Басты тақырыпКөкейкесті

Қазаққа дін-исламды қазақ тілінде түсіндіруіміз керек

Досай КЕНЖЕТАЙ,

теолог, дінтанушы, философия

ғылымдарының докторы, профессор

 

Былтыр бір құдағайымның құдағайы Алланың рақметіне қауышқан болатын. Өздері  осы Арқаның қазақтары. Құдағайымыздың артында қалған ұл-қыздары жылдық құдайы асын беріп, өздерінің аналары алдындағы парыздарын орындады. Асқа көрші-қолаңы бар, ағайын, дос-жаран бар,үш жүзге жуық ел жиналыпты. Кештеу барып қалдық, ауылдастарының арасынан бос орынға жайғастырды. Әлгі орта «қара орыстардың» ортасы болып шықты. Өздері Атбасардан келгендерін айтып жатты. Жас шамалары қырық пен алпыс арасы. Олардың оқылған Құран, жасалып жатқан дұға, астың діни мәні мен маңызы, парыз бен қарыз сияқты ұғымдарға онша бой бермейтіндіктерін байқадым. Айқайлап, орыс тілінде әзіл араластырып отырды. Ет тураған жігіт ағасы, қарсы жақта отырған құрдасы болу керек, соған жіліктерді лақтырып отырып, кешке «закускаға» керек болатынын да қосып қойды.

Бұл арада айтайын дегенім, біз дін құбылысын көбінесе ұлттық, болмыстық тұрғыдан тарихи аспектіде қарастырамыз да, діни тәжірибе процесіне онша назар аудара бермейміз. Діни тәжірибе – ол үздіксіз процесс. Қарапайым тілмен айтқанда, тарихи санамен қоса біз исламдануға, білім беру процесінің үздіксіздігіне баса назар аударуымыз керек. Білесіздер, бізде діни білім беру қоғамдық проблема ретінде қарастырылады. Себебі зайырлы елміз. Бірақ мына бауырларымызды тек бет сипау амалынан әріге үңілтіп, тереңірек діни негізде білім беруге тиіспіз. Сол арқылы ғана қазақ ұлтының басқа ұлттан айырмашылығын сезіндіреміз. Сосын дінді, исламды қазақ тілінде ғана түсіндіруіміз керек. Дін-ислам қазақ тілінің дамуындағы өз орнын бүгін тағы көрсетуі қажет.

 

Ауыл имамына құлаққағыс

 Діни таным, мәдени болмыстық құндылық өз алдына, діни тәжірибе мен имандылық негіздерін, сол арқылы ұлттығымызға сай қазақ болуды қоса уағызына қосып, осындай аста, қай жерде болмасын, саналарын сілкіп отырмаса, мына қазақтарымыздың жағдайы қиындау екен. Бұл жағдайда нақли әдіс керек болып тұр. Яғни формамызды да қалыпқа салу керек екен деген хәл кештім.

Елбасы Н. Назарбаев «Қазақтың болашағы – қаза тілінде» деген сөзді тектен-текке айтқан жоқ. Себебі қазақ деген ғарыш, болмыс осы тіл арқылы ғана дамиды. Ұлт болып, мәдениет болып сақтала алады. Басқа жол жоқ. Ендігі мәселе: кез келген рухани және материалды қабаттардың барлығын тілді дамытуға жұмсау керек.

 

Ислам діні – қазақ мәдениетінің мазмұны

Ислам діні – қазақ мәдениетінің мазмұны.Формасының бірегейі – тіл. Форма мен мазмұн бір болса ғана болашағы болады. Бұл – ғылыми теориялық қағида. Ал енді ислам – әлемге жеткен дін, сондықтан оны әмбебап тілде де оқыта береміз деген сөз, ол – ислам интернационализмінің, былайша айтқанда, ислам үмметшілігінің ұстанымы. Бұған да құрметім бар. Менің қайғым, ділім де, дінім де, тілім де экзистенциалдық қабілетке қөтерілсін. Мен бүкіл халықты ұлтсыздықтан, жаҺандық шабуылдан қорғай алмаймын, бірақ қазақтың рухани кеңістігі мен болмыстық қабаттарының сақталуы мен дамуына немқұрайлы қарауға қақым жоқ. Сондықтан мен бұл мәселеге онтологиялық тұрғыдан қараймын. Яғни болмыстық тұрғыдан. Ол – дін мен мәдениет тұрғысынан екеуіне тең қарау деген сөз.

