Іздеу саламыз!
Арстанова Лунара Жумабековна ұлдары Хамза мен Хасанмен бірге. Соңғы тұрған қаласы –Аль-Маядин (Сирия).
Тірі ме екен Лунара?!
Сәләфилік ағымға ерген, діни сауаты төмен, соқыр сенімге беріліп, өзінің қателігін ақиқат ретінде қабылдаған қазақтың ұл-қыздары соңғы жылдары «Халифат жолына шықтық» немесе «шахид болып, жәннатқа түсеміз» деп, Ирак мен Сирияға «жихадқа» кеткені белгілі. Олар отты аймақтарға өздерімен бірге балаларын да ертіп әкетті. ҰҚК мәліметі бойынша, бүгінде Сирия мен Иракта 900 қазақстандық жүр. Оның 500-і – балалар.
Олардың арттарында аңырап ата-аналары қалды. Сирияда, өздері ойлағандай, ешқандай «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» өмірдің жоқтығын көрген «жихадшылардың» алды «әупірімдеп» елге орала бастады. Бір кезде сатып кеткен Отанымен жылап көрісердей болып, Қазақстанның билігінен елге әкетуін сұрап жатыр. Олар қоршаудағы қалаларда жандарын шүберекке түйіп күн кешуде немесе әйелдер лагерінде қамауда отыр. Жауған оқ пен үздіксіз түскен бомбаның астында елге қайтар жұлдызды сәтін күтіп қаншама қазақ әйелінің отырғаны белгісіз.
Ал елде қалған аналардың жай-күйін айтсаңызшы! Ішкені ірің, жегені желім болған аналар құзырлы органдардың табалдырығын тоздырып, балаларын қалайда елге әкелудің қамында жүр. Батыс Қазақстан облысында балалары Сирияға кеткен 13 ата-ана бар. Солардың бірі – оралдық Әсел Арыстанова.
«Өмірімнің мәні, жалғызым еді Лунара!»
Әсел Кәкімқызының жалғыз қызы Лунара 1984 жылы дүниеге келген. Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін бітірген Лунара мамандығы бойынша қызмет істемеген. «Студент кезінде намаз оқи бастады, ол кезде Сирияға кету деген пәле жоқ, ел іші тыныш болатын. «Қыз бала ғой, дұрыс жолда жүрер деп намаз оқуға рұқсат бердім», – дейді анасы.
Лунара 2004 жылы 1974 жылы туған Бейбіт Рысқалиев деген Орал қаласының жігітіне тұрмысқа шығыпты. «Күйеу балам сол кезде сақал қойған, балағын кескен жігіт болды. Үйленген соң қолымда 5 жыл бірге тұрды. Өмірге Хамза, Хасан деген екі бала келді. Кешікпей екеуінің арасында кикілжің пайда болды», – дейді Әсел Кәкімқызы.
Бейбіттің әке-шешесінің үйіне барып тұрған ерлі-зайыптылардың ақыры дәм-тұздары жараспапты.
– Қызым бір күні: «Мама, мен ажырасамын. Балаларды алып, Алматыға барып қыдырып келейін, сол жақтан тауар әкелермін сатуға» деді. Ойымда түк жоқ, ақша беріп, құдамның үйінен қызымды екі ұлымен Алматыға шығарып салдым. Бейбіт Оралда қалды.
Бұл 2014 жылдың мамыр айы еді. Бір күні қызым «Мен Түркиядамын» деп телефон шалды. Не істерімді білмей қалдым… Арада бірнеше ай өткенде, бір күні таңғы сағат 5-те күйеу балам телефон шалды. Ол да Түркияда екен. Лунараның телефон нөмірін сұрады. Екеуі қайда кездесті, Сирияда ма, Түркияда ма, мен білмеймін. Әйтеуір, ажырасқандары анық…
Лунара 2014 жылы күзде Түркиядан Сирияға кетіпті. «Халифатқа кеттік» деп хабарлама жіберді. Сулейман деген башқұрт жігітіне тұрмысқа шығыпты.
