Жаңалықтар

Теріс ағымға қарсы күресті жандандыру қажет

Орал қаласында Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұловтың төрағалығымен Батыс Қазақстан облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысы болды. Дөңгелек үстелге кеңестің тұрақты мүшелері, мемлекеттік мекемелер, құқық қорғау қызметкерлері, діни бірлестіктер басшылары қатысты.

 

Күн тәртібінде қаралған діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу, діни теріс ағымдармен күрес мәселесі бойынша Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының БҚО-дағы өкіл имамы Е.Қарақұлов,  ҚазақстандағыПравославие шіркеуінің Орал және Ақтөбе Епархиясының аймақтық діни бірлестігінің игумені С.Капинос, Орал қаласы әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов, Бәйтерек ауданы әкімінің орынбасары М.Залмұқанов баяндама жасады.

-Экстремизмнің алдын алудың бірден-бір жолы – олар туралы дер кезінде шынайы мәлімет беру,- деді бас имам Еркебұлан Қарақұлов.-Бұл жерде бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі өте жоғары. Әйтсе де  жасөспірімдерге  экстремизмнің залалы туралы түсіндіруде БАҚ-тың мәліметі жеткіліксіз. Дінде адам өлтіру арқылы ізгі мақсатқа қол жеткізу деген ұғым  жоқ. Экстремистік топтар және олардың зияны туралы жас балаларды жан-жақты кеңінен хабардар  ете отырып, дініміз бен дәстүрімізді жастардың бойына қатар сіңіре алсақ, әртүрлі теріс ағымдардың алдын алуға қол жеткізіп,жолын кесе аламыз. Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы діни теріс ағымдардың алдын алуда бірқатар ірі жобаны іске қосып отыр. Маман мәселесін шешу үшін жер-жерде медреселер ашылып, діни білім алған  жасөспірімдерге зайырлы білімді қатар сіңіру басты назарға алынды. Имамдардың біліктіліктерін арттыру  да жақсы жолға қойылды.

Бұдан әрі бас имам діни теріс ағымдардың алдын алу бойынша ел ішіндегі түсіндіру жұмыстарына имамдар мен молдаларды кеңінен тартып отырған  БҚО облыстық дін істері басқармасына алғысын айтты. «Күні бүгін атқарылып жатқан жұмыстар  біртіндеп болса да, өз жемісін беруде. Осы қарқынмен бірлесе жұмыс атқарамыз» деді ол.

Теріс ағымға оңай еріп кететіндер кімдер?

 Дінге  шындық іздеп барып, адасып кеткен жастардың көбінің өмірде жолы болмаған жандар екенін, олардың арасында мистикаға бейім немесе ішімдікке, есірткіге тәуелділер, жұмыссыздар кездесетініне тоқталып,  олардың радикалдану  себептері туралы  Сергей Капинос баяндады.

Орал қаласында 24 діни бірлестік бар

Олар діни мейрамдарында Орал қаласы әкімдігімен бірлескен шаралар өткізіп келеді. Бақытжан Нарымбетов ақпараттық түсіндіру тобының жұмысына тоқталып, экстремизм мен терроризмді болдырмау мақсатында қала бойынша атқарылған  шаралар туралы әңгімелеп берді. Мұрат Залмұқанов Бәйтерек ауданында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Жиынды қорытындылаған  облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов  дәстүрлі құндылықтарды  сақтау, діни теріс ағымдарға қарсы жұмысты жандандыру қажеттілігіне баса назар аударды. Діни теріс ағымға ерушілердің  өз отбасын мойындамайтыны айналып келгенде қоғамға жік салатын қауіпті жағдай екенін, жас ұрпақтың  руханиятын нығайтуда жұмысты одан әрі жандандыру қажеттілігін, бұл бағытта  облыстық ішкі саясат басқармасы облыстық дін істері басқармасымен бірлесе отырып,  бейнероликтер жасау керектігін айтты. Облыс басшысының орынбасары сондай-ақ қала әкіміне барлық қала мектептерінде теологтар мен психологтарды  көбейту, олардың біліктілігін арттыру және олардың қатысуымен семинарлар өткізуге тапсырма берді.

«Бәйтерек ауданы бойынша дін саласында әлеуметтік тапсырыстың орындаушысы бар. Жастар әлеуметтік желіде көп отырады, біз де қараймыз. Осы желіде аккаунттар ашып, насихат жұмыстарын жандандыру керек. Орал қаласы мен аудан әкімдеріне жұмыссыздар мен көп балалы отбасылар, тағы да басқа аз қамтылған топтарға ақпараттық түсіндіру жұмыстарын жандандыруға тапсырма беремін. Атқарылған жұмыстар туралы облыстық дін істері басқармасына 30 тамызға дейін ақпарат беруіңізді сұраймыз», – деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

 

«Дүрбі»

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close