Басты тақырыпЖаңалықтарЭксклюзив

Жусандықтар Отан алдындағы парызын түсінер ме екен?..

 Бүгін «Жусан-3» операциясымен Сириядан елге оралған 8 әйел мен 20 бала Ақтау қаласындағы оңалту орталығынан Орал қаласына жеткізілді.

Танертеңгі сағат 9.30 бастап ҚР ҰҚК БҚО бойынша департаментінің алдына жиналған ата- аналар балаларын көргенше тағат таппай, топ-топ шоғырланып тұрды…

Діни теріс ағымға еріп, халифат деп, жиһад деп Шам еліне асып кеткен перзенттерін көруге зар болып, жылдар бойы қасірет шеккен ата-аналардың арманы орындалды бүгін.

Мария, Сириядан келген Фаризаның анасы:

Біріншіден Елбасы Н.Назарбаевқа, бүгінгі Президентіміз Қ.Тоқаевқа,Үкіметке,ҰҚК-не, ҚР Ішкі істер министрлігіне алғысым шексіз.Сондай-ақ балаларымызды елге әкелуге атсалысқан барлық қызметкерге ата-аналар атынан рахмет айтамын.Енді қызымның жақсы өмір сүруімен атсалысамын, «Адасқанның айыбы жоқ, қайта үйірін тапқан соң» деген. Болашақта қызымның болашағы жарқын болатын шығар деп ойлаймын. Қызымның елден кеткеніне биыл 6 жыл болды, 3 жиенім келе жатыр. Қызымның есімі Фариза. Күйеуінің артынан еріп кетті. Адастып кетті кетті ғой, адасып… Күйеубалам сол жақта қалды. «Қайтыс болды» деді, сенер сенбесімді білмеймін.

Марияның қасына еріп келген апасы Айгүл Қошқарбаева да отбасының басынан кешкен қайғысы туралы айтып берді. Марияның көзінен жас кетпегенін, оның күйеуінің осы қайғыдан қайтыс болғанын айтқан апай сөз соңында  «Балаларымызды бізге қосып жатыр, бұл нағыз бақытты сәт. Балалардың, ата- аналардың қамын ойлаған  басқа ел жоқ шығар. Шексіз ризамын.Адасқанды жолға салып, отбасын қосып жатыр. Алла Тағала тілектерін берсін! Ата-аналар баласынан айырылмасын» деп толқыды.

 Біз енді сонау Сириядағы қанды қырғын ортасынан елге аман-есен жеткізілген әйелдерді сөзге тарттық.

 Фариза:

Елбасына, қазіргі Президентке, бізбен жұмыс істеген барлық қызметкерлерге  алғыс айтамын. Бізді Ақтауда жақсы қарсы алды. Теологтар жақсы жұмыс істеді, білмеген көп нәрселерді біліп, көзіміз ашылып жатыр. Соғыс болып жатқан себепті Сирияда бір жерге тұрақтамай, көшіп-қонып жүрдік. Елге қайтуды мақсат етіп 2018 жылдың желтоқсан айында жолға шықтым. Бірақ курдтардың лагеріне жетуін жетсек те, олар бізді 10 күнге түрмеге  қамап тастады. Бірінші жолдасымОралдың жігіті еді. Екеуіміз 2013 жылы бір қызымызды ертіп, Сирияға бірге кеттік. Күйеуім 2015 жылы Сирияда өлді. Кейін Ресейдің қазағымен тұрмыс құрдым, алайда ол күйеуіммен айырылысып кеттім. Алды 8, арты  2 жаста,  үш балам бар.

Біз Сирияда көп қиындық, тіпті аштықты да көрдік. Бомбалаудан қатты қорқып қалдық. Болашақта жұмыс істеп, балаларымды балабақшаға, мектепке берсем, тәрбиелеп, өсірсем деп ойлаймын.

 

Оралған сегіз әйелдің  бірі- футболшы Айбек Ғұбайдуллиннің әйелі Диана Қажғалиева. Ол бізбен емен- жарқын, жатырқамай сөйлесе кетті.

 

Сурет 27.06.2019. сағат 18.46-да түсірілді

«Аман есен жеттік елге. Елбасымызға рахмет. Бізді Сириядан алып шықты.ҰҚК комитетіне рахмет. Мен елге төрт баламен келдім. Біз сияқты ешкім адаспасын енді!

