Басты тақырыпКөкейкесті

Тарихын ұмытқан ұлт – болашағы жоқ ұлт

Егемен еліміздің даму қарқыны салынған қалалар мен тұрмыстың түзулігімен ғана өлшенбейтіні анық. Мемлекет іргесінің берік болуы елімізде өмір сүріп жатқан халықтар достығына, еліміздің ішкі жағдайына, тарихына, ұлттық тәрбиесі мен мәдениетіне, ауызбіршілігі мен ұлттаралық, дінаралық татулығына байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, бүгінгі қоғамды алаңдатып отырған қадау-қадау мәселелердің бірі діндегі адасушылық болса керек. Дінді теріс түсінген кейбір қазақ жастарының ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты жоққа шығарып, қазақы қазығын теуіп, шетел асып, Отанына опасыздық жасап жатқанына ел куә болып отыр. Ұлтымыздың тұтастығына сызат түсірген осынау мәселелерді бақылап, ақ-қарасын халыққа түсіндіріп, адасқанды қатарға қосып отырған Атырау облыстық дін істері басқармасы өткен жылы не тындырды? Бүгінгі қазақ қоғамы басқарма басшысы Қайролла Дүйсешұлы Көшқалиевті қаншалықты толғандырады? Бұл туралы төмендегі сұхбаттан таныса аласыз.

Қайролла Дүйсешұлы, Атырау облысында қанша діни бірлестік бар? Діни мәселеде заңбұзушылықтар болды ма? Жалпы облыстағы діни ахуалды қалай бағалайсыз?

– Атырау облысында діни ахуал мен конфессияаралық жағдай тұрақты. Атап өтсем, облыс бойынша 30 исламдық, 3 православтық, 2 католиктік, 1 кришнаизм және 7 протестанттық бағыттағы діни бірлестік тіркелген, барлығы 43 діни бірлестік бар. 2018 жылдың қыркүйек айында «Атыраулық Кришнатану Қоғамы» діни бірлестігі мемлекеттік тіркеуден өтіп, жұмыс істеп жатыр. Құрамында 54 адам бар ұйымның басшысы – М. Дәрібаев деген азамат.
Өткен жылы дін істері басқармасы мамандары ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заң талаптарын, яғни Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 490 және 453-баптарының тармақтарын бұзған тұлғаларға 46 хаттама толтырып, сот шешімімен айыппұл салынды. Соның 15-і бұқаралық ақпарат құралдарының өнiмiн, сол сияқты өзге де өнiмдi ел аумағында дайындау, сақтау, әкелу, тасымалдау, тарату бойынша қатталды.

Діни теріс бағыттағы сәләфтардың үстінен қанша қылмыстық іс қозғалды, қандай баптар бойынша және қандай жаза алынды?

– Қазіргі таңда Атырау облысында экстремизм, терроризм баптары бойынша 35 тұлға жазасын өтеуде. Соның ішінде Сирия мен Ауғанстан елдері аумағындағы әскери соғыстарға қатысқан 2 атыраулық елге жеткізіліп, заң бойынша жазасын алды. 2018 жылы елде 26 адам қылмыс жасап ұсталса, үстіміздегі жылы 9 адам заң бұзды. Олар адам ұрлау және өлтіру, кәмелетке толмаған қыздарды азғындық жолға түсіру, зорлау, бопсалау, тағы басқа да баптар бойынша қылмыстық жазаға тартылды. Бұл адамдардың барлығы – псевдосәләфтар. Өздерін діндармыз деп жүрген адамдардың асыл дініміз – исламға кір келтіріп, діннен безген адамның әрекеттерін жасауы ақылға сыймайды. Алайда бүгінгі қоғамдағы теріс діни ағымдарды ұстанған адамдардың шын бет- бейнесі, ұстанған жолы, өкінішке орай, осындай болып тұр.

