Басты тақырыпЭксклюзив

«Тозақ отынан» оралған әйел – ЭКСКЛЮЗИВ

«Сирия даласында жүрген кезде әскери ұшақтар тастаған бомбалардың астында бірнеше рет қалған сәттеріміз болды. Осындай төтенше жағдайларға арнап сөмке дайындап қоятынбыз. Онда ең керек деген заттарымыз сақталатын. Өзімнен бұрын балаларым үшін қатты қорқатынмын. «Сендер қазақсыңдар. Туған елдерің – Қазақстан. Мен олай-бұлай болып кетіп жатсам, сұраған адамдарға осылай айтыңдар» деп, балаларымды үйретіп отыратынмын. Сирияда өткен бес жыл мен үшін нағыз тозақ оты болды. Ол жақта ешқандай да шариғат жоқ. Мұсылман мұсылманды өлтіріп, бірін-бірі талап жатыр. Аман-есен еліме келгеніме қуанамын» – деді аты шулы Сирия жерінен қашып шыққан атыраулық келіншек. Қазір ол Атырау облысына қарасты Жылыой ауданында тұрады. Кезінде отты нүктеге екі жасар қызымен кеткен кейіпкеріміз соғыс даласында жүріп, екі баланы өмірге әкелген. Соғыс даласындағы бес жылының қалай өткенін әрі қарай кейіпкеріміздің өз аузынан баяндағанды жөн көрдік.

«Шариғаттың емес, қатыгездіктің заңы»

«Дінге қызығушылығым ерте жастан басталды. Атырауда колледжде оқып жүргенімде құрбы қыздарыммен пәтер жалдап тұратынбыз. Намазды бірге тұрған қыздарым үйретті. Осылайша, мұсылмандығымды намазбен бекіттім. Сирияға кеткенге дейін түрлі шейхтардың уағыздарын интернет арқылы тыңдап жүрдім. Мойындауым керек, өзімнің діни білімім жоқ. Бірақ араб тілін Мысырда жүргенде үйрендім. Күйеуім Каирде білімін жетілдірген еді. Сирияға Мысырда жүргенде кетіп қалды. Және күйеуім Сирияға кеткен кезде өз басым ол елдегі ахуал туралы білмеген едім. Сондықтан да оның соңынан ере беріппін…
Сириядағы ахуал туралы бүгінде ақпарат құралдары жиі жазып жатыр ғой. Расымен де, ол жақта ешқандай шариғат жоқ. Кімнің кіммен және не үшін соғысып жатқандары да белгісіз. Ол жаққа кезінде, яғни осыдан тура бес жыл бұрын күйеуімнің шақыртуымен кеткен болатынмын. Сирияға барған сәтте-ақ өкіндім. Бірақ күйеуімнің айтқанынан шыға алмағандықтан, кері қайта алмаған едім. Әрі елге кері жол табу да қиын болды. Мүмкіндік қалай туды, солай елге оралып отырған жайым бар.
Күйеуім Қазақстанды «кәпірлердің елі» деп атайтын. «Бұл жерде халық адамның шығарған заңына бағынады. Ал Сирияда біз шариғатпен өмір сүретін боламыз. Нағыз мұсылман мемлекетін қалыптастырамыз» дейтін. Бірақ ол жақтағы жағдай мүлде басқаша еді. Ол жерде шариғаттың емес, керісінше, қатыгездіктің заңы бар. Қарама-қайшылық көп. Мәселен, «ислам мемлекетін құрып отырмыз» дейтін ДАИШ билігіндегілердің өзі мұсылмандардың басын шауып өлтіретін. Әділетсіздіктер көп еді.

