты атағын жеңіп алған спорт журналисі және үлкен шаңырақтың салиқалы отағасы, Тамара ханымның Құдай қосқан қосағы, ардақты әке, немерелерінің сүйікті атасы Ғайса-Ғали Самиғоллаұлын мерейлі жасымен шын жүректен құттықтаймыз!
Кез-келгенге ашпаған, кез-келгеннің аяғын бастырмаған, тірліктің жамандығынан қызғыштай қорғаған сырлы әлемі бар Ғайса ақынның! Сол сырлы әлемнен қанатты жырлар қалықтап ұша бергей!
«ЖЕТЕР ЕЛДІҢ ТҮБІНЕ ЖЕР ҚАДІРІН БІЛМЕГЕН…»
* * *
Жан емес дертіңді емдер,
Өтірік сертін берген
Елім деп еміреніп,
Жерім деп желпінгендер.
Төрді ылғи қош көргендер,
Мықтымсып,
Төс кергендер.
Жоқтарды жоқтамастан,
Көппіз деп көшке ергендер.
Бас ұстап, қой жегендер
Құлағы тойға елеңдер.
Шешенсіп, шекпен киіп,
Көсемсіп сөйлегендер.
Менікі жөн дейтіндер,
Тақты ойлап,
Өрлейтіндер.
Өзгені бір кісіден
Көздері көрмейтіндер.
Жылтыр сөз тілегінде,
Аярлық тұр өңінде.
Елі жоқ кеудесінде,
Жері жоқ жүрегінде.
* * *
Жүрек, шіркін, жылай ма,
Жұлдыз көктен жиі ақты.
Жөңкіледі мұнай да
Жердің қаны сияқты.
Жасай алмай түк айла,
Жалпақ жұрт бар тұтылған.
Жалғыз осы мұнай ма
Жат ел асып,
Жұтылған…
Жебірлердің бәрі де
Жұмырына жұқ болмас.
Жау тисе егер тәніне,
Жерге қара құт қонбас.
Жаттың кетпес түгі де,
Жығуға әзір іргеден.
Жетер елдің түбіне
Жер қадірін білмеген.
Жұт құшағы қаусырса,
Жұрт та мынау жоғалар.
Жердің қаны таусылса,
Елдің жаны не болар!?
* * *
Қан жауардай, қарасам,
Қызыл арай, айлы түн.
Қабағы мұз қара шал –
Қарашада қайғы тұр.
Қара басым хан болса,
Қараңғы түн – серігім.
Қуантпайды қар да онша,
Қайда, шіркін, сері күн!?
Қалмады азу тісім де,
Қамымды әрең күйттеймін.
Қара тордың ішінде
Қалтыраған иттеймін.
Қорама кім от қойған,
Қараша азған, бай бүтін.
Хабарым жоқ көп тойдан,
Қабағымда қайғы тұр.
Қайран жүрек өртенсін,
Қалған тісім қақсамай.
Қатар қонып, шертер сыр
Қара түрме, ақ сарай.
Қан жұтам ба соншама,
Күндер қайда мен тосқан?!
Қойның суық болса да,
Құшағыңды аш, желтоқсан!
* * *
Жұртын кім қор санады,
Жау шығып жаңадан бір.
Желтоқсан келсе-дағы,
Жауып тұр қара жаңбыр.
Жалғаннан жылап кеткен
Жасы ма ол қыршын жастың?!
Жаңаөзен бір-ақ төккен
Жоқтау ма тыншымас бұл!?
Жоқтайды жүректер де,
Жұрт шошып жаңа қаннан,
Жиырма бес жыл өткенде
Жарасын жамап алған.
Жан ба бұл қансыраған,
Жаншылып тар қоғамда.
Жан бар ма хал сұраған
Жаңаөзен зарлағанда?!
Желтоқсан жүдетті көп,
Жұбатар жаңадан кім?!
Жалған-ай, жыл өтті деп,
Жауып тұр қара жаңбыр.
* * *
Жоқ шығар бұдан асқан азап бүгін,
Дәл мұндай ойлап тапты мазақты кім?!
…Жерімді ту көтеріп,
Қорғай алсам,
Бұл – менің қазақтығым,
Азаттығым!
