Жаңалықтар

Атыраулықтар Мәуліт мерекесін атап өтті (СУРЕТ)

Атырауда Мәуліт мерекесінде мешіт қызметкерлеріне Умраға жолдама берілді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен Атырау қаласындағы «Жастар» мәдениет үйінде Қасиетті Құранмен басталған рухани кеште жұртшылықты мұнайлы өлкенің Бас имамы Батыржан Мансұров арнайы құттықтады.

«Аллаға шүкір, Тәуелсіздігіміздің арқасында халқымыз асыл дінімізбен, ділімізбен қайта қауышты. Бір кездері ата-бабаларымыз дінімізді ашық ұстануды аңсап өткен еді. Қазір міне, егемендікпен бірге, еліміздің түкпір-түкпірінде мешіттер бой көтеріп, азан айтылуда. Мәуліт айы республика деңгейінде атап өтілуде. Пайғамбарымызды (с.ғ.с) мадақтау, өмір деректерін насихаттау – үлкен нығмет. Алла Елшісі (с.ғ.с) шынайы мұсылманның символы еді. Сондықтан, қазіргі таңда мұсылмандар арасында кемшіндеу түсіп жатқан кешірімділік, рақымдылық қасиеттерді нығайта білуіміз керек» деген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкілі, орталық «Иманғали» мешітінің Бас имамы Батыржан Мансұров Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) рақымдылығын ерекше паш ететін оқиғаны баяндады.

Мадина қаласының базарында қайыр тілеп жүрген яхуди әйелдің Алла Елшісінің рақымдылығына, мейірімділігіне ерекше тәнті болып, ислам дінін қабылдағандығы жөніндегі әсерлі әңгіме баяндалғаннан кейін, «Рахымды Пайғамбар» атты рухани кеш марапаттау рәсіміне ұласты.

Бұған дейін Атырау облысының Бас имамы Батыржан Мансұровтың жас шәкірттер арасында бәйге жариялағандығын хабарлаған болатынбыз. Қырыққа жуық шәкірт қатысып, іріктеу, сынақ мерзімі кезінде оқ бойы озық шыққандарға Батыржан қажы Берденұлы салтанатты жағдайда жүлделерді табыстады. Бәйгенің ең басты сыйлығы – Умра, яғни кіші қажылыққа жолдаманы Берік Мадияров қанжығасына байлады. І орынды иеленген Серболат Байжановқа 100 мың теңге тапсырылды. ІІ және ІІІ орындарды өзара бөліскен Әділжан Қаламғалиев пен Шахзод Досанов 70 мың теңге мен 50 мың теңгенің сертификатын иемденді.

Тағы бір тосын сый – орталық «Иманғали» мешітінің жұмысын бастағанына биыл 18 жыл. Осынау уақыт ішінде мешітте табан аудармастан еңбек етіп келе жатқан Дәметкен Дюсупаева мен тазалықшы Әсем Макұловаға Умраға жолдама берілді.

Рухани кешке Атырау облысы Дін істері басқарма басшысы Қайролла Көшқалиев арнайы қатысып, жиналған жамағатты мерекемен құттықтады. «Рахымды Пайғамбар» атты рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне белгілі әншілер Сержанәлі Әлібек пен Айдар Тұрғанбек атсалысты.

Орталық «Иманғали» мешітінің баспасөз қызметі

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close