Деструктивті ағымдар мүшелерін оңалту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Басқарма 2017 жылдан бастап жергілікті түзету мекемелерінде «Өмірлік бағдар» атты жобаны қолға алды. Жазасын өтеушілер теологиялық-психологиялық, мәдени-спорттық және өзге де іс-шараларға кешенді түрде қатысуда. Түсінік жұмыстарын жүргізуге теолог, психолог, тарихшы мамандармен қатар 2018 жылдың сәуір айынан бастап имамдар да қатысуда. Теологтар Р. Моллақанағатұлы, Е. Абзалов, М. Омаров, С. Сариев, «Иманғали» орталық мешітінің наиб имамы М. Мұстафаев, «Әт-тақуа» мешітінің наиб имамы Б. Қашқынбаев 35 тұлғамен 76 арнайы дәріс өткізіп, 126 жазасын өтеушімен жеке кездесті.
Өткен жылы «Дина» сауда орталығында «Шапағат» қоғамдық қорының оңалту бөлімі ашылды. Бұл – дін саласындағы елеулі шаралардың бірі. Орталықтың мақсаты – теріс ағымның жетегінде кеткен азаматтармен терең жұмыс жасау. Мұнда психолог мамандар, тариxшы, теологтар, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дінтанушы маман ұстаздары қызмет жасайды. Орталықтың және «Шапағат» қоғамдық қорының сенім телефондарына жүгінген 796 адамға теологиялық-психологиялық кеңес берілді. 380 адам дінтанушы және психолог мамандардан кеңес алды. Үздіксіз жүргізілген оңалту жұмыстарының нәтижесінде псевдосалафиттік идеологияны ұстанып келген 106 тұлға дәстүрлі діни көзқарасқа қайтарылды.
Сондай-ақ теолог-мамандар псевдосалафизм лидерлерімен, күмәнді діни оқу орындарынан оралған жастармен, шетелден оралмағандардың отбасыларымен, салафиттік көзқарастағы әйелдер тобымен және спорт мектептерінің бапкерлерімен жұмыстар жүргізуде. Орталық деструктивті діни ағымдардан зардап көрген әйелдерге, сондай-ақ Сирия мен Ирак өлкелеріндегі әскери қақтығыстар аймақтарынан қайтарылған отбасыларға оңалту және көмек көрсету мақсатын көздейді. Қазіргі уақытта қақтығыс аймақтарынан қайтарылған үш отбасымен (3 әйел және 11 бала) жеке тұлғалық жұмыстар жүргізілуде. Сириядан оралған екі адам АТТ құрамына қабылданып, жастарға теріс ағымның зардабын түсіндіруде.

Шетелде күмәнді діни оқу орындарында атыраулық 25 жас білім алуда. Олар шетелге қалай кетті және болашақта қазақ жастарын ресми тіркелмеген діни оқу орындарында білім алудан қалай сақтай аламыз?

– Рас айтасыз, қазіргі уақытта күмәнді оқу орындарында әлі де 25 студент, оның ішінде 15-і Египетте, 9-ы Сауд Арабиясында, 1-еуі Йемен қаласында білім алуда. Шетелдегі күмәнді діни оқу орындарында білім аламын деушілерге еліміздегі діни оқу орындарынан білім алып, елімізге қызмет етуге болатындығы түсіндірілуде.
Өткен жыл соңында Атырау облысы дін істері басқармасы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының облыстық өкілдігі және «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті арасында дін мамандарын даярлау, жергілікті имамдар мен теолог мамандардың ақпараттық-насихат және оңалту жұмыстары бойынша біліктілігін арттыруға келісім жасалды. Университетті тәмәмдаған теологтар мен дінтанушылар облыстағы мешіттерде, мемлекеттік құрылымдар мен мекемелерде, үкіметтік емес ұйымдарда қызмет етенін болады. Бұл шара, бір жағынан, жастардың ресми тіркелмеген діни оқу орындарында білім алуының алдын алатын болады.

Бүгінгі қазақ қоғамында ислам дінін бұрмалаушылық тыйылмай отыр. Діни теріс ағымда жүргендер қандай топтарға бөлініп отыр?

