ЖаңалықтарСұрақ-жауап

Мемқызметшілердің дін саласындағы әдебіне байланысты талаптар нақтыланды

Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды. 

Заң жобасының ең маңызды нормалары шартты түрде үш блокқа бөлінген. Оның алғашқысына дінді деструктивті мақсаттарға қолдануға жол бермеуге бағытталған түзетулер кіреді. «Атап айтқанда, «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» деген жаңа ұғымдар енгізіледі. Бұл ұғымдарды енгізу және деструктивті діни ағымдардың идеологиясын, атрибуттары мен сыртқы белгілерін таратуға тыйым салу арқылы сырттан елімізге жат идеологияның енуіне тосқауыл қоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жобада бет-әлпетті тануға кедергі келтіретін киім-кешекті қоғамдық орындарда киіп жүруге тыйым салу көзделген. Мұндай шараларды енгізу азаматтардың қауіпсіздігі үшін қажет. Осы тектес нормалар Бельгияның, Францияның, Болгарияның, Австрияның және басқа да бірқатар мемлекеттердің заңдарында қолданылады. Бұл норма дінге ғана қатысты емес, сол себепті ол «Құқық бұзушылықтың алдын алу туралы» заңға енгізіліп отыр», – деді ҚР Қоғамдық даму вице-министрі Берік Арын.

Сонымен қатар жобада мемлекеттік қызметшілердің дін саласындағы әдебіне байланысты бірқатар талаптар нақтыланған. Жобаға мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексінде көзделген үш шектеу енгізілген. Олар: өзінің қызметтік мүмкіндіктерін діни бірлестіктердің мүдделеріне пайдаланбау, өзіне бағыныстағы қызметшілерді діни қызметке мәжбүрлемеу, діни бірлестікті құруға бастамашы немесе оның мүшесі болмау.

Ғибадат үйлерінен тыс жерлерде некені қию немесе тоқтату бойынша діни жоралғылар мен рәсімдерді жасауға жол бермеу ескерілген. Діни жолмен некеге тұруға ниет білдірген адамдардың біреуі ғибадат ғимаратына келе алмайтын жағдайда (ауыр науқастануы, мүгедектігі, бас бостандығынан айыру орындарында болуы),  бұл діни рәсімді медициналық немесе өзге де ұйымда некеге отыратын адамдардың қатысуымен тіркелген діни бірлестіктің өкілі жүргізе алады.

«Кәмелетке толмағандарды діни қызметке заңсыз тартудан қорғау деңгейі күшейеді», – деді вице-министр. Талқылаудан кейін комитет мүшелері заң жобасын Сенаттың жалпы отырысына бірінші оқылымға шығару туралы шешімді қабылдады.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close