Талайға кеткендей ме есем бүгін,
Өр намыс кернегендей көшемді кіл.
Елімді тығырыққа тіремесем,
Бұл – менің шешендігім,
Көсемдігім!
Басылды-ау,
Бір дүрлігіп далам бүгін,
Ер жігіт көтереді заман жүгін.
Айта алсам ханға қарап өз датымды,
Бабадай Махамбетке адалдығым!
Жерім деп түрінгенде ел білегін,
Сүйенген жылтыр сөзге жеңді бегін.
Жайығым арнасына толғандай ма,
Қайығым аумайтындай енді менің!
Өзге жұрт білмесе де бағамды онша,
Жетеді бармақтай бақ маған қонса.
Айбыным асып-тасып тұрады әлі,
Айдыным Атыраудай аман болса!
Бұлт тарап,
Сейілгендей азап бүгін,
Алдымнан туар ма екен ғажап Күнім?!
…Жерімді ту көтеріп,
Қорғап өтсем,
Бұл – менің қазақтығым,
Азаттығым!
* * *
Туған елге жұмсалмаса,
Күш һарам,
Тілім,
Жерім,
Отаным бар үштаған.
Тәубе, тәубе – көк байрағым биік тұр,
Тәуелсіздік – туым менің ұстаған!
Айтар сын көп билер менен бектерге,
Алса-дағы біреу кейде беттен де.
Азап кешпей,
Жүрсе деймін бір адам,
Азаттыққа қолы жаңа жеткенде!
Патша – жалғыз,
Сәтін күткен нөкер көп,
Ертең олар кімнің туын көтермек?!
…Арасынан Арыстан мен Аюдың
Аласұрам қалай аман өтем деп!
Көз алартса кең жеріме мұқым жау,
Бәрінен де керек енді ұтылмау.
Өз тілінде сөйлемесе, тұқым – жау,
Ұлтқа түгел жүк болып тұр жұтылмау.
Құлпыратын күн болар ма мың алап,
Жаңбыр күткен анау дала, мына бақ.
Кімге керек төрлегені қазақтың,
Тұрса тілім босағадан сығалап.
Көк байрақты көтерейік қолдағы,
Мәңгі айнымас асылым ғой ол-дағы.
…Уын ішсем туған жердің түк емес,
Туым ғана жығылмаса болғаны!
* * *
Қуантпайды қоғамның беті бізді,
Қамшыменен тілгендей етімізді,
Бәрінен де түңіліп кеткендейсің,
Пенделерді көргенде екі жүзді.
Жәдігөйдей өмір сүр енді жайлап,
Жолға шыққың келмейді белді байлап.
Жаның қалай шыдайды жалғандыққа,
Жағымпаздық алғанда елді жайлап.
Ажал алып кетті ме оты барын,
Жәудірейді бұрышта жетім арың.
Бүгін мақтап жүретін, ертең даттап,
«Қайраткерлер» көбейді беті қалың.
Әркім қорғай алмаса өз намысын,
Заман емес,
Адамның тозғаны шын.
Қайда кетіп барады құр мақтаумен,
Қайран елім тыймастан сөз жарысын?!
Жүрек айныр көлдей көп көпіріктен,
(Ақиқатты айтуға бекініп көр).
…Азапстан болуы ғажап емес,
Қазақстан қашпаса өтіріктен!
Қазақтың жері қалмаса…
Жүректің мынау датын ұқ,
Ер бар ма айтар батырып?!
Қазақтың жері сатылса,
Ағайын қалар аһ ұрып.
Заңың да кейде далбаса,
Аукцион деп бір алдаса,
Қазақтың жерін кім алмас,
Азаматтығын қамдаса?!
Жаттікі болып көл қалса,
Шыдайды бұған ел қанша?!
Орманды бермей орысың,
Қытайың келіп,
Жерді алса.
Аз ба еді қыршын кеткендер,
Алысып жаумен, өткендер.
Кетеді кімнің қолында
Бабалар қанын төккен жер?!
Ханынан тыйым болмаса,
Мықтысы төрден қолдаса,
Сұмдық қой ертең,
Жер түгіл,
Қорымды сатып, қорласа.
Басылар ма екен өр кеуде,
Еліне қауіп төнгенде.