2017 жылдың 5 қыркүйегінен бері хабарсыз
– Қызым дауысты хабарламамен 2017 жылы 5 қыркүйек күні соңғы рет хабарласты. 14 қыркүйекте үлкен жиенім Хамза шықты байланысқа. Өте көңілсіз… «Әже, біз елге қайта алмаймыз» дей берді. «Сен келсейші бізге, бізге сен керексің, басқа ештеңе де керек емес» деді. Содан кейін байланыс жоқ, – дейді ана
Сириядағы әйелдердің елдегі туыстарын тауып, қызын іздеген Әсел Кәкімқызы Сириядағы қазақтардан жеткен жайсыз хабарды естиді.
«Сіздің балаларыңыз тұрған үйге бомба түсіп, жермен-жексен етіпті. Қызыңыз бен үлкен немереңіз қабырғаның арасында қалып қойыпты. Балаларыңыз жоқ» деп көңіл айтты маған. Сенбедім… Қараша айында башқұрт күйеу балам хабарласып, «Қызыңыз бен балалар жоқ, бір апта іздедім, таба алмадым» деп ватсапқа жазды.
Әсел Кәкімқызы 2018 жылы екінші жиені Хасанның тірі екенін біліпті. Сириядағы бір ресейлік отбасы бағып отыр екен. Биыл оразаның соңында сөйлескен Хасан: «Әже, жақсымын, су, тамақ бар» депті. Бірақ 24 маусымнан бері Хасан да, оны бағып отырған әйел де хабарсыз көрінеді.
– Қызым мен жиендерім қаза болды дегенге сенбеймін. Жүрегім сенбейді. Олар тірі! – дейді көз жасын әрең тыйып Әсел ана.
Хасанға «Мамаңның туған күні ғой, мамаңның бетінен сүй!» деп жазып жіберіпті. Бірақ ол хабарлама әлі күнге дейін ашылмапты. Яғни ешкім оқымаған… Мүмкін телефон сынып қалған шығар, әлде жоғалтып алды… Біреуді біреу танып болмаған соғыста Лунара да бір жерде бас сауғалап тірі жүрген шығар, Хамза мен Хасан да аман шығар, Әсел Кәкімқызы!
Қоршаудағы Ас-Суса қаласында…
Екінші кейіпкеріміз Айнаның қызы – 1991 жылы туған Айдана Максим 2009 жылы тұрмысқа шығады. 2011 жылы күйеуі Асхат Қадыров екеуі бір жастағы ұлы Исмайлды алып, «Астанаға барамыз» деп кетіп, Ауғанстанға өтіп кеткен. 2012 жылы бір рет хабарласқан. Сол жылы Мухаммад деген екінші ұлы дүниеге келіпті.
– 2013 жылы мүлде хабарсыз кетті. Бірақ, Аллаға шүкір, тірі екен! 2014 жылы қызым хабарлама жіберді. «2013 жылы Асхат Ауғанстанда бақилық болды, сүйегін көрген жоқпын» деп жазды. Өзі балалармен Түркияның Ыстамбұл қаласына жетіпті. 2014-2015 жылдары қатарынан Ыстамбұл қаласына іздеп барып, көріп қайттым, – дейді анасы Айна.
Түркияға барған соң Айдана Көкшетаудың жігіті Осман деген қазаққа тұрмысқа шығыпты. Одан туған ұлының есімін Усама деп қойған…
2016 жылы Түркиядан Сирияға жихадқа кеткен Айдана бүгінде күйеуінен ажырасып, дағыстандық жихадшыға тұрмысқа шыққан. Қоршаудағы Суса қаласында тұрады. Қараша айында төртінші баласын жеңілденейін деп отырған Айдана Көкшетаудан жихадқа кетіп, Ауған- Пәкістан шекарасында қайтыс болған ерлі-зайыптының екі баласын асырап отыр. Ол екі баланы туыстары елге қайтару қамында жүргені туралы телеарналар айтуда.
«Қалай адасты, кім адастырды қызымды?»
