Басты тақырыпЖаңалықтар

«Дүрбі» газетінің ұжымын Қоғамдық келісім комитеті марапаттады

7 желтоқсан күні Астана қаласында ҚР Қоғамдық даму министрлігінің Қоғамдық келісім комитеті журналистерге арнап дін саласындағы мәселелерді жариялау бағытында тренинг өткізді.

Қоғамдық келісім комитетінің жетекшісі Қайсар Жанаханов қоғамдық пікір және деструктивті діни идеологияға қарсы иммунитет қалыптастыруда БАҚ өкілдерінің рөліне тоқталды.

Тренингте діни экстримизм мен терроризмге қарсы ақпараттық іс-қимылдар жайлы ҚР ҰҚК Академисының Терроризмге қарсы дайындық орталығының қызметкері, сарапшы-саясаткер Руслан Иржанов және  БАҚ материалдарындағы әлемдік және дәстүрлі діндер, қызықты фактілер жайлы бұқаралық және корпоративті коммуникациялар жөніндегі маман Рүстем Рахимов баяндады.

Іс-шара қатысқандарға сертификаттар табыс етіліп, БАҚ-да діни қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты үздік ақпараттандырған журналистер марапатталды.

Жарыққа шыққанына 2 жыл болған «Дүрбі» газеті және оның бас редакторы Ұлдай Сариева, аталмыш газеттің Маңғыстау облысындағы меншікті тілшісі Еркеш Азаматқызы, облыстық «Атырау» газетінің әдеби редакторы әрі «Дүрбі» газетінің Атырау облысындағы меншікті тілшісі Баян Жанұзақова дін саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп жүргені үшін ҚР Қоғамдық даму министрлігі  Қоғамдық келісім комитетінің дипломы мен қаржылай сыйлығына ие болды.

Бүгінде «Дүрбі» газетінде тарих, әдебиет, ұлттық құндылық, ұрпақ тәрбиесі, салт-дәстүр, тіл мен діл, тылсым, жаратылыс, әлеуметтік түйткілдер және басқа тақырыптар, сыни және талдау мақалалар басылады. Алайда газет өзінің негізгі мақсаты – дін мәселелерін жан-жақты көтеруді, діни теріс ағымдар мен секталарға, терроризм мен экстремизмге қарсы ақпараттық танымды басты назарында ұстап, эксклюзивті мақалалары арқылы өз оқырманын тапты. Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында таралатын аймақтық газет бүгінде дербес сайты арқылы ақпаратының таралу шекарасын кеңейте түсті.

Қоғамдағы ұңғыл-шұңғылы көп мәселелерге ДҮРБІмен қарағандай анық көз жеткізіп, әрі оқырман санасына жететіндей етіп терең қозғай білетін әріптестерімізді марапатымен құттықтаймыз.

Нұрлыбек Рахманов,

durbi.kz сайтының редакторы

 

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close