…Қазақтың жері қалмаса,
Көмбеңдер мені, өлгенде!
* * *
Артық ас ішпеңіз,
Кейде тіл тістеңіз.
Іргеге мұқым боп,
Түрмеге түспеңіз.
Орыным төр деңіз,
Ойланып өрлеңіз.
Дегбірсіз күй кешіп,
Мезгілсіз өлмеңіз.
Үзілер түймеңіз,
Өкініп,
Күймеңіз.
Жан менен жүректей
Ән менен күй де егіз.
Толқиды көңіл де,
Көзден, жас, төгілме.
Көрінген алдан не –
Өмір ме,
Өлім бе!?
Әзірге тіріміз,
Кейде зор, іріміз.
…Екі есік тұр, міне,
Біріне кіріңіз…
* * *
Күніміз тұтылып,
Айымыз тоналды.
…Ел кетсе жұтылып,
Сол ғана обал-ды.
Шұрқ-тесік іргеміз,
Жабылар ол қашан.
Кімменен біргеміз,
Жүкті кім қолдасар!?
Қырымға салған қол
Сонымен тоқтар ма?!
Осы ма жалған жол
Апарар көкпарға?!
Солтүстік, шығысым –
Кім жүрер беткейде.
Батысым – тынысым,
Тарылып кетпей ме!?
Жерұйық,
Құт қайда,
Жұмаққа жет, өліп.
Біреулер шықпай ма,
Балтасын көтеріп?!
Полигон – жеріміз,
Газ толы ауамыз.
Қазылса көріміз,
Біз қайда ауамыз?!
Отырмай күтініп,
Одағым оралды.
Қойдық па бітіріп,
Табынар не қалды?!
Халқым-ау, сен қайттің,
Өсе гөр, өшпеңіз.
Қауіпті мен де айттым,
Бас, міне, кессеңіз.
* * *
Бар деп елде құт қандай,
Жұтып жатқан құтқармай
Жемқорлары би болып,
Жар басына шыққандай.
Жайлағандай іштен жұт,
Өзегіне түскен құрт –
Өтірікті сапырып,
Көпірікті ішкен жұрт.
Құр сүлдері, тірі боп,
Халық отыр діні көп.
Қайрайтұғын ұлы жоқ,
Сайрайтұғын тілі жоқ.
Кемеңгердің өзі боп,
Сөйлейтұғын сөзі көп –
Шешенінің сыны жоқ,
Көсемінің көзі жоқ.
Қоғамының үні дал,
Қонағының тілі бал.
Құбыр бойлап, қытайлар
Қаптайтұғын түрі бар.
Тор құрғаннан тарланға,
Жете ме адам арманға.
Қауіп қайдан, жау қайдан –
Ұғатұғын жан бар ма!?
Жақын қайсы, жат қандай,
Айту керек, жақ талмай.
Жаһандағы жамандық
Кеулеп келе жатқандай.
Жиып қойып ұятты,
Жоятындай тұяқты.
Елдің мынау тірлігі –
Бассыз дене сияқты.
* * *
Бірін-бірі итеріп,
Өлгеніне қарамай,
Балақтағы бит өріп,
Басқа шапқан заман-ай.
Бүтін көшпей латынға,
Екі айрылып кете ме ел?!
Айнала ма «батырға»,
Үтір* қарап шекеден.
Кім жолатар өгейді,
Өзгерсе егер бет-тұлғаң.
Қыздырмалар көбейді,
«Ләббай, тақсыр!» деп тұрған.
Сан ой басты шырмап тұр,
Ғалым біткен толғай ма,
Рахметі ме ұрпақтың,
Ахмет салған жол қайда?!
Тарылғандай тыныс бір,
Түк түсінбей,
Аңырды ер.
Дабыры көп бұл істің
Ақырына сабыр бер.
Соқпасын тек дауыл бір,
Ертеңіне ел алаң.
Бұқары жоқ дәуірдің
Бұқарасы не болар?!
*Үтір – апостроф
* * *
Кеше көкте орының,
Бүгін – жерде,
Шығара алмай әуресің жүгіңді өрге.
Опа табу қиын-ау дүниеден,
Жайлы тиер түрме де,
Түңілгенде.
