Басты тақырыпЖаңалықтар
Шейх Аид аль-Карни: «Салафизм қозғалысы атынан біздің қателігіміз үшін кешірім сұраймын…»
Салафизм қозғалысындағы негізгі тұлғалардың бірі Шейх Аид аль-Карни Сауд Арабиясы корольдігіндегі салафизм жайлы «Халиджия» телеарнасында тікелей эфирде баяндап берді. Ол өздерінің дінге деген бұрынғы көзқарастары үшін, дінді қиындатқаны үшін Сауд Арабиядағы танымал телеарна арқылы кешірім сұрады. Сұхбатты Павлодар облысындағы Конфессияаралық қарым-қатынастарды талдау және дамыту орталығы өздерінің Youtube арналарына жариялаған еді. Арабиялық журналист Абдулла Мудейфирдің «Лиуан» бағдарламасында салафизм көшбасшысының қателігін мойындатуы шынымен де тарихи сәт болды. Сұқбатты durbi.kz сайты бейнетаспадан аударып назарыңызға ұсынып отыр.
–Мен сіздің үйіңізде болғанымда сіз бұл сұхбатымызды тарихи сұхбат болады дедіңіз. Сіз – салафит шейхтарының ішіндегі бастылардың бірісіз. Сізден Сауд Арабиясы корольдігіндегі салафизм қозғалысы жөнінде айтуыңызды сұраймын.
– Аса қамқор, ерекше Мейірімді Алланың атымен бастаймын! Барлық мадақ әлемдердің Иесі Алла Тағалаға тән. Пайғамбарымыз Мұхаммедке, оның әулеті мен сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! Біз бір нәрсе жайлы айтқанда әділетті болуымыз керек, мейлі қарсыластар мен дұшпанымызға да.
Салафизм қозғалысы көктен түскен жоқ, қоғамдық құбылыс ретінде дамыды. Король Фахда тұсында салафизмді Сауд Арабиясы корольдігі қолдап, осы қозғалыс пайда болды. Біз иджтихад мәселелеріне келгенде де барынша әділ болуымыз қажет. Асырып не кемітіп айтпайын. Бүгін салафизм қолдаушыларының жақсы да, жаман да жақтарын шынайы айтамын. Біз барлығымыз бұл кезеңнен өттік. Король Фахд пен САК мүфтиі Ибн Баздың «салафизмнің жақсы қырлары бар» деп айтқан бейнероликтер бар. Шейх Усейминнің 32 жыл бұрынғы дәрістерінің бейнежазбалары сақталған. Кейін бұл әлемдік қозғалысқа айналды. Идеяны француздар мен ағылшындар қағып алды, яғни салафизм тек Сауд Арабиясы корольдігінде ғана дамыған жоқ…»
–Уағызшылардың бағыты киім, балақ қысқарту, сақал қою сияқты дін ұстанудың сыртқы сипатына кетіп, рухани жағына көңіл аударылмады.
-Біреулер сәуегейлік танытып, «Салафизм – құдай берген қасиетті іс» дейді. Бұл дұрыс емес. Біреулер «Салафизм – жексұрындық, шайтанның әрекеті» дейді. Мен жаман жақтары мен жақсы тұстарын әділ айтқым келеді. Иә, діннің сырты сипаты басымдық беріліп, нағыз ішкі рухани жағына зиян тиді. Имандылық жайлы айтылмай, сақал өсіру жайлы үгіт-насихат белсенді жүргізілді. Киім сияқты өзге де мәселелер шын мәнінде аса маңызды емес.
«Уағыз» деген желеумен халықты «дін ұстанатындар» мен «ұстанбайтындарға» бөлді. «Қатты» пәтуалар насихатталды. Әсіресе жастар арасында. Салафизм шейхтері «теледидар харам» деген пәтуа берді, алайда өздері онда сөйлеуге қарсы болмады. Теледидар, спутник антенасы, фотоға түсу, ән айтуды харам деді. Салафизм қозғалысы насихаты кезінде тойлар қаралы жиынға айналды.
–Яғни, салафизм қозғалысы радикализм мен жауыздықты насихаттады ма?
-Бұл кемшілігі баяғыдан белгілі. Мүфти Ибн Баз жұмсақ, ізгілікті болуды айтты. Біз әсершіл жас болдық.
–Сіз бұдан бұрын шейттердің қаралы жиыны жайлы айттыңыз. Сарапшылар Сауд Арабиясы корольдігінде мерекелеу басыңқы екенін айтады. Қоғамға біраз уақыт ықпал еткен салафизм мәдениетке де әсерін тигізді. Қазір тойда отырып ешқандай қуанышты сезінбейсің.
-«Эфиоптықтар мейрам күні мешітте биледі» (Бұқари), «Екі әнші Пайғамбар үйінде мереке күні ән салды» (Бұқари).
–Бұрын осыны неге айтпадыңыз?
-«Дінді қатаң ұстауды насихаттау» жайлы міндеті болды. Жас адамда энтузиазм болады да, радикалданып кетеді. Әсіресе білім болмаса. Салафизм қозғалысында ғалымдар болмады. Кейбір тойларда соңына дейін бір ән де айтылмайды. Уағызшы шақырылып, дінді қатаң ұстау жайлы айтылады.
–Бұл той ма?