– Қазақстанның көне және орта ғасырдағы тарихына көз жүгіртсек, жалпы алғанда, дін ешқашан кереғар және қоғамды бұзатын институт ретінде қабылданбаған. Әрине, кейбір дінбұзарлар болған, алайда көшпелі қазақ қоғамы өзінің дінбасылары, билер, ақсақалдары арқылы кез келген шиеленісті реттеп отырған. Кейін қазақ мәдениеті өзге өркениеттермен тоғысты, қазақ жеріне әртүрлі себептер мен жолдар арқылы өз дінін ұстанған басқа ұлттар келді. Әлемде соңғы 60-70 жылда христиан, индуизм, ислам діндерін жамылған біраз деструктивті ағым пайда болып, жан-жаққа таралды. Оған жаһандану процесі және соңғы жылдардағы интернет құралдардың кеңінен таралуы үлкен әсер тигізді. Ал ХХ-ХХІ ғасырларда дәстүрлі діннің терісін жамылып, пайда болған дінбұзарлар кез келген жүйеге, тіпті өздерінің діни көзқарастары мен ұстанымдарына сәйкес келмеген барлық дінді жоққа шығарып, керек болса, оларға қарсы күрес жүргізуден бас тартпайтын болды.
Қазіргі таңда Қазақстан үшін ислам дінін жамылған радикалды идеологиялар мен ұйымдардан қауіп жоғары. Соңғы он жылда соттың шешімімен «Таблиғи жамағат», «Хизбут Тахрир», «Ат такфир уаль Хиджра», ДАИШ және басқа да ислам дінің жалау еткен экстремистік және террористік ағымдар мен ұйымдарға тыйым салынды.
Алайда дәстүрлі діндерге түбегейлі жасырын немесе жария түрде наразылық білдіріп жүрген «жалған сәләфизм», яғни «псевдосалафизм» ағымын алайық. Олар қазақ жерінде, өз араларында «мадхалит», «сурурит», «хаддадит», «такфирит» және т.б. топтарға бөлініп кеткен. Әрқайсысы өз «шейхін», өздерінің әдебиеті мен видеодәрістерін ғана тыңдайды, қалғандарын адасқанға немесе кәпірге жатқызады.
Бұл енді секта болмай, немене? Себебі оларда дін мамандары белгілеген барлық сипат бар. Сектада топты уысында ұстайтын «көсемі», соқыр сенім және ерушілік пен еліктеушілік бар ма? Бар. Сол көсем мен оның айтқанын бұлжытпай орындауда фанатизм көрініс табады ма? Табады. Сол деструктивті діни идеологиясы үшін ойланбастан өмірін, отбасы мен мал-мүлкін тәрк етуге дайын ба? Дайын. Міне, бұл – бүгінгі қазақ қоғамы үшін үлкен мәселе.

Діни ұстанымдары бойынша «дәстүрлі» және «дәстүрлі емес» топтардың басын бір жерге қалай біріктіруге болады? Пікір қайшылықтары мен таласқа құрылған диспуттар өткізу ойыңызда бар ма? Осындай диспуттар адасып жүргендердің көзін ашуға қызмет ете ала ма?