Кеше басың аман-ды,
Бүгін – көрде,
Жүрек өліп,
Жетпейді үнің де елге.
Ертең қалай болмағын ешкім білмес,
Күле көрме қапыда сүрінгенге.
Іс қыларда,
Аллаға сыйынып ал,
Ойыны бар,
Бітпейтін жиыны бар
Әр заманның өз «мұрты» болады екен,
Отыратын мысқылдап миығынан.
Хан да өледі,
Өтеді нөкерлер де,
Жақсы ат керек,
Көрге де бекер енбе.
…Біз алатын меже мен іс көп дейміз,
Қайырын айт,
Қайыры жетер ме елге?!
Айырбастап алма арды елтіріге,
Не істедің жұрт үшін сен тіріде?!
…Мен өлемін,
Мысық мұрт,
Суық көздер
Жетпесе екен деп тілеп ел түбіне.
Жалғыз тілек
Таңғалмайтын болдық түрлі пәрменге,
Ар-ұятты ысырдық па әрменге?!
Жаһандану дауылы кеп ұрған соң,
Жұртыма айтар жалғыз тілек бар менде.
Құжырасы секілденген ұстаның,
Кейінгіге, бәлкім,
Көне нұсқамын.
Кейбіреудей жүйрік емен үш тілге,
Көндікпедім,
Болмаған соң үш жаным.
Мұным менің, емес, сірә, кекесін,
Өмір барда кездеседі төте сын.
Туа сала,
Тіркейді де қу тірлік,
Өлгеніңше құжат жинап өтесің.
Қасіреттің қара бұлты төнердей,
Жұбана алмай,
Жетім қалған өлеңдей,
Тәуелдісің бір жапырақ қағазға,
Заңмен денең көрге бірге енердей.
Қанағатшыл жерде ғана тойым бар,
Өлтіре ме бітпей қойған ойындар?!
…Қазақ деген елге, жалғыз тілегім,
Жүрегімді тіркеп менің қойыңдар!
* * *
«Жау» көрсе, шығар белсене,
Басында небір қиял көп.
…Мүлгиді кейде кеңседе,
Мүләйімсіген мияу бет.
Басшысы айтса қопаңдап,
Қарамас,
Тұрса жақыны.
Қараша келсе,
Қоқаңдап,
Дайын-ақ берер «ақылы».
Шабады кейде танаурап,
Көтеріп мұрнын көкке бір.
Жастары жүрер жалаулап,
Уақыт-ай кеткен текке бұл.
Түсінбес мүлдем сөз парқын,
Әйтеуір шапса болғаны.
Соттауға дайын өз халқын,
Билігі жетсе қолдағы.
Өтірік ақпар,
Құр есеп,
Аттандап бара жатады.
Қаптағандай ма кіл есек,
Адаммен жоқ еш «шатағы».
Кесел ме, дерт пе, тегі, бұл,
Мінбеге шығар кезі көп,
Есінде қалар елінің
Бір түйір, шіркін, сөзі жоқ.
Қарсы сөз айтқан адамды
Аңдиды кейде ақырын.
…Ілуге табар амалды,
Намыстан бірақ мақұрым.
Жұрт тыныш дейміз,
Ел аман,
Іс аз да,
Құр бос қиял көп.
…Келешек шіркін не болар,
Кеңсеге толса мияу бет?!
* * *
Айырылады бәрінен,
Басынан бақ тайғанда ел.
Улар дұшпан зәрімен,
Не көрмеген қайран жер!
Түскен жерге,
Атылып,
Қарулар бар не түрлі.
Қазақ біткен аһ ұрып,
Келімсектер кекірді.
Болсын шаттық көп, мейлі,
Жоламасын азап түк.
Төбеден бұлт кетпейді,
Төрге өрлемей азаттық!
Ер тереңге бойламай,
Шыңға шықпас өрмелеп.
Тек бүгінді ойламай,
Ұрпаққа да жер керек!
Болмау үшін ақтабан,
Жинағандай ел де есін:
Құмырсқадай қаптаған
Қара қытай келмесін.
Қонар басқа бақ талай,
Дауды өршітіп,
Бөлме елді.
Табанға сап,
Таптамай,
Табынған жөн жерге енді!
Тележурналист Григорий Беденконың суреттері пайдаланылды