Тарих

Қазақ даласына ислам дінінің келуі

Қазақта «Тегін білмегеннің түбі жоқ» деген астарлы да салмақты сөз бар. Текті бабаларымыздың осынау мағыналы, мәнді сөзін жаһандану кезеңінде сезініп жатқандаймыз. Қоғамымызда болып жатқан дау-жанжалдар, діни адасулардың негізгі себебі, міне, өз тарихымызды, оның ішінде дін тарихын білмеуімізде.

Қазақтың тарихында небір даулар орын алған, алайда дін дауын көре алмаймыз. Кейбір деструктивті діни ағымдардың өкілдері «қазақтар шынайы ислам ілімдерін оқымаған», «олардан ғалым-ғұламалар шықпаған», «Қожа Ахмед Ясауи – дінді бұрмалаушы», «Абай адасқан, Шәкәрім шатасқан» деген қаңқу сөздер мен жалған ұрандарды ортада көтеріп жүр. Ол топтардың атын, ұстаздарын бәріміз жақсы білеміз. Өкінішке орай, осындай кертартпа топтардың жетегіне кетіп жатқан қаракөз қандастарымыз, яғни өз отандастарымыз. Тарихын, қазақ даласындағы ислам өркениетінің жауһарларын білмейді. Міне, осы білімсіздігіміз түбіміздің жоғалуына біртабан жақындатады. Ендеше, біз діни адасушылықтың алдын алу үшін қазақ даласындағы діннің келу тарихын білуіміз керек-ақ.

Түркістан өлкесіне исламның келуінде түрлі пікірлер бар. Қарахан династиясының ханы Сатұқ Боғра ханнан бұрын ислам діні қай тайпаға тарағандығы көптеген тарихшыны ойландырады. Ерте орта ғасырларда түркілер ислам дінінің пайда болуынан жарты ғасырдан астам уақыт бұрын әлемдік тарихи процестің белсенді субъектісіне айналды. Ашина державасы көршілес жатқан мемлекеттерді өзімен қуатты мемлекет ретінде санасуға мәжбүр етті. Осы уақыттардан бастап түркілер Еуразия даласындағы барлық тарихи оқиғаның бел ортасында жүріп, өркениеттік дамудың бағыт-бағдарын айқындауға пәрменді ықпал етті. Түркі тайпаларын исламдандыру бірнеше ғасырға созылды. Десе де, түркі жұртының исламға келуін бастап берген тұлға кім?! Хазіреті Омар халифа жан-жаққа дін таратуға сахабалар жібергені белгілі. Мысырға Амр ибн әл Ас, Шамға Абдулла ибн Масғуд, Анадолыға Аюб әл Ансари сияқты сахабалар дін жеткізсе, бізге кім жеткізді?! Қай сахаба екен?!

Қай сахаба екен?!

Кутейба

Ол тұлғаның аты Кутейба ибн Муслим еді. Кәдімгі атам қазақ Құтайба деп айтқан тұлға. Кутейба ибн Муслимнің Бұхараны алып, осы жерде ислам дінін тарата бастауы қазақ даласы мен Түркістандағы ислам дінінің бастауы деуге болады. Құтайба сахаба туралы көптеген дерек пен аңыз-әңгімелер жетіп артылады. Солардың бірі өзіміздің мәшхүр ғалымымыз Жүсіп Көпейұлы өз дерегінде былай дейді:

«Пайғамбар дүниеден қайтқаннан кейін әзіреті Омар халифа күнінде жетпіс мың сахаба аттандырған екен: «Алатау, Қаратауда «Мыстанкөз» деген кәпірдің жұрты бар. Соларды мұсылман қылмай қайтпаңдар!» – деп. Сонан солар бытырап, бөлек-бөлек… «Қағбалахабар» деген сахаба Бұхараға жиырма төрт шақырымда шахид болыпты…» (М.Жүсіп Көпейұлы «Шығармалар жинағы», 8-том) деп келтірген. Міне, осы хикаяның даталары жоғарыда атап өткен Омар халифаның заманындағы оқиғаға тап келіп тұр.