– Осыдан бірнеше жыл бұрын жалған сәләфи ағымның өкілі Октам мен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының өкілі Ерсін Әміре арасында диспут ұйымдастырылған болатын. Нәтижесінде Ерсін Әміре жалған сәләфизм идеологиясының теріс тұстарын дәлелдеп, дәстүрлі ислам жолына қайтуға шақырды. Бұл жәйт интернетте таралып, көптеген діни теріс ағымда жүргендердің дәстүрлі бағытқа қайтуына әсер етті. Діни бағыттағы диспуттар ұйымдастыру дін істері басқармасының құзыретіндегі міндеттер емес. Алайда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан ұсыныстар түсетін болса, біз қолдауға дайынбыз. Теріс діни ағымдар өкілдері жүйелі түрде пікір алмасу арқылы сұрақ-жауаптан тұратын, сондай-ақ Қасиетті Құран Кәрім кітабына, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) хадистеріне және мазһаб ғалымдарының үкімдеріне сүйенген диспуттарға мүлдем қатыспайды. Сәләфиттер мұндай кездесулер адасушылыққа жол ашады деп ойлайды және, өздерінің айтуы бойынша, жүректеріне «шубха» (күмән) ұялатады. Сол себепті дәстүрлі діни ұйымдармен талас-тартысқа түсу олар үшін харам. Бірақ күнделікті өмірде сәләфиттер мешіт имамдарына қарсы шығып, олардың айтқан үгіт-насихаттарын жоққа шығарып, имамдармен талас-тартыстарға түсіп, оны бейнетаспаға түсіріп, жариялап жатады. Олар бұл әрекеттерін харам деп санамайды. Яғни олар үшін жүйелі диспуттар харам да, жамағаттар арасында іріткі салу, имамдарға бағынбау харам болмай тұр.
Бұл жерде мүфтият мамандарының соңғы жылдардағы дәстүрлі құндылықтарды тұрақты насихаттауы, насихаттау жұмыстарын жүйелі жүргізе бастауы қуантады. Барлығы солардың қолында. Дәстүрлі мен деструктивті, ақ пен қараны солар ғана айырып, жамағатты тәрбиелеп шығарады деп сенеміз.
Пікір қайшылықтарына құрылған диспуттар адасып жүргендердің көзін ашуға толықтай әсер етеді демесек те, белгілі бір мәселенің мән-жайын талқылауға септігін тигізетін ұтымды жол екені анық. Жастар арасында осы бағытта шаралар қолға алынса, құба-құп!

Хиджаб мәселесіне келгенде кейбір имамдарымыз мектептің киім үлгісі ережесін сақтауға қарсы шығып, діни теріс ағым мүшелеріне қосылып, орамалды жақтап жатады. Осы тұстарда және Аллаға серік қосу мәселелерінде кейбір имамдарымыздың деструктивті көзқарастары сезіліп қалады. Қазақстан азаматтары қанша жерден діндар болса да, зайырлы мемлекетіміздің заңына бағынуға міндетті. Осы тұрғыда имамдардың біліктігін жан-жақты арттыру жұмыстары қалай жүруде?

– Діни көзқарастан туындаған хиджап және орамал дауы – жалпы қоғамда, әлеуметтік желілерде қызу пікірталас тудыратын мәселелердің бірі. Бір қарағанда, жай ғана орамал дауы секілді болып көрінгенмен, біреулер үшін кәдімгідей бас қайғыға айналды. Тіпті үкіметтің де араласып жатқаны өтірік емес.
Ал мешіт имамдарына келетін болсақ, олар тікелей Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына жұмыс істейді. Мүфтият ғалымдары болашақ дін қызметкерінің білімі мен сеніміне, тәжірибесі мен мұсылмандық сипатына аса мән береді. Хиджаб мәселесіне келгенде ҚМДБ-ның өкілдері Қазақстанның зайырлы мемлекет екенін, ата-аналардың заңға бағыну қажеттілігін алға тартады. Сондықтан имамдар да осы бағыттан таймауы тиіс.
Жалпы, біздің басқарма және оған қарасты орталықтар дін саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыруға атсалысатын мамандардың, соның ішінде мешіт имамдарының біліктілігін арттыру үшін оқыту семинарларын өткізуде. Жұмыс жүйелі түрде жалғасып келеді.

Соңғы кезде әлеуметтік желілерде белгілі бір адамдардың зайырлы Қазақстан мемлекетін мұсылман мемлекетіне айналдыру туралы көпшілікке ой тастауы кездесіп жатыр. Осындай алауыздық тудыру қауіпті емес пе?