«Сирияның шекарасын заңсыз кесіп өттік»

Бірақ қантөгіске қарамастан, лаңкестер насихат жұмыстарын үзбей жүргізіп отырады. «Біз тура жолда жүрміз» деген бағытта түсірілген фильм, роликтерін интернет арқылы тарататын. Листовкаларды үйді-үйге әкеліп тастайтын. Одан қалды, ДАИШ билігіндегілер арнайы дайындап қойған «ұстаздары» болады. Олар бізге тура жолда жүргендігіміз туралы уағыз айтатын. Арасында қолмен жазылған брошюлар таратады. Басқа елдердің кітаптарын, ғалымдарын мойындамайтын. «Және бесіктен белі шықпаған бала қолына қару ұстады» деген әңгіме де жел сөз емес. Жасы он үшке келген ер балаларды бірден әскери дайындыққа алып кететін. Бірақ кей аналар «әлі жас» деп балаларын әскери дайындыққа бермей де жүрді. Мен ол жаққа жихад жасау мақсатында емес, ерімнің шақыруымен кеттім. Және Сирияға барған сәтте-ақ маған ол жердегі жағдай бөтен елдегі соғыс сияқты көрінді. Бірақ, жоғарыда айтқанымдай, біз сияқты шеттен келгендермен идеологиялық жұмыстар жақсы жүргізіліп тұрды. «Сендер хижра (Отанын тәрк ету – ред.) жасап келдіңдер. Хижра жасаушылардың барлық күнәсі кешіріледі. Ақиқат жолында өлсең, әр тамшы қаныңнан күнәларың кешіріледі. Жәннатқа кіресіңдер» дегенді жиі айтатын. Ол кезде менің діни ілімім болмаған еді. Сондықтан тіпті «жихад» деген ұғымның өзін аса түсіне бермейтінмін.
Сирияға кеткен кезде қызым екі жас шамасында еді. Күйеуім шақырған соң соңынан жүре бердім. Елден кетіп бара жатқанымды қайынсіңлім мен туған әпкем ғана білді. Басқаларынан жасыруға тырыстым. Сол кезде әпкем «барма» деп, біраз ақылын айтты. Бірақ шешуші сәтте мен ешкімді тыңдамастан кетіп қалдым. Сирияға Қырғызстан арқылы бардым. Күйеуім алдын ала жолсеріктер дайындап қойған болатын. Олармен Қырғызстанның әуежайында кездестім. Әрі қарай жолым сол кісілермен бірге болды. Қырғызстаннан Түркияға өтіп, кейін автокөлікпен жүріп отырып, шекараға жеттік. Сөйтіп, біз Сирияның шекарасын заңсыз кесіп өттік.

«Күйеуімнің сүйегі қайда қалғанын да білмеймін…»

Ол жердің заңы бойынша көшеде әйелдерге ниқаб киіп жүру міндеттелетін. Тіпті көздің өзін жауып жүруді парыз ретінде үйрететін. Және әр үйде, демек, әр әйелде бір-бір қарудан болатын. Оны бізге қорғану үшін деп түсіндіріп жүрді. Сирияның жергілікті халқымен араб тілінде сөйлесетінбіз. Маған олар ДАИШ-тен қорқатындай болып көрінетін. Қазақтар өз арамызда қазақ тілінде сөйлесіп жүрдік.
Бастапқыда балаларымызға арабша білім беріліп жүрді. Кейін балаларымыз мектепке баруды доғарды. Себебі соғыс қимылдары күшейіп кеткен болатын. Осылай жүргенде күйеуімнің соғыс даласында көз жұмғанын естідім. Қаралы хабарды маған жолдасымның жанында жүрген танысы жеткізді. Мүрдесін телефонның камерасына түсіріп әкеліп көрсетті. Сүйектің қайда қалғанын да білмеймін. Әйтеуір, адам қай жерде опат болса, сол жерде жерленеді дегенді еститінмін.

«Коди» соты некемізді қиды»

Күйеуім өлгеннен кейін жесір әйелдерге арналған үйде тұрдым. Арада алты ай өткеннен кейін екінші жолдасым маған әйелдер арқылы құда түсті. Әйелдер алдымен тұрмыс құру туралы ойымның бар-жоғын сұрады. Күйеуге шыққым келмейтінімді айтқанда, «Қазір жағдай қиын. Қорған болатын ер адам керек» деп үгіттей бастады. Сөйтіп, куәгерлердің көзінше бір рет кездестік. Содан соң некелестік. Жергілікті жұрт «қоди» деп атап кеткен сот некемізді қиды. Ол – Қырғызстанның азаматы. Ұлты ұйғыр болатын. Арамызда бір ұл бар.