 

Қазақ бірнеше ғасырдан бері мұсылман

 Қазақ бірнеше ғасырдан бері мұсылман. Оның мәдениетінің мазмұнында ислам жатыр. Ал мәдениеттің ең басты критерийі ол – тіл. Енді осы мәдениеттің дамуы да тікелей тілге байланысты. Қазір, Құдайға шүкір, жастарымыздың өз дініне деген ұмтылысы қуантарлық. Ал ислам діні қазіргі ислами білім беру тілі қазақша болса ғана қазақ мәдениетіне дем береді, қазақ мәдениетіне қызмет етеді. Демек, «қара орыс» бауырларымызды өз мәдениетіне ислам діні арқылы қазақ тіліне тартуды стратегия ретінде қоймасақ, онда бұл нағыз бейшаралық болып табылады.

Тарихқа қарап отырсақ, кезінде Иасауи дәуірі, Селжұқ билігі кезінде діни білім парсы тілінде беріле бастады. Барлық қабатта парсы тілі басымдыққа ие болды. Ал түркі тіліндегі көшпелі ел тек түркі тіліндегі діни білім беру процесі арқылы исламға енді. Иасауидің ролі мұнда да айрықша. Болмаса, Самани билігі кезінде барлық рухани саяси қабат араб тілінде жүргізілді. Сол кезеңде Орта Азиядан шыққан барлық ғұлама еңбектерін араб тілінде жазды. Фарабидің өзі араб тілінде ой қорытты. Абайдың да телегей теңіз біліміне таңданатын Ғұламахи Даууани деген данамыз да парсы тілінде жазды. Олардың мына өркениетке, мәдениетке деген мұралары тек аудармалар арқылы там-тұмдап еніп жатты. Бірақ бұл еңбектер қазақ мұсылмандығының діни танымынан орын алғанымен, діни тәжірибесіне, діни психологиялық танымына әсері шамалы еді. Яғни қазақтың мәдени болмысына, оның тілдік ойлау мүмкіндігіне ықпал ете алмады.

 

Қазақ тілінде исламды беру – сапаға қызмет ету

 Қазір елімізде ұлттық болмыстық проблемалар жан-жақты болып тұр. Діни таным үшін орыс тілді халыққа исламды орыс тілінде беру – дұрыс шешім. Бірақ бұл шешім қазақтың мәдениетін дамыту стратегиясына қызмет етпейді. Шындығына келсек, кейбір қазақ бауырларымыз онсызда қазақ мәдениетіне қызмет ете алмайды. Қазақ мәдениетіне қызмет ететін қазаққа қазақ тілінде исламды беру – сапаға қызмет ету. Ал қазақ тіліне, мәдениетіне қызмет ете алмайтын қазақтарға исламды тағы да орыс тілінде беру – ол санға қызмет ету. Міне, бұған қоса, қазіргі уахабизммен уланған жастарымыз да орыстілді деген тұжырым бар. Сондықтан оларға орыс тілінде дәріс берілсін деген шешім қабылданып жатыр. Көрдіңіз бе, қазақтың проблемасы көп қырлы, шаш-етектен. Бірақ мұны ғылыми-теориялық талдаулармен, әлеуметтік-психологиялық механизмдермен шешуге болады. Жалпы, мына жаһандық қысымда ұлттық мәдени бірегейлікті дамытуда, сақтауда ислам дінінің де қазаққа қызмет етуінің жолдарын толық қарастырып болған жоқпыз… Себебі бізде исламды проблема шешуші дін ретінде емес, проблема туғызушы дін ретінде қабылдау психологиясы басым. Бұл психологиядан да өз діні, өз тілі, өз тарихы мен өз болмысынан жаттанған мемлекеттік және қоғамдық институттар арылып болған жоқ. Сондықтан бұл мәселе уақытпен шешіледі деген үміттемін. Ең бастысы, қазағым аман болсын, ол тіпті орыстілді, ағылшынтілді болса да!!!

Форма болса, мазмұн келеді. Сан болса, сапа да болады. Бұл – ғылыми танымдық тұрғыдан кез келген аксиологиялық айналысатын ғалымдар үшін түсінікті жайт. Ең бастысы, бұл –  ой салу үшін жасалып жатқан әрекеттер.

 

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close