Басты тақырыпЖаңалықтарКөкейкесті

«Алла жолындамын» дегендер адам өлтірді…

Бірнеше жылға созылған Сирия соғысы жүз мыңдаған адамның өмірін жалмады. Исламның атын қаралады. Ең өкініштісі, талай шаңырақ күйреп, дос дұшпанға айналды. Бұл сөзіміз қосымша дәлелді де қажет етпейді. Десе де, ақша үшін адам өлтіргендердің айуандық әрекеті туралы мына оқиға «Дүрбінің» назарынан тыс қала алмады.

Ашкөздік

         Жақында ғаламторда ДАИШ территориясынан (Қазақстан аумағында тйым салынған террористік ұйым – Авт.)қашып шығу үшін өзінің жерлестерін өлтірген ақтөбелік қыздардың сұмдық әрекеттері туралы хабар пайда болды. Ақпаратты Солтүстік Кавказ жеріндегі қоғамдық ұйым таратып отыр. Сирия асқан әйелдер мен балаларды елге қайтару мәселесімен айналысып отырған қоғамдық бірлестікДАИШ террористік ұйымының жағдайы бүгінде мүшкіл болып отырғандығын, сол себепті кезінде лаңкестердің соңынан ерген адамдардың ол жерден қашып шығуға жанталасып жатқандарын айтады. Осындай жандәрмендіктің соңы адам айтса сенгісіз қылмыстық жағдайға дейін жалғасып жатыр.

aktobetimes.kz сайтының хабарлауынша, алты қазақстандық әйел Сирия территориясын құпия жағдайда тастап шықпақ болған. Бірақ, ақшаның болмауы салдарынан басында біргеміз деп серттескен «алтылық» бірін-бірі өлтіріп тынған. Яғни, «алтылықтың» ішіндегі үш әйел жабылып, өздері біріккен үш әйелдің көзін жойған. Ең қорқыныштысы, жазықсыз ажал құшқандардың ішінде небары жеті жастағы сәби де бар. Осындай қанды жолмен өлген әйелдердің ақшасын алып, Сирияны тастап шықпақ болғандар бәрібір елге жете алмады. Оларды қылмыс үстінде ДАИШ-тің жендеттері қолға түсірді. Тағы да сол aktobetimes.kz  сайтына сүйенетін болсақ, қылмыс жасаған әйелдердің барлығының Қазақстанның азаматтары екендігі белгілі болып отыр. Гүлбану (діни бүркеншік аты – УммМариям) және Дарина (діни бүркеншік аты – УммМуса) Ақтөбенің тумалары. УммАтика діни бүркеншік атын жамылған Салтанат есімді әйелдің туған жері – Тараз.  Бір ғана осы оқиға ДАИШ халифатының бизнесті ғана көздеген қатыгез лаңкестік ұйым екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Өздерінің пікірлестеріне және кішкене сәбиге деген қатыгездігімен «ерекшеленген» біздің отандастарымыз оқиға ізі суымай жатып жазаланды.

Гүлбанудың оқиғасы

Қазіргі таңда ДАИШ жендеттері жазалаған Гүлбану есімді ақтөбеліктің нақты кім екені де белгілі болып отыр. «Время» газетіне өзі хабарласқан ақтөбелік Гүлжан Имашева Сирияда жазаға кесілген әйелдің басқа емес, өзінің қызы екеніне сенімді. «Менің қызым Гүлбану Асанова үш жарым жыл бұрын Сирия территориясына қашып кеткен болатын.  Умм Мариям лақап атын жамылған қыз да сол. Және оның ақтөбелік екенін оқығанда, менің бойымда еш күмән қалмады» депті Гүлжан Имашева. Айтуынша, өзі кісі өлтіріп, өзгенің қолынан қаза тапқан Гүлбану Асанова 1995 жылы туылған. Қандығаштағы өндірістік-экономикалық колледжде оқыған

«2012 жылы қызым Еламан есімді жігітпен танысты. Көп ұзамай мінезі өзгеріп, туыстарынан алыстай бастады. Маған ол жігіт бірден ұнамады. Рас, намаз оқыды, арақ-шарап ішпейтін. Бірақ, Еламан томаға-тұйық болды. Және қызымның болмысын шын мәнінде Еламан басқарып отырды. Осылай жүргенде қызымның неке құруына рұқсат беруден артық амалымыз қалмады. Себебі, қызым жүкті болған еді. Осылайша, қызым мен күйеу балам екі жылдай бізбен бірге тұрды. Дүниеге бір қыз бала келді. Бірақ, неке ұзаққа созылмады. Араға үш жыл салғанда неке бұзылды. Бұл 2015 жыл еді. Осыдан кейін көп ұзамай қызымның баланы тастап, Сирияға аттанғанын бір ақ білдім. «Мені іздемеңдер. Мені өлді деп ойлаңдар» деген хатты ғана қалдырыпты» деп егіледі ана. Гүлбанудың сол кезде Сирия территориясына өтіп кеткендігін құпия қызмет өкілдері де растап отыр.

