Мақалалар
Еліміздің еркіндігі – тәуелсіздік
«Қазақ өз тәуелсіздігін алады, біз оны көрмеуіміз мүмкін, бірақ болашақ ұрпақ көреді» деген еді кешегі Алаш көсемдері. Қазақ тарихы, қазақтың тыныс-тіршілігі әрқашан тәуелсіздік, еркіндікпен тікелей байланысып жатады. Осы бір бабадан бізге мұраға қалған ұшса, сұңқардың қанаты талатын, шапса, тұлпардың тұяғы тозатын ұланғайыр далада еркін өмір сүріп жатқан бүгінгі ұрпақ, біз бақытты емеспіз бе?
Егемен елдің ертеңін арқалаған, бүгінгі ұрпақтың алдында тұрған мақсат ұшқан құстай дамыған заманның заманауи үрдісінен қалыспай, жаңашылдыққа бет бұрып, үздіксіз алға басу екендігі айдан анық ақиқат. «Ісіңізге, еңбегіңізге, оқуыңызға нағыз адамгершілікпен қарасаңыз, сөз жоқ, жеңіске жетесіз» деп өнеге қалдырған Сәтбаев Қаныш атамыз. Тар заманның тар қыспағында жүріп, таңқаларлық жетістіктер мен таңғажайып жемістерді тарту еткен кешегі ұлы даланың ұраны – ата-бабаларымыздың бізге қалдырған ұлық мұрасын ұлағаттап, ұлттық руханиятымызды сақтау, бабалардың бергенін балаларымызға жеткізу бүгінгі жас буынға парыз екенін тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан әрбір ұлт өрені ұғынуы тиіс.
Адам баласы мақсатына жету үшін жол жүруі керек, жол жүру үшін жүрер жолы қауіпсіз, жолға серік және арып-аштырмайтын азық керек. Олай болса, біз де бір жолаушымыз, тәуелсіз елде еркін өмір сүрген әрбір ұрпақ – ел егемендігін болашаққа алып бара жатқан жеткізуші, осы орайда айтылатын уәж – біздің жол-жобамыз өте қауіпсіз, себебі біз тәуелсіздікте өмір сүрген еркін елміз. Бағытымыз айқын, бағдарымыз бар, мақсатымыз мығым. Ендеше, бізге ендігі міндет – ол уақытты қолдан бермей, үздіксіз ізденіс, оқу, талпыну, еш тоқтаусыз алға жүру. Озық ғылымның тетіктерін игеріп, басқалармен бәсекелесуге қуатты болумен қатар, ой-санамызға білімнің тәрбиелі, таза тағылымын жинауға тиістіміз. Оған дәлел боларлықтай әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген қастерлі қағидасы – қай заманда да өз құнын жоймайтын қанатты сөз. Ендеше, тәуелсіз еркін елде өмір сүрген бүгінгі ұрпақ үшін ең басты мақсат – ол руханиятты көтеру, атадан қалған абыз мұралармен, анадан қалған асыл қасиетімізді жоғалтпау болып табылады деп түсінер едім.
Біздің тәуелсіз еліміздің идеясында орындалмайтын адам баласына тән емес мақсат қойылмаған, адам баласының қолмен істеп, ойымен жете алатын әрі жеткізе алатын ой-санаға сыйымды мақсаттар ашық көзделген. Оған бірден-бір айғақ Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» мақаласында баса айтылған «Өкінішке орай, тарихта тұтас ұлттардың ешқашан орындалмайтын елес идеологияларға шырмалып, ақыры су түбіне кеткені туралы мысалдар аз емес» деп, алға басар жолымызға, алар қамалымызға нық сеніммен кетіп бара жатқанымызды жадымызға салғаны белгілі. Демек, біз санамызда сақтауымыз керек болған ең басты байлығымыз – ұлттық құндылығымыз, дініміз, салт-дәстүріміз, әрқашан биіктерге барар баспалдақ, жетістіктің діңгегі екендігін есте сақтауды ескертеді. Әрбір халық болсын, қауым болсын, жеке адам болсын, өзінің болмысын жоғалтпастан жеткен жетістігі нағыз жетістік болмақ. Адам баласы өткен тарихынан сабақ алады, алуы керек. Себебі тарих тек шындықтан тұрады, тарих нақты болған болмыстан болашаққа жетеді және болашақ үшін үлкен сабақ берумен қатар орнықты ойлар қалыптастырады.
Ендеше, еліміздің еркіндігі, тәуелсіздік – болашағымыздың мызғымас тірегі. Ғылым мен білімнің қадіріне жеткен жас ұрпақ та.
Мұрат ТҰРЛЫБЕКОВ,
«Шапағат» деструктивті діни ағымдардан
зардап шеккендерге көмек орталығы»
қоғамдық қорының директоры,
Атырау қаласы