– Еліміздің Ата Заңы бойынша біздің ел зайырлы мемлекет болып саналады. Біз Ата Заңымызда атап көрсетілген зайырлылықты дұрыс ұғынбайынша, қоғамдағы діни құндылықтарды бағалау мен тұтынудың деңгейін де толық түсініп, біле алмаймыз. Егер кейбір азаматтарымыз заңымызда көрсетілген зайырлылық қағидаларының мемлекетіміздің баянды болашағы үшін оң шешім ретінде қабылданғанын сезінсе, әсіре діншілдікке бой алдырмас еді.
Қазіргі зайырлы Қазақстан мемлекетін мұсылман мемлекетке айналдыруға еш негіз жоқ. Өйткені Қазақстан Республикасы өз азаматтарының діни құлшылық пен рәсімдерді орындауына құқықтық тұрғыда ешқандай кедергі келтірмейді, мұсылмандық тұрғыдағы діни құлшылық пен рәсімдердің жүзеге асуына толықтай рұқсат етілген. Яғни көпшілік арасында дау тудыруға бағытталған мұндай түсініктердің алдын алу үшін біз зайырлы Қазақстанның осындай артықшылықтарын дұрыс насихаттай білуіміз керек.

Діни радикализмге қарсы тұратын иммунитетті қалай қалыптастырамыз?

– Ол үшін отандастарымыз дұрыс діни ақпаратпен сусындап, дұрыс білім алуы тиіс. Елімізде исламдағы көшбасшы ұйым – Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бар. Діни білімін жетілдіремін деген кез келген адам еш кедергісіз еліміздегі діни білім ордаларына оқуға түсе алады. Дұрыс әрі жүйелі ақпараттармен қамтамасыз ететін мерзімді басылымдар мен діни-танымдық сайттар бар. Осылайша, «Бір жағадан қол, бір жеңнен бас шығарып», халықтың діни танымы дұрыс қалыптасуы жолында бірлесе жұмыс жасасақ, дінде шектен шығушылардың мемлекетті бұзуына жол бермесіміз анық. Ең бастысы, біз Қазақстан мұсылмандарының, мемлекет халқының біртұтастығын сақтай алсақ, ел қауіпсіздігінің нығая түсуіне ықпал еткен болар едік.

ҰҚК мәліметінше, Сирия, Ирак, Ауғанстан аймақтарындағы соғыстарда жүрген 300 қазақстандықтың 100-і террористер санатында екен. Халықаралық террористік ұйымдар ол жақты талқандап болып, сарапшылардың айтуынша, енді Орта Азияға ығысуды көздеп отыр. Елімізден кетіп, террориске айналған сол 100 содыр Қазақстанда туып-өскен себепті мемлекетіміздің ішкі саясатын, жағдайын, өндіріс , бизнес орындарын, жағрафиясын жақсы біледі. Бұның соңы неге соқтыруы мүмкін?

– Өздеріңізге мәлім, осы жылдың ең басты жаңалығы Мемлекет басшысының тапсырмасымен іске асырылған «Жусан» операциясы болды. Бұл еліміздің азаматтарын, соның ішінде бейкүнә балалар мен әйелдерді қақтығыс алаңдарынан аман алып шығуды көздеген болатын. Қазақстан Республикасының заңына сәйкес өзге елдің соғысына қатысқан барлық азамат заң алдында жауапқа тартылатыны сөзсіз. Сол себепті бұндай тұлғалар анықталған жағдайда жауапқа тартылады. Ал талқандалған ДАИШ ұйымының қатарында соғысқан содырлардың қауіп төндіретіні рас. Алайда құзырлы құрылымдардың өз жұмысын мінсіз атқаратынына күмән келтірмеуге болады. Сириядан қайтарылған содырлар түрмеге тоғытылады, ал соғысқа қатыспаған тұлғалар оңалту және әлеуметтендіру жұмысымен қамтылатын болады.
Ал содырлардың Орта Азияға қарай ығысуынан қорқып қажеті жоқ деп ойлаймын. Отанымыз бен азаматтарымызды сыртқы және ішкі қауіптерден қорғайтын күштеріміз және кез келген қауіптің алдын алатын құзырлы құрылымдарымыз қызмет істеп тұр. Оның үстіне халықаралық ұйымдардың қатарына кіретін елдердің қарулы күштері мен құзырлы құрылымдары бұл мәселеге назар аударып, алдын алу жұмыстарын жүргізеді. Оны жаңалықтардан да көріп жатырсыздар.

