Басты тақырып
«Күзеттің» форматын өзгерту керек!
Сүйек жер қойнына тапсырылмай жатып, ол үйде ас желінуі дұрыс емес. Айталық, біз күзет деп барып жүрген үйде қайтқан кісі жер қойнына тапсырылмай тұрып Құран оқылмайды. Енді өзіңіз логикалық тұрғыдан ойлап көріңіз, қасиетті Құран аяттары оқылмайды да, тағам жеуге болады ма? Марқұмға қайсысы керек? Құран ба, ас па?
Атырау облысының бас имамы Батыржан Мансұров кісі қайтыс болған кездегі «күзеттің» форматын өзгертуді ұсынды. Имамның пікірінше, қазіргі таңда күзет ысырапқа айналып бара жатыр.
– «Күзет» не үшін шыққан, оның шариғи және дәстүрлі негізі қандай?
– Бұрынырақта ата-бабаларымыз қайтқан кісіге жеке киіз үй тігіп, оның сүйегін оңашада күзеткен. Және марқұмды екі күн күзетудің кезінде екі себебі болған.
Біріншіден, «Ажал адамға айтып келмейді» яғни адам баласы «бүгін яки ертең өлім келеді» деп, ажалға дайын отыра алмайды. Мысалға, шаңырақта адам қайтыс болған кезде, ол әулет жайлауда отыруы мүмкін. Қазақтың бұрынғы тұрмысына үңілер болсақ, мұндай жағдайда кісінің ұл-қызы, туыс-бауыры алыс ауылдарда тұрды. Ол кезде бүгінгідей автокөліктер, ұялы телефон, интернет байланысы жоқ еді. Осы себепті халқымыз мәйітті бір күн, кейде екі күн күттіретін болған. Яғни бірінші себебі – қашықтық мәселесі.
Екіншіден, табиғат факторын назарға алуымыз керек. Мысалға, қатты қара суық түсіп, қар қалың болса, жердің тоңы жібімеген кезде қабірді қазып, орын дайындау мәселесінің біршама қиындық тудыратыны белгілі. Мұндай жағдайда да мәйітті күттіретін болған.
– Ал мәйітті неліктен күзетеді?
– Кезінде халқымыз мәйітке мал тиіп кетпесін, сүйек жатқан үйге мысық, ит кіріп кетпесін деген мақсатта марқұмның сүйегіне зиян келтірмеу үшін күзеткен. Және бұл іске марқұмның тікелей жақын туысы қатысқан.
– Бүгінгі күнде «күзет» қалай өтіп жатыр?
– Қазіргі кезде кісінің қайтқандығы жөнінде хабар әрі кетсе екі-үш сағаттың ішінде тез тарап болады. Себебі, әлеуметтік желі, интернет, телефон байланысы бар. Хабар тарағаннан кейін біз мәйітті бір бөлмеге қоямыз. Бірақ, күзетпейміз. Неге? Себебі, келіп жатқан «адам көп» деген желеумен жұрт біткеннің барлығы күзет үшін жайылған мейрамханадағы дастарханға кетеді. Мәйітті күту жайына қалады. Немесе сүйекті үйдің келесі бөлмесіне қойып, келген кісілерге дастархан жаюмен әлек болып кетеді. Қазір бұл жоралғының «күзет» деген аты ғана сақталып қалды. Заты тойға айналып кетті. Біз күзет деп келіп, ас ішеміз, одан қалды жарысып тілек айтамыз? Бұл той емес қой.
Асылында, мәйіттің қасында ет жақын туыстары қалса жетіп жатыр. Қалғандары көңіл білдіріп келсін, ас ішу міндет емес. Қазақта «Қаралы үйде қазан қайнамасын» деген сөз бар. Біз болсақ, қайғылы үйге тамақ пісіртеміз, гүлдендіріп, түрленген мәзірдегі дастархан жайдырамыз. Мұның барлығы қайғы шегіп отырған отбасыға қаншама ысырап? Біз ол отбасының әлеуметтік жағдайына керісінше ауыртпалық салып жатқанымызды неге ойламаймыз? Шариғи тұрғыдан қарағанда, қаралы шаңырақ ас әзірлеуге міндетті емес. Көңіл білдіруге келген адам дастарханда ұзағынан отырып, ас ішуге де міндетті емес. Қаралы үй адамын, яғни аяулы анасын, сүйікті баласын жоғалтып отыр. Біз оның қайғыруына, марқұмды жоқтауына да мүмкіндік бермейді екенбіз.
– Сонда қайтқан кісінің үйінен ас ішу дұрыс емес болғаны ғой?
– Әрине, сүйек жер қойнына тапсырылмай жатып, ол үйде ас желінуі дұрыс емес. Айталық, біз күзет деп барып жүрген үйде қайтқан кісі жер қойнына тапсырылмай тұрып, Құран оқылмайды. Енді өзіңіз логикалық тұрғыдан ойлап көріңіз, қасиетті Құран аяттары оқылмайды да, тағам жеуге болады ма? Марқұмға қайсысы керек? Құран ба, ас па? Міне, сондықтан, қайғылы үйге ауыртпалық салудан сақтанғанымыз жөн.
Кезінде халқымыздың тұрмысында күзет мұқтаждықтан туындаған еді. Ал, қазір ғылым мен техника, экономика дамыған жағдайда мәйітті үш күн күттіріп, мейрамханада дастархан жаю дұрыс емес.
Бізге күзеттің форматын өзгерту керек. Марқұмды жақын туыстары бір күн күзетіп, қалғандары көңіл білдіріп шықса, екінші күні мәйітті кебіндеп, жер қойнына тапсыруға асығуымыз қажет. Жаназа намазы оқылып, марқұм жер қойнына тапсырылғаннан кейін, алыстан келген қонақтар мен топырақ салғандарға көршінің үйінде не басқа жерде азын-аулақ дастархан жайып, құрмет көрсетуге рұқсат. Және бұл жерде де дастархан мәзіріне ысырап жасаудан сақтануымыз керек.
Сұхбаттасқан Баян ЖАНҰЗАҚОВА,
Атырау қаласы