– Үйде жүргенде намаз оқыса да, малынып киінген жоқ еді Айдана. Күйеуге шыққан соң қара киім жамылып, бетін жауып тастады. Күйеу балам о бастан-ақ балағын кесіп, сақал қойған жігіт болды. «Сестра», «брат» деп сөйледі екеуі де. Ата-енесінен бөлек тұрды. Қалай адасты, кім адастырды қызымды? – дейді көз жасына ие бола алмаған Айна.
Күні кеше Сауд Арабиясы Патшылығы құқық қорғау органдары мұсылмандар арасында діни алауыздық тудырды, заңсыз уағыз жүргізді деген айыппен Ділмұрат Махаматов пен Назратулла Абу-Мариямды қамауға алғаны туралы хабар жетті елімізге. Аталған азаматтардың салафизм иделогиясын елімізде қарқынды түрде насихаттап, жастарды адастырып жүргені туралы дін мамандары мен құқық қорғау органдары мәлімдеме жасады.
Сондай-ақ 2000 жылдың басында батыс өңірде болған «Шейх Халел» де өткен жылы елге экстрадицияланып, Орал қаласында 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Аталмыш адамдардың интернеттегі әлеуметке желілер арқылы діни теріс уағыз айтып, қазақ жастарын ата-баба жолынан тайдырып, санасын жат ағыммен улағандары айтылып та, жазылып та жүр. Оның айқын дәлелі – жалған халифатқа алданып барып, Сирияда ажал құшқан қазақтың жігіттері мен елге қайта алмай, жат жерде аш-жалаңаш қаңғып жүрген қазақ қыздарының бүгінгі тағдыры!
«Жаралы болып қалмасақ екен деп жатамын түнде»
Айна бүгінде қызымен ватсап арқылы күн сайын хабарласып тұрады. «Қоршаудағы қалаға бомбаның даусы анық естіліп тұрады» дейді қызы. «Түн не болар екен, жаралы болып қалмасақ екен деп жатамын түнде» деп жазады анасына.
Иә, олар адасты! Қазақ халқының арасына жік салып, мемлекетіміздің, қазақтың тұтастығын бұзуды көксеген сәләфилік ағымға ерушілер болды. Ғасырлар бойы атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық құндылықтарымыздан безіп, дәстүрлі Ханафи мазхабын мойындамады. Намаз оқымаған адамды «кәпір» деді, ата-анасының қолынан «харам» деп тамақ жемеді. Енді жат жерде, исламның исі де сезілмейтін қырғын соғыс, төгілген қан, талап-тапау, атып-асу, жәбірлеу-қорлау салтанат құрған елге тұтқын болып, сандарын соғып қалды. Қаншама күнәсіз бала балалық шағынан айырылды?
Соңғы жылдары Үкімет пен құзырлы органдар отты аймақтардағы қазақтарды елге қайтару жұмыстарын қолға алды. ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Мұхтар Тілеубердінің айтуынша, Иордания мен Ливандағы Қазақстан елшілігі Қазақстан азаматтарын іздеумен айналысып жатыр. Отты аймақтарда күні бүгін 250 әйел мен 125 еркек бар. Жалпы Сирия мен Ирактағы қарулы қақтығыс басталғалы елге 90 бала мен 120 «жиһадшы» оралған. Оның 45-і әйелдерімен келді. Бұл балаларынан тірідей айырылған ата-аналардың көңіліне үміт ұялатып отыр. Олар балалары мен немерелерімен кездесер күнді асыға күтуде.
P.S. 20 қазанда АҚШ бастаған халықаралық коалицияның әуе соққысынан ас-Суса және аль-Бубадран қалаларында 62 бейбіт тұрғын мерт болды.(РИА Новости). Олардың арасында балалар да бар. Құлаған үйлердің астында қалған адамның қанша екені белгісіз. Айдана бүгінгі бомбалаудан аман екендерін хабарлаған… Міне, бүгінгі Сириядағы жағдай осы. Адасудың алды – жұмбақ, арты – сор. Бүкіл әлем алаңдап отырған террорлық әрекетке құрылған жалған халифаттың осындай ащы шындығынан елдегі қазақ жастары сабақ алса, кәне?!
Ұлдай САРИЕВА,
Атырау – Орал – Атырау
«Дүрбі» газеті