Отанын сатып кету дегенді қалай түсінесіз? Оған қандай себептер әсер етуде? Бұл мәселе тек қана діни сауатсыздық пен адасушылықтан тұрмайтын шығар…

– Отанды сату – өз ұлтына, өз еліне деген адалдықтың аяқасты болуы. Жалпы ислам дінін ұстанған адам өз Отанын, туған жерін сүйіп, еліне қызмет етуі тиіс. Өйткені адамның ұлтына деген адалдық, тазалық ислам дінімен қуатталып отырады. Сонымен қатар қазақта «Отанды сүю иманнан…» деген де бар.Отанға деген сүйіспеншілік, ұлтжандылық, имандылық, ұлттық болмыс осы киелі ұғымның ішінде тұр.
Әрине, діни сауаты төмен, адасқан азаматтар ғана Отанын сатып кетеді деуден аулақпыз. Өйткені ақша ұрлап, ел байлығын тонап, шетелге қашып кеткендер де баршылық. Өз елінің өзегінен теуіп, арқасынан пышақ сұғып, Отанын оп-оңай сатып кетіп жатқан мұндайлардың қазақ ұлтына, еліне деген «сүйіспеншілігі» қандай болатынын осы ісінен-ақ біле беріңіз. Осы орайда шет елдерге барып, қарулы қақтығыстарға қатысып жүрген дін ұстанушы отандастарымыз туралы да олардың діни санасы толыспағандығын айтар едік.

Осы тұрғыда қазақ баласына ұлттық тәрбие беру қандай деңгейде деп ойлайсыз? Соңғы кездері қазақ жастары тарапынан ұлттық құндылықтарымызды қорлау фактілері көптеп кездесуде. Мысалы, жалаңаш денеге ұлттық киімізді киіп, өздерін жарнама жасау. Ұлтымызға зор қауіп төндіретін осындай оқиғаларды заңмен тоқтату мүмкіндігі бар ма?

– Мемлекет басшысының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы жарық көрді. Мақаланың негізгі идеясы – ұлттық санамызды қалыптастыру, ұлттық кодымызды белгілеу, сондай-ақ жоғалтқан құндылықтарымызға кері оралу. Сондықтан ұлттық мүдде мен рухани құндылықты насихаттау отбасы мен мектеп қабырғасынан бастау алуы қажет. Сонда ғана қазақ қоғамында ар-ұят, қасиетті деп білінгендерге құрмет тұту қалыптасар еді.
Өткен жылы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі құрамында Отбасы және жастар мәселесі бойынша комитет құрылды. Аталған мәселені осы комитет көтеріп, ақпараттық және мәдени шаралардың ұйымдастырылуына мұрындық болуы қажет деп санаймын.
Ал ұлттық киімді, жастар тілімен айтқанда, «хайп» үшін қолданатын адамдарға келетін болсақ, бұл да деструктивті діни идеологияның таралуы сияқты жаһанданудың бір көрінісі. Өз басым кейбір жастардың батыстың субмәдениеттік және маргиналды топтар мен ұстанымдарға еріп, өзінің ұлттық болмысын жеккөрушілік ретінде көрсетуін деструктивті көріністерге жатқызамын. Бұндай жастарды сол «псевдосалафизммен» ауыратын адамдардың қатарына қоюға әбден болады. Себебі, байқасаңыздар, екі идеология да ұлт пен ділді құртуға, оның орнына бүлікшілік сананы енгізуге ұмтылады. Екі топ та өзінің тарихи санасынан, ұлттық тамыры мен намысынан қол үзіп алғандар.
Қазақтар «Жақсылық жақсы атаның баласынан тарайды» деп тәрбиелі отбасыдан тек жақсылық күтсе, «Қисық үйден қисық түтін шығады» деген де түсінік қалыптастырған. Бүгінгі күні жастар арасында қылмыстың көбеюі, нашақорлықтың белең алуы, жас қыздарымыздың ерте ана атануы, жалаңаш денесіне ұлттық киімімізді киіп, көргенсіздіктің белгісін көрсетуі қазақ отбасындағы ұлттық тәрбиенің осалдығынан дер едім. Жастарға ақыл айтатын ақсақалдарымыздың, қыз тәрбиесін жөнге салатын әжелеріміздің ақыл-кеңесін жеткізетін орта жоғалды.
Жалпы, ұлттық ұғымдарды санаға құю үшін ұлтаралық наразылық тудырмайтындай ұлттық идеологиялық жұмыстарды күшейту керек. Бір ұлттың қадір тұтқан дүниесін қорлаған адамды заңмен жазалау қажет. Көпшілік арасында наразылық тудырып, ұлттық құндылықтарымызды қаралағаны үшін, қоғамда ұлтараздық туындатқаны үшін мұндайларды қатаң заңмен жазалау керек деп санаймын.