Жалпы бұл ДАИШ лаңкестік ұйымының шынайы бетпердесін ашатын бір ғана оқиға емес. Сирия жерінде талайдың қаны басқа емес, ақша үшін судай төгіліп жатыр. Бұған дейін біз «Тозақ отынан оралған әйел» атты материалымызда  да ДАИШ жендеттерінің қолынан қаза тапқан қазақстандықтардың тағдыры туралы жазған болатынбыз. «Біз әйелдер жағы өз арамызда ДАИШ-тің істеп жүрген тірлігін ашық талқылауға қорқатынбыз. Себебі, оларға ашық қарсылық танытқандарды табан астында атып тастайтын немесе басын кесетін. ДАИШ-тің адасқанын ашық жариялағаны үшін екі қазақ жігітінің дарға асылғанын да естідім. Жанымда болған қыздардың айтуынша, жігіттер Батыс Қазақстан өңірінің тумалары екен. Бір өкініштісі, лаңкестік ұйым ата-анасы қайтыс болған балалардан айрылмауға тырысады. Мұндайда балаларды ата-анасының таныстары қамқорлайды. Ұйымның қатарында жүргендердің арасында қазақтармен бірге, саудиттер, тунистіктер, француздар, дағыстандықтар, шешендер де бар. Үлкендер жасаған қателіктің салдарынан қаншама баланың зардап шегіп, жетім қалғаны белгісіз. Тағы да айтамын, ол жақтағылар дінді ұстанбайды. Олар исламның атын жамылып жүрген кәнігі қылмыскерлер ғана» деген еді сол материалда М. есімді кейіпкеріміз.

Өкініштісі сол, «бақыт» іздеп соғысқа аттанғандар оқиғасы бір мұнымен аяқталмайды. Ашық дереккөздерден алынған ақпаратта Сирия территориясын кесіп өткен қазақстандықтардың саны бүгінде 800 адамға жеткендігі айтылады. 2018 жылдың шілде айындағы ақпаратқа сенсек, қазіргі таңда соғыс даласына Қазақстаннан 250 әйел, 120 ер адам аттанған. Ең өкініштісі, тозақ отына ата-анасы өз қолымен салған 500 қазақстандық бала жат жерде жәутеңдеп босып жүр…

         Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

меншікті тілші,

Атырау қаласы

 

Редакциядан:

«Азаттық» радиосының мәліметінше, Сирияға барғалы Гүлбану тағы да екі рет тұрмыс құрыпты. Екі күйеуі де сол жердегі соғыста өлген. Гүлбанудың Сириядағы бірінші күйеуінен Румейса есімді қызы бар екен. Гүлжан Имашева есімін есіне түсіре алмаған екінші сәби биыл 20 тамызда өмірге келген. Гүлбану Асанованың туыстары Сирияда өмірге келген жиендерінің қазіргі тағдырынан бейхабар.

 

Гүлжан Имашева, Гүлбанудың анасы:

 «Қызымның рухына құран бағыштаймыз»

– Қызым кетерінде «Мені іздемеңдер, Сирияға кеттім» деп хат қалдырыпты. Хатты бірнеше күннен кейін тауып алдық. Қайта қосылған шығар деп бұрынғы күйеуімен хабарласқанымда ол «мен білмеймін, екі ай бұрын талақ айтқанмын» деп жауап берді. Содан соң полицияға арыздандық.

Қызым кейінірек «мен Сириядамын» деп хабарласты. Оған дейін үйге полиция, ҰҚК өкілдері  келді. Тексеріс басталды. ҰҚК адамдары «қызыңыз Сирияға өтіп кетіпті» деді. Әлеуметтік қызмет көрсететін орталыққа барып, екі-үш күнде паспорт алғанын кейінірек білдік. Гүлбану Сирияға кетіп бара жатқанда үйде құрылысқа деп жинап отырған қаржы болған, бірақ қызым оған тиіспепті. Жұмысы, кәсібі жоқ қызымның Сирияға қалай, қандай қаржыға кеткенін білмеймін.

Бір жағынан ойлаймын, бұл жақсы шығар деп. «Смертник» етіп бір жерге жіберсе қайтесің, ал? Қызым менен 2-5 миллион теңге сұрады. Қалай мен берем оны, ондай ақшам жоқ менің. Күйеуіміз екеуіміз пенсионерміз. Сириядан хабарласқанда телефоннан жәйлап сөйлеседі, «неге жәй сөйлеп тұрсың?»  десем, « Мама бұл жерде мен жалғыз емеспін, бірталай адам бар, интернетке келіп сөйлесеміз» дейді. Бірақ қасында у- шу, гуыл дауыстар шығатын еді…

«Өлді» деген соң қалай үнсіз отырамыз?! Туған-туыс, көршілер көңіл айтып, кіріп- шығып жатыр. Көрмесек те, бетін жаппасақ та қой сойып, садақасын берейік деп отырмыз. Басқа не істей аламыз?! Хабарласқан кезінде «неге кеттің?» десем, «Алланың әмірі солай болды ғой. Сендер менің жүрегімдесіңдер, қызым да жүрегімде» дейтін. Қайтейін енді? Қолымнан не келеді?!

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close