Басты тақырып

Арабтар қажетсіз қалған күңдерін қазақтарға сыйлай салады: Сириядан келген келіншектің әңгімесі

Қақтығыс аймақтарында жүрген қазақстандықтарды елге қайтару операциялары жалғаса бермек. Жуырда Сириядан тағы 56 отандасымыз елге жеткізіледі. Бұл туралы құзырлы орындарға сілтеме жасаған Караван басылымы мәлімдеді.

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында қауіпсіздік қызметкерлері мен әскерилер 47 адамды Сириядан елге жеткізді. Шара Жусан опеарциясы деп айдарланғаны мәлім, деп хабарлайды Евразия.

Еліміздің сыртқы істер вице-министрі Ержан Ашықбаев бұл қақтығыс аймақтарында жүрген қазақстандықтарды Отанына қайтару жұмыстарының басы ғана екенін мәлімдеп еді. Басылымдардағы сандарға сенсек Сирия, Ирак және Ауғанстан аумақтарында әлі 380 азамат пен 400-500 ге жуық бала бар.

Қаңтардың басында Жусан исі аңқыған қазақ топырағымен қайта қауышқандардың бірі біздің арнамызға сұхбат беруге келісті. Халифатты аңсап барып, харам соғысты көрген келіншектің бастан кешкендері туралы оқи отырыңыз.

«Дұрыс білім ала білу керек. Біз кезінде білмедік жастықпен».

Жусан операциясы арқылы елге жеткізілген Астаналық азаматша бұл. Жезқазған жақтың тумасы. Есімін Айша деп өзгерттік. Жастықпен білмедік деп отырғаны бірнеше жыл бұрынғы жағдай. Ол Сирияға кетпес бұрын фирмада менеджер болып қызмет жасаған. Әуелде мешітке келіп, Ханафи мәзхабымен намаз үйреніпті.

«Күйеуімді жолықтырғаннан кейін үйретті. Басқалай».

Некелескен соң жолдасы нағыз «ислами» ортада күн кешу керектігін айтып алдымен Түркия, ізінше Сирияға алып шығыпты. Бір жасар бөбек қолда, біреуі іште. Түркияның Газентип шаһарында жол бастаушылар күтіп алып, сосын шекарадан барлық келгендерді жаяу жалпылап Сирияға өткізіп жіберген.

Алдымен Шамдағы Шаадат шаһарына келіпті. Көп ұзамай күейуі мерт болып, ізінше ұлты басқа азаматпен некелескен. Мұнан соң сол кездегі ДАИШтың астанасы Ракка, кейіннен Ирактың Мосул қаласына ойысады. Мүджәһидтердің отбасыларынан құралған қазақ жамағатының арасында тұрған. Айтпақшы қазақтардың өз әмірлері болыпты.

«Дәуіт деген, Абу Файза деген басшылары солар, үлкен арабтармен жақсы болған. Олардың бәрі өліп кетті».

ДАИШ-қа барған соң шариғатты көрдіңіз бе деп сұрадық. Ерлер соғыста қойдай қырылып жатыр екен, әйелдердің де тағдыры оңай емес сияқты. Байы өлгендер басқа еркектің олжасы, тіпті күңге айналу да қиын емес.

«Тек қана көргеніміз сол, шариғат бойынша киінгені болмаса, шариғатты көргенім жоқ. Бір үйді көріп қалдым күйеуіммен өтіп бара жатып. Сол кезде көп еркектер жиналған, не болды, неге жиналған десем, сол Шаадатта болды. Бұл жерде не сатылып жатыр дейді жаңағындай, күңдер сатылып жатыр дейді. Соны көрдім. Қазақ жамағатының әмірлерінде де болды ол күңдер. Арабтар өздеріне керек болмаса сый етіп бере салады қазақтарға».

Халифатта, тырнақшаның ішіндегі таза мұсылмандардың арасында өмір сүремін деген Айшаның арманы алғашқы бомба түскеннен ақ сап тыйылған. Амал не, кері шығар жол жоқ.

«Не үшін келдік, кім үшін соғысып жатырмыз, мына адамдар қанша адам кім үшін өліп кетіп жатыр деп, сол бірінші күйеуім айтып кетті», – дейді Айша.

Айша ханым, Шам жерінен бақыт табам деп барған жүздеген отандасымыздың бірі ғана. Оларды жат жұртқа жетелейтін әлгінде айтқан халифат туралы құрғақ қиял болса, қозғаушы күш басқа.

«Дәстүрлі өзіміздің құндылықтарды тәрк етіп, ата-бабамыздан келе жатқан сенімге негізделмей, басқа сенімдерді ұстанып, өзінің туғандарын, елімізді тәкфир деп дінсіз деп айыптау нәтижесінде алып барған сенім ғой», – дейді Астана қаласы әкімдігнінің дін проблемалары зерттеу орталығының орынбасары Марат Бектазинов.

Бұл сенім Салафизм идеясы. Әлгі біздің қазақ «Бахабист» деп атайтын сақалды, қысқа балақ қауым бар емес пе. Қыз-келіншектері қап-қара боп оранып алатын. Солар. Олардың өздері бір-бірін мойындамайтын бірнеше ағымға жіктеліп кеткен.