         Ақтауда жақсы болды, ол жерде оңалтудан өттік, әр түрлі байқауларға қатыстық.Бізбен теолог, психологтар жақсы жұмыс жасады. Болашақта балаларды өсіріп, алға ұмтыламыз енді» деген Дианадан көкейімізде тұрған қазақстандық футболшы Айбек туралы сұрадық.

– Диана, айтшы, Айбектің қайтыс болғаны шын ба?

-Өз көзіммен көрген жоқпын. Ол жақта өлген адамды көрсетпейді. Қайтыс болғанын ғана айтады, қай жерге жерленді, өлді ме, жоқ па, белгісіз,- деді Диана.

Диананы өз анасы қарсылап алды. Ал Айбектің анасы Сара апа болса келіні мен екі немересін үйде күтіп отырды. Диана орамалын Ақтау қаласындағы оңалту орталығында шешіп тастапты. Оны көргенде Сара апамыздың шексіз қуанатынын білемін. Бұл жерде әңгіме – Құранда айтылғандай мұсылман әйелдің әуретін жауып жүрген киімге, орамалға қарсылық емес. Алла сақтасын бізді, Аллаға қарсы шықпаймыз! Әңгіме – Диананың теріс жолдан бұрылып, адасқанын мойындап, «Мен псевдосәләфтік  пиғылдан да, әрекеттен де тиылдым» дегенін осылай көрсеткісі келгені емес пе?

 

Күйеуін елге тастап, үш баласымен Сирияға кетіп қалған Бекетова Айнагүлдің ең кішісі сол кезде төрт айлық болыпты.

 «2016 жылы елден  кеттім. Күйеуім де намаз оқитын, бірақ оған айтпай, жасырынып кеттім. Таныстарым, араласып жүрген адамдарым «Сирияға барайық!» деп шақырды, қызықтырды. Кеткенде қасымда таныс қыз болды. Екі балам Сирияда бомба түсіп қайтыс болды. Үш жастағы баламмен оралдым. Ол жерде жақсы ештеңе көрмедім, ол жақ біз ойлағандай болмады. Барғанда ешқандай шарият жоқ екенін көріп, елге оралуға жол іздедік. Қазақстанның ұлттық қауіпсіздік комитетінен көмек сұрадым. Бізге бір мүмкіндік бергені үшін Президент Қ.Тоқаевқа алғысым шексіз. Бізді елге қайтаруда еңбектенген барлық мекемелер мен адамдарға рахмет айтамын. Олар бізді елге көп қиыншылықпен алып келді.Міне, енді үйге оралып отырмыз. Үміттерін ақтаймыз олардың. Біз елден қателесіп , білместіктен кеттік. Елдегі адасып жүрген қыздарға  ол жаққа ешқандай халифат та, шарият та жоқ екенін айтамын. Олай дейтінім –  біз Сириядағы жағдайды өз көзімізбен көріп келдік» дейді Айнагүл.

Айнагүлді қарсылауға күйеуі мен анасы келді. Біз бұдан әрі нағыз жүрек толқытар сәтке куә болдық. Ол ата-аналардың перзенттерімен қауышқан сәті еді. Аналар қыздарын бауырларына басып, жібермей, ұзақ қысып тұрды. Өксіктерін баса алмай, солқылдап жыласты… Қазақта «Іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз бар. Баласы қаншама қателессе де, қаншама жамандық жасаса да ата-ана үшін ол бәрібір – бала. Соқыр сенімге еріп, псевдосәләфтық идеологияға санасын улатқан қаракөздеріміз Сирияда көрген қиындықтарын, ол жақта ешқандай исламның жоқтығын айтып отыр және алдағы күндерде  адасуға не себеп болғанын, басынан кешкендерін әңгімелеп беруге уәде берді. Қыздары мен немере-жиендерімен қауышып, қайғы-қасіретті артқа тастап, енді алаңсыз отбасына оралып бара жатқан ата-аналарының бақытты кейіптерін соңдарынан суретке түсіріп алдық.

«Жусан» операциясы  алты айдың ішінде талай ата-ананың көз жасын құрғатты. Адасқан талай қаракөздерімізді сыртқа теппей, кешірді!  Жесірі мен жетімін қаңғытпаған қазақтың жусан исі аңқыған Отаны міне, осындай болса керек! Енді Сириядан оралғандар Отан алдындағы перзенттік парыздарын қалай түсінеді? Ендігі  үлкен мәселе – осында!

Ұлдай САРИЕВА,

«Дүрбі»

 

 

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close