Талас шайқасы

Атлах шайқасы

Орта Азияға діннің келуіне Талас маңында арабтардың 751 жылы қарақытайлармен болған шешуші Атлах шайқасы үлкен рөл атқарды. Талас шайқасы туралы тек шығыс ғалымдары емес, батыс ғалымдары да таңдана жазды. Соның бірі – атақты француз тарихшысы, шығыстанушы Рене Грэссэ: «Қытайша Кьюпише аталған Ташкенттің түркі билеушісі немесе түдүні қытайларға талай рет бас иді (743, 747, 749 жылдары аралығында). Бірақ сол уақыттағы Кучидің губернаторы немесе империялық комиссары Као Сьенчэ оны Қытайға барар жолдарды қорғаудағы өз миссияңды дұрыс орындамадың деп жазғырады. Као Сьенчэ Ташкентке барып, түдүннің басын алып, байлығын иеленді. Бұл осы батыс бөлігіндегі көтерілістерге түрткі болады. Басы алынған түдүннің ұлы Тарбағатайды және Балқаш көлінің шығыс жағалауынан Ертіске дейінгі Ұрынғыны мекендейтін түркі-қарлұқтардан, сондай-ақ Соғдыдағы араб гарнизонынан қолдау сұрайды. Араб генералы Зиад ибн Салих оңтүстіктен, қарлұқтар солтүстіктен келеді. 751 жылдың шілдесінде Као Сьенчэ Талас өзенінің бойында талқандалады» (Е. Оңғаров, «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары»).

Бартольдтың айтқанындай, бұл тарихи жеңіс Орталық Азияның тағдырын шешті. Осы шешуші соғыстан кейін Сырдарияның етегі ислам өркениетіне гүлдеді. Қарлұқ қағанатының заңды мұрагері болған Қархан әулеті де дінге ерен еңбек етті.

Сатұқ Боғра хан

Ислам әлемі әрқашан Имам Бұхаридей, Имам Термезидей, Махмұд Қашқаридей, Қауамаддин әл Итқанидей ғалым-ғұламалар тудырған түркі әлеміне ризашылығын білдіреді. Тіпті арабтарда «Діннің дәні арабтарда егілгенімен, егіні Түркістанда орылды» деген мақал бар екен. Осындай жетістікті түркі жұртына сыйлауға себеп болған тағы бір адамның есімін қазіргі заман мұсылмандары ұмытпауы керек. Оның есімі – Әбдәлкерім Сатұқ Боғра хан. Ол Атлах шайқасында ерекше атсалысқан Қарлұқ хандығының іргесін көтеріп, мәртебесін асырушылардың бірі – Білге құл Қадыр ханның немересі. Сатұқ Боғра Тараз және Қашғар қалаларын өзіне қаратып, 942 жылы Баласағұндағы билеушіні құлатып, өзін жоғары қаған деп жариялайды. Сатұқ өлгеннен кейін билік оның баласы Мұсаға көшіп, ол 960 жылы Қарахан мемлекетінің халқын ислам дініне қаратты. Ұлы хас хажиб Жүсіп Баласұғни Құтты білік еңбегінде Сатұқ Боғра ханды

– Дін әзизі, сүйеніші дәулеттің,

Миллатқа – тәж ей, діндары шариаттың, – деп, асыл дінге жасаған еңбегін дәріптейді.

Екінші бір дерек бойынша 909 ж. Еділ бойы Бұлғарларына да ислам тарала бастады. Осы елдің билеушісі Ильтебер Алмыш исламды мемлекеттік дін деп жариялады да, 920 ж. аббасид халифіне діндар адамдар мен сәулетшілерді жіберу туралы өтінді. Муктадир Халифі өтінішті қанағаттандырып, 920-922 ж.ж. аралығында керуен жібереді. Ол керуен 922 ж. мамыр айында Еділ бойы бұлғарларына келіп жетеді. Осы оқиғалардан соң Еділ бойы бұлғарлары Шығыс Еуропадағы түркі-ислам мәдениетінің өзінше бекітілген пункті, апорпосты қызметін атқарады. Бұл турасында Шығыс елдеріне саяхат жасаған Гильом де Рубрук ХІІ ғ. ортасында Еділ бойынан өтіп бара жатып, бұлғарлар туралы: «Бұл жерлерге Мұхаммедтің заңдарын қай хайуан жеткізгендігіне таң қалдым?» деуінен үлкен мән табуға болады.

Міне, осылайша, ислам оңтүстікте қарлұқ, түргештердің тарапынан, батыста бұлғарлар тарапынан ене бастады.

Ернар АБЗАЛОВ,

тарихшы,

«Шапағат» деструктивті діни теріс

ағымдардан зардап шеккендерге көмек орталығы,

Атырау қаласы

Пайдаланылған әдебиет:

1. Е. Оңғаров, «Қазақ мәдениеті және ислам құндылықтары»

2. М. Жүсіп Көпейұлы, «Шығармалар жинағы», 8-том

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close