-Тойға ұқсамаса да солай… Мейрамда қуану, қайғыда мұңаю керек. Міне, дұрыс Ислам осы. Салафизмге үндеу кезеңін зерделей отырып, осы қателіктерді көреміз. Біз пайғамбарлар емеспіз ғой. Мәртебелі Пайғамбарымыздан басқамыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сөзден де, істен де қателесеміз. Уақыт өте келе, жасым ұлғая, жаңа білім қосқан соң мұның бәрі қате екенін түсіндім. Салафизмде осы кемшіліктер бар. Мен жақсы тұстарын да әділдік үшін айттым.
–Сарапшылар «Салафизм қозғалысы – Ирандағы Хомейни революциясына жауап» дейді. Олар: «Алдымен ихван қозғалысымен салафизм идеологиясын біріктіргісі келген, үндеу жүргізудің ихван әдісін қоғамға қолданғысы келген діни мекеме болды. Мұның бәрі Ирандағы шиит революциясының әсерінен» дейді.
-Мен мұны дәл анықтама деп ойламаймын. Себебі революциядан кейін билікке Аятолла Хомейни келді… Сіз ихвандар билікке ұмтылды дерсіз.
–Мен ихвандар емес, салафизм қозғалысы жайлы айтып отырмын. Салафизм идеологиясы ихвандікімен араласып кетті… Бірақ бұл қозғалыстың басталуына не әсер етті? Бір сарапшылар мұның басталуына Ирандағы Хомейни революциясы ықпал етті дейді. Басқа сарапшылар Сауд Арабиясы корольдігінде шиит революциясын әкелу үшін құрылды деп айтады.
-Салафизмді қоса алғанда ихванизм, суруризм… барлығы Хомейни сефевид революциясына жауап болды. Бірақ тікелей байланысын әлі дәлелдеу керек. Салафизм қозғалысында әр түрлі адамдар көп болды. Тәуелсіз шейхтар, ихвандар, суруриттар… Мұның бәрі жаңа басталғанда, көбі мақтады. Ол бейнежазбалар әлі Ютубта бар. Бірақ содан кейін салафиттік қозғалыс «қызыл сызықтан» асып, мен айтып отырған қателіктер пайда болды… Кейін мемлекет салафизм үндеуіне тыйым салды.
-«Уағызшылар» сөзіне түсінік бере кетсеңіз. Салафизм қозғалыс «қоғамдық уағызбен» айналысты ма?
-Салафизм қозғалысы өзіне «Мақұлдауды үндеп, теріске шығаруға тыйым салу» міндетін мойнына алды. Сауд Арабиясы корольдігі мүфтиятының үлкен ғалымдары кеңесінің абыройын төмендетіп, пәтуа шығарып, дін ұстамаған адамдарға тиісті. Кейбір әсершіл жастар өлең оқып, ән айтуға, суретке түсуге тыйым салды. Бәрін «харам» деп атады. Иә, мұны «қоғамдық уағыз» деп атауға болады. Ал шын Исламда адамдардың өміріне былай араласуға болмайды. Алла: «Сен оларға әмір жүргізе алмайсың» (Құран: 88, 22) дейді. Сондай-ақ: «Сен адамдарды мәжбүрлер ме едің» (Құран: 10,99) делінген. Бірақ бір шейх айналасына артынан ергендерді жинап алады да: «Мұны мен теріске шығарамын, бұл да харам!» дейді. Мұның бәрі біз жіберген қате болды. Салафизм қозғалысының қателігі – үндеуінің қатыгездігі. Тек тозақ бар да, жұмақ, Алланың мейірімі жоқтай айтты. Алла бұларды бірге келтіретін. Алланың жазасы қатал, бірақ шексіз кешірімге де ие!
Мұның бәріне себеп – Сауд Арабиясы корольдігі мүфтиятының үлкен ғалымдары кеңесінен алшақтау, тәжірибенің, білімнің жоқтығы.
–Яғни, мұның барлығы сізде білім болмауынан орын алғаны ма?
-Әрине.
– Сіздер неліктен халықты «дін ұстанатындар» мен «ұстанбайтындарға» бөлдіңіздер? Салафизм қозғалысын қолдаушылар мен қолдамайтындарға бөлдіңіздер. Қоғамға неге жік салдыңыздар?
-Айтып отырмын ғой, бұл – салафизм қозғалысының қателігі. Өз-өзімізді азғырудан. Сондықтан халықты «дін ұстанатындар» мен «ұстанбайтындарға» бөлді. Пайғамбарымыз бен сахабалардың өмірі жайлы оқысақ, олар барлық қоғамға мұсылмандарға қарағандай қатынаста болған. Мұхаммед пайғамбар тіпті маскүнем жайлы да: «Оған ұрыспаңдар, ол Алла Тағала мен оның елшісін жақсы көреді» деген (Сахих Бухари). «Мұсылмандардың арасында өзіне, басқа да орташа және озық ізгіліктерге әділетсізі бар» (Құран: 35,32). Бұл мұсылмандар жұмақтық болады. Бірақ адамдарға мұсылман міндетті түрде сақалды, қысқа балақты, мискпен болуы керек деп құлақтан құйыла берді. Дінді ұстаушы мұсылман күнә мен қателік жібермейді деп сендірді. Бұл қателіктерді түзеуіміз керек және барлық жерде мұны ашық айтуға тиістіміз.
–Жалпы айтқанда, сіз барлық қателікті мойындайсыз ба?
-Иә, мұның бәрі бастан өтті.
–Ашығын айтайық, шейх! Сіз – