Жаңалықтар

БҚО-да қызылшаға шалдыққан 14 жасқа дейінгі балалардың барлығы екпе алмаған

Батыс Қазақстан облысында қызылшамен ауырғандар саны 27-ге жетті. БҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Жайдар Құрмановтың мәліметінше, 27 адамның 13-і Орал қаласының тұрғындары. Сондай-ақ Бөрлі ауданында – 6, Сырымда – 4, Бәйтеректе – 2, Бөкей ордасы мен Теректіде бір-бірден осындай дерек тіркелді. Ауырған 27 адамның 9-ы – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың бәрі де екпе алмаған.

«Қызылша адамнан адамға ауа арқылы жұғады. Мысалы, тұмаумен ауырған бала мектепке келсе, бүкіл сыныпқа жұқтырады. Ал қызылшаға шалдыққан жасөспірім бүкіл мектепке жұқтырады деп айтуға болады», – деді Жайдар Құрманов. Оның сөзіне қарағанда, қызылша ауруы өткен жылы Еуропа елдерінде кең тарады. Мысалы, Украинада 50 мың адам сырқаттанып, ғаламтор деректері бойынша соның 16-сы көз жұмды. Сербияда 5 мың адам осы дертке шалдықты. Қазақстанда қолға алынып жатқан шараларға қарамастан, осы кезге дейін 4600 адам қызылшамен ауырды. Ауру қоздырғышы Еуропа елдерінен келіп, тарады.

Орал қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәдениет Танауов қызылшадан сақтанудың жалғыз жолы уақтылы екпе алу екендігін жеткізді. Әлсіреу, дене қызуының көтерілуі, бас ауыру, мұрынның бітелуі, бөртпелердің пайда болуы сынды алғашқы белгілер пайда болған кезде бірден дәрігерге қаралу қажет. Қызылшадан дер кезінде емделмесе, асқынып, пневмония, бронхит, энцефалитке соқтырады.

БҚО-да биылғы 1 сәуірден бастап қызылшаға қарсы қосымша екпе басталды. Яғни 9-10 ай аралығындағы сәбилер, 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері, 30 жасқа дейінгі, екпе статусы белгісіз науқаспен қарым-қатынаста болғандар, мүлдем екпе алмағандар егіледі. Қызылшаға қарсы екпе тегін, облыс дәрі-дәрмекпен толық қамтылған. Биылғы бірінші жартыжылдыққа 12 мың доза бөлінген. Сондықтан, әсіресе, ата-аналар баласы қызылшаға қарсы егілген бе, алдымен соны анықтағаны жөн.

Қызылша жөнінде облыстағы call-орталықтың 8-711-51-82-55, 8-747-760-57-04 телефондарына хабарласып, барлық мәліметті алуға болады.

«Аурудың қай түрі болсын, алдын ала сақтанып, екпе алудың маңызы зор. Өкінішке қарай, облыста 1100-ден астам адам ауру түрлеріне қарсы егілетін екпеден бас тартып отыр. Оның бірінші себебі – олардың сенбеуі, екіншісі діни көзқарасқа байланысты. Үшіншісі – түрлі себептер», – деді Ж.Құрманов.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close