«Екінші күйеуіме айтпай, қашып кеттім…»

Жесірлер үйінде тұрған уақытымда ДАИШ территориясынан ұлты шешен әйелдің қашып шыққанын естіген едім. Сұрастыра келе, онымен байланысқа шығудың сәті түсті. Телефон нөміріне хабарласып, көмек сұрадым. Бірақ ол кезінде өзін территориядан шығарып жіберген адамдардың бұл іспен айналыспайтындарын айтты. Екінші рет ДАИШ-тің құрамынан шыққысы келетін адамдардың барын естідім. Бірақ оларды іздестіріп таба алмадым. Осылайша, бесінші жыл дегенде үшінші мүмкіндік туды. ДАИШ аумағын тастап, өз еліне кеткісі келетін адамдарды кездестірдім. Олардан көмек сұрадым. Бастапқыда олар менімен сөйлескісі келмеді. Бірақ кейін ойлана келе, хабарласатындарын айтты. Сөйтіп, арнайы жолбастаушыларды іздестіріп, таптық. Елге кетіп бара жатқанымды екінші жолдасыма айтпадым. Қашып кеттім.

«Түркияға жеткенше 150 бекеттен өттік»

ДАИШ-тің бағындырып отырған территориясы автобуспен жүргенде шамамен қырық минуттық жер болатын. Бірақ соған қарамастан, оларда күзет қызметі дамыған. Яғни шекараның әр тұсында арнайы блог постар болады. Ол жерден байқатпай өтіп кету мүмкін емес. Жолбастаушылар бізді ДАИШ-тің күзет бекеттерінен жасырын жағдайда шығарды. Үлкен жүк көліктерінің ішінде сандыққа ұқсас нәрсені орналастырған. Бізді сол сандықтардың ішіне жатқызды. Шамамен ұзындығы екі метр, ені бір метрдей болады. Үлкендер жағы шыдаймыз ғой. Балалар жыламас үшін оларға ұйықтататын дәрі бердік. Бізді байқап қоймас үшін көліктің ішін сықаған затқа толтырды. ДАИШ-тің территориясынан шыққаннан кейін шөл даламен сегіз сағаттай жол жүрдік. Әрі қарай қандай жолмен жүргенімізді білмеймін. Жолкөрсетушінің айтуы бойынша, ДАИШ территориясынан Түркия жеріне жеткенге дейін 150 бекеттен өткен екенбіз. Осының барлығына шамамен жиырма сағатқа жуық уақыт керек болды. Әр бекеттен өткен сайын көлікті тексертпеу үшін жолсерік барлық тексерушілерге ақша беріп өткен. Сириядан Түркияға жету үшін өз басым 5 мың доллар төледім. Бұл – төменгі баға. ДАИШ территориясынан адам алып шығудың құны 15-20 мың долларға дейін көбейе береді. Маған қаражатты елдегі қайынбикем жіберді. Қазақстандағы құзырлы органдар арқылы келісім болғандықтан, ақша алдымен Түркияға аударылды. Одан әрі Сирияға қаражат жеткізуші делдал іске араласып, ақшаны маған алып келді. Қызметі үшін соманың он пайызын алды.

«Олар исламның атын жамылған қылмыскерлер»

Шыны керек, біз әйелдер жағы өз арамызда ДАИШ-тің істеп жүрген тірлігін ашық талқылауға қорқатынбыз. Себебі оларға ашық қарсылық танытқандарды табан астында атып тастайтын немесе басын кесетін. ДАИШ-тің адасқанын ашық жариялағаны үшін екі қазақ жігітінің дарға асылғанын да естідім. Жанымда болған қыздардың айтуынша, жігіттер Батыс Қазақстан өңірінің тумалары екен. Бір өкініштісі, лаңкестік ұйым ата-анасы қайтыс болған балалардан айрылмауға тырысады. Мұндайда балаларды ата-анасының таныстары қамқорлайды. Ұйымның қатарында жүргендердің арасында қазақтармен бірге саудиттер, тунистіктер, француздар, дағыстан, шешендер де бар. Үлкендер жасаған қателіктің салдарынан қаншама баланың зардап шегіп, жетім қалғаны белгісіз.
Сирияда медициналық жағдай нашар болатын. Дәрі-дәрмектер толық жеткізілмейтін. Балалардың арасында түрлі эпидемия болып тұратын. Мысалға, қызылша, шошқа ауруы, сары ауру сияқты эпидемиялық аурулар жиі тіркелетін. Және ауру баладан балаға жұғу арқылы тез таралатын. Осындайда біз вакцина салынса деп тілейтінбіз. Бірақ бізге ешкім көмекке келмеді. Осындай аурулар салдарынан жасы әлі бірге толып үлгермеген екі бірдей сәби көз жұмды.
Тағы да айтамын, ол жақтағылар дінді ұстанбайды. Олар исламның атын жамылып жүрген кәнігі қылмыскерлер ғана.

