Жаңалықтар
ҚР ҰҚК: Терроризммен күрес қатаң қадағаланады
Елде терроризммен күрес қандай деңгейде?
Қаңтар айында Алматыда ұсталған шетел азаматтарының көздеген түпкі мақсаты қандай болды? Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков депутаттардың осы сауалдарына жауап берді. Сондай-ақ сенаторлар осыған қатысты келісімді ратификациялауды талқылады.
«Ирак және Левант» ұйымының лаңкестері Пәкістан аумағынан белгісіз тікұшақтармен Тәжікстан жеріне түсріліп жатыр. Бұл ақпарат – агенттіктерінде жүрген Ресей Федерациясы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Зубовтың ресми мәлімдемесі. Бұл ретте әрине, біздің елімізге де қауіп төнуі әбден мүмкін. Осыған алаңдаушылық білдірген сенаторлар ҚР ҰҚК төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбековке сұрақты төтесінен қойды.
Талғат Мұсабаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Сіз Ресей Федерациясы ІІМ орынбасары жасаған ресми мәлімдемесі жайлы қандай баға бере аласыз? Оның айтуынша, ТМД елдерінің шекарасына 6 мыңға жуық лаңкес жақындаған.
Нұрғали Білісбеков, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары:
– Біз түрлі жауапты органдардан ақпарат аламыз. Ауғанстанның және өзге елдердің арнайы қызметтерінен лаңкестер жайлы мәліметтерді жиі алып тұрамыз. Ал енді шекараларға «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымының осыншама өкілі жақындады дегенге кішкене сенімсіздік танытамын. Бұл ақпаратты әлі жіті тексеру қажет. Біз бұл бағытта жан-жақты жұмыстар атқарып жатырмыз.
Сирия, Ирак, Ауғанстандағы қақтығыстарды ескеріп, бізге де сырттан келетін қауіпті бақылап отырған ҚР ҰҚК терроризммен күресу бағытындағы жұмыстарын мықтап қолға алды.
Биыл қаңтардың басында Алматыда «лаңкестік әрекет жасамақ болды» деген күдікпен топ құрықталды. Ұсталғандардың барлығы Орталық Азия елдерінің азаматтары.
Нұрғали Білісбеков, ҚР Ұлттық Қауіпсіздік Комитеті төрағасының орынбасары:
– Қолға түскен азаматтар шетелдегі «Ирак және Левант» лаңкестік ұйымы содырларының тапсырмасымен және олардың басшылығымен Қазақстанда лаңкестік әрекет жасамақ болған. Негізгі мақсаттары – Қазақстандағы ахуалды тұрақсыздандырып, тәртіпсіздік жағдайын тудыру.
Лаңкестермен күресуді Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының да басты назарында. Айталық, Қазақстанның бастамасымен халықаралық терроризмге қарсы күрес бойынша нақты іс-шаралар қабылданды. Бұған қоса террористік топ деп танылған заңсыз ұйымдардың тізімі толық құрылды.
Енді Сенат депутаттары ТМД елдерінің терроризм және экстремизмге қарсы күрес жүргізетін құзыретті органдарды материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз етудегі ынтымақтастығы туралы келісімді жылдам ратификациялау керектігін айтады.
Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
– Қазіргі халықаралық жағдайдың шиелінісіп тұрғандығын ескеретін болсақ, жақында Сирияда болған «Жусан» операциясы. Ол – арнайы технияканың және оны пайдалана алатын адамдардың қатысуымен жүзеге асырылған дүние. Оның үстіне Ауғанстан мәселесі тек Ресейдің ғана емес, бүкіл дүние жүзіне алаңдаушылық туғызып отыр. Өйткені қазір Ауғанстаннан Америка әскерлері шығарылып, ол жерде талибан өзінің күшін иеленіп отыр. Осының барлығы бұл келісімді тез арада қарап, бекітіп, біздің терроризмге қарсы күресетін тиісті құрылымдарды тиісті техникамен жарақтандыру керек деп есептейміз.
Риат Шони, тілші:
– Бұл құжат 7 мемлекеттің арасында келісілген. Ол терроризмге қарсы күрес жүргізетін құзыретті органдарды арнайы техника және құралдармен қамтамасыз ету үшін жеңілдік жасауды көздейді. Қажетті қару-жарақ, арнайы техникаларды сатып алу және жеткізу жеткізуші мемлекеттің ішкі бағасы бойынша іске асырылатын болады. Яғни белгілі бір мемлекет келесі елге сатқан кезде өзінің ішкі нарығындағы бағамен саудалайды. Кейін оны үшінші тарапқа сатуға құқығы жоқ. Ол үшін 7 елдің ортақ келісімі қажет. Бұл заң жобасын талқылаған Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшелері оны Сенаттың жалпы отырысына жолдайды.
Дереккөз: «Хабар» арнасы