«Суруриттер деген бар, мадхалиттер деген бар, тәкфириттер деген бар, джихадиттер деген бар. Жалпы өзара, бір-біріне бағынбайтын жеке топтар пайда болды, бірақ ең қызығы бұлардың барлығын біріктіретін идеологиялық платформа Мұхамед Ибн Әбдел Уахабтың идеясы», – дейді Бектазинов.

Уахабшылық немесе вахаббизм. Бұл ағымды ұстанушылар бүгінде еліміздің барлық өңірлерінде кездеседі. Сақалдылар 2011 жылы алғаш рет терракт жасағанға дейін олардың сойқан секта екенін жалпақ жұрт білмеді. 2017 жылға дейін олар ірілі ұсақты бірнеше лаңкестік қылмыс жасады. Сұрақ. Дін атын жамылған радикалдардың қоғамға дендеп енуіне қалай жол беріп қойдық?

«Дін атын жамылған радикализм әлем қауымдастығы үшін жаңа мәселе. Біздің ғана емес, Қазақстан қоғамы ғана емес, жалпы әлемдік қауымдастықтың бұл мәселені еңсеруге қажетті дайындығы болған жоқ. Кез-келген қоғамда өзіне тән күйретуші идеялар болады. Ол белгілі бір форманы өзіне алып жарыққа шығады. Осы кезеңдегі күйретуші идеялар дін атын жамылу арқылы жарыққа шығып отыр. Бір кездері ол соғыс идеясы, нацизм, фашизм болса дәл қазіргі кезеңнің мәселесі ол дін атын жамылған радикализм болып отыр», – дейді ДІн мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры Айнұр Әбдірәсіл.

«Діни басқарманың өзі жаңадан құрылып жатты. Кадр мәселесі деген бізде жетіспеушілік деген болды. Халыққа ненің дұрыс ненің бұрыс екенін айтатын кадр жоқ, тапшы болды. Кім кішкене діннен хабары болса, ол адам имам боп кете барды», – дейді Діни басқарманың насихат және қоғаммен байланыс бөлімінң меңгерушісі Алтынбек Ұтысхан.

Сол кездері дінтанушы Дарын Мүбәровтың уағыздары шегірткедей қаптап кетті. Аудио, видео дәрістерден көз сүрінетін еді. Біздің кейіпкеріміз Айша ханым да, соның лекцияларына сусындаған екен.

«Дарын Ділмұрат. Достарым болған жоқ дінде ешқандай. 2009 жылы жұмыс орнында отырып интернет арқылы. Ешкім шақырған жоқ, өзім хадистен көріп жүрдім», – дейді Айша.

Жат ағымға бойұсынған әйелдермен 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан маман әлгі қара жамылған «Сестралардың» психологиялық және әлеуметтік портретін былай деп сипаттайды.

«Менің алдыма, жиі кездескені, тәжірбие барысындағы көргендерім, мысалға басым көпшілігінің білім деңгейі өте төмен екен. Мен осы діни ағымдағы әйелдердің арасында сауалнама жүргізгенімізде 90 пайызының тіпті орта білімінің де түгел емес екенін көрдім. Әңгімесін тыңдап отырсаңыз әлеуметтік қиындықтар шынында да оқуға, не болмаса кітап оқуға мойын бұрғызбаған екен», – дейді психолог.

Қазір деструктивті ағымдардан жапа шеккен, не солардың жетегінде кеткендердің саналарына сілкініс жасап, беттерін беру қарату жұмыстары кеңінен қолға алынды. Оларға шынайы дәстүрлі дінді түсіндіретіндер – құран мен хадисті шемішкеше шағатын теологтар. Айтуларынша бұл ұзақ уақыт алатын процесс. Десе де:

«Әртүрлі деңгейдегі азаматтар бар бұл жерде. Сұхбатты тыңдайтындар бар, тыңдамайтындары бар. Ашушаңдары бар. Бірақ түбінде ақиқат бәрібір жеңеді ғой. Түбінде иланып жатқандары бар», – дейді Бектазинов.

Айтпақшы былтырлары президент аса ауыр лаңкестік қылмыс жасап, шетелге соғысқа кеткендерді азаматтығынан айыру керек дегенді айтқаны бар еді. Бүгінге дейін билік ешкімді азаматтығынан айырған жоқ. Сарапшы Айнұр Әбдірәсілқызының айтуынша бізде ана – баласын қандай болмасын перзенті деп таныса, мемлекет те азаматтарын азамат ретінде таниды дейді.

«Яғни бізге айқындап жеткізуден басқа ешнәрсе қалған жоқ деп пайғамбарлардың өзі айтады. Яғни пайғамбарларға да жүктелген міндет адамдарды ату асу емес, оларға барынша айқындап түсіндіру ғана», – дейді Айнұр Әбдірәсілқызы.
Оған көнбесе ғана соңғы шара. Ал түсіндіру жұмыстарына келсек, ол оның бір күнде жемісін бере салмайды. Объективті ақиқат осы.

Жылдан жылға жат ағымның саны артып жатыр деп айта алмаймыз, керісінше кеміп жатыр, ол жат ағымның жетегіне еріп жатқандар жоқ деп те мүлдем айта алмаймыз. Өйткені жат ағымдағылардың айналасында жүргендердің барлығы дінді түсініп кетті. Барлығы кереметтей біздің ата-бабамыздың жолын түсініп кетті деп кереметтей насихатымыз жетті деп әлі айтуға ерте”, – дейді Алтынбек Ұтысхан.

Дереккөз: Stan.kz

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close