«Отаным қателігімді кешірді»

Қазір шүкір деймін. Өзімнің еліме оралдым. Дінді ұстануға барлық мүмкіндікті жасап отырған еліміздегі бейбіт өмірдің қадірін білсек деймін. Жетіге толған үлкен қызым бірінші сыныпқа барып жүр. Ортаншы қызым төртке толады. Ол мектептің тілашар курсында. Кенже ұлым алты айлық. Енді балаларымның болашағы үшін жұмыс істеп, ел қатарлы өмір сүрсем деймін. Басты арманым да осы. Рас, қазір біздің қолымызда құжаттарымыз жоқ. Сириядан шыққанымызда Қазақстанның Түркиядағы елшілігі уақытша төлқұжат жасап берген болатын. Сол құжаттармен жүріп жатқан жайымыз бар. Осындай зор қателік жасағаныма қарамастан, елімнің түсіністікпен қабылдап жатқанына шын ризамын», – деп сөзін аяқтады кейіпкеріміз бізбен қоштасарында. Екінші рет тұрмысқа шыққанына қарамастан, кейіпкерімізді марқұм күйеуінің ата-анасы қабылдаған екен. Қазір ол Жылыой ауданында қайын жұртының шаңырағында тұрып жатыр. Адасқан өмірдің ащы шындығы осындай…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
меншікті тілші,
Атырау қаласы


Мұхиддин ОМАРОВ,
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологі:

Кейіпкеріміз дінді түсінбеген

Бүгінгі кейіпкеріміз әу бастан псевдосалафизм бағытын ұстанған. Бірақ әлі күнге дейін сунна мен мәзһабтың айырмашылығын білмейді. Яғни діни білімі өте төмен. Және оның кезінде отты нүктеге өз еркімен кетуіне де исламның шынайы негіздерін түсінбеуі себеп болған.
Олар «Алланың сипаты бар. Мекені – аспан. Алла аспанда аршының үстінде отыр. Түн ортасында аспаннан түсіп, дұғаларды қабыл етеді» деген сенімде жүреді.
Таңқалатыным, жастар намазды үйренеді. Бірақ мешіт ұстаздарына сұрақ қоймайды. Кез келген мәселені анықтауға тырыспайды. Кеңес Үкіметі кезінде Қазақстанда жетпіс мешіт болған еді. Тәуелсіздік жылдарында елімізде үш мыңнан астам мешіт салынды. Он жетіге жуық қарилар медресесі бар. Демек, елімізде толыққанды діни білім алуға барлық мүмкіндік бар. Жастар осы мүмкіндікті пайдаланса деймін.

 

Салтанат НҰРБЕКОВА,
«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының психологі:

Ол фанатизмнің құрбаны болды

Кез келген дін атын жамылғанға жаңа қосылған жамағатты лидерлер психологиялық қысымға алады. Өздерінен басқаның бәрін «адасқан, кәпір» санатына қосып, сананы улайды. Осыдан кейін ұлттық дәстүріне қарсы шығып, Отанына, ата-ана, ағайын-туыс, қоршаған ортаға деген өшпенділік оятады. Өшпенділік сезімі агрессиялық мінез-құлық тудырады. Кейіпкеріміз соқыр сенімнің жетегінде болған. Әрі оның Сирия жеріне аттануына жастығы, албырттығы да себеп болса керек. Қазір ол өткен өміріне өкініп отыр.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close