Қазақ қоғамында діни мәселеге, соның ішінде адасып жүрген қандастарымызға немқұрайлы көзқарас қалыптасқан. «Басқалар не болса, о болсын, өз әулетім аман болса болды» деген жаны ашымастықтың белең алуы ұлт санасының тозуынан емес пе? Халық өзіне төнген қауіпті сезінуден қалған сияқты… Әр адам өзі арқылы, ұстанымы мен көзқарасы арқылы мемлекетті құрап отырғанын сезінсе?!

– Дұрыс айтасыз. Өкінішке орай, халық арасында «қауіпті қалыптыға, қалыпты қауіптіге» айналған бір кезеңге тап болып отырмыз. Елімізде рухани және дәстүрлі құндылықтарымыздан алыстау, қолда бар алтынның қадірін білмеу секілді жағдайға тап болдық. Ішкі тұрақтылық пен ішкі саясаттың негізгі тұрақтылығын отбасылық институт қалыптастыратынын отандастарымыз білуі қажет. Өйткені қазақ «Жау жоқ деме жар астында» дейді. Кез келген азамат өзінің отбасындағы діни теріс бағытта жүрген ұл-қыздарын тәрбиелеп, сабасына келтірсе, мүмкін діни теріс бағыттағылардың саны аз болар ма еді?! Кейбір отбасылар біздің ескертуімізге қарамастан, «Өзімнің ұлым, қызым, не істесе де өзі біледі» деген оймен жүреді. Сосын артынан баласы не қызы теріс жолға түссе ғана сандарын соғып, жылап жатады. Сана өзгермей, адамды өзгерту қиын. Қазақ баласына сана берсін деп үміттенеміз.
Осы бағытта дін істері басқармасы, өзге мемлекеттік құрылымдар және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, жыл сайын ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізеді. Халықты діни теріс діни ұйымдар мен кереғар идеологиялардан сақтандырып қана қоймай, ұлттық және тарихи құндылықтарымызды халық санасында жаңғырту бойынша ағартушылық іс-шаралар өткізіледі. Одан бөлек, тұрғындар арасында өзіміз дайындаған баспа материалдар, бейнеөнімдер таратылады.
Қысқаша айтсақ, жаһанданумен бірге отбасыларымызға төніп тұрған қауіп-қатерлерді халық сезінсін деген мақсатпен барлық мүмкіндігімізді пайдаланып, жұмыс жүргізудеміз. Тарихын ұмытқан ұлт – болашағы жоқ ұлт. Біз өзімізге төнген қатерлерді қазақы болмысымызды сақтау арқылы ғана жеңеміз.

Әңгімеңізге көп-көп рақмет! Қызметіңізге табыс тілейміз.

Сұхбатты жүргізген Ұлдай САРИЕВА,
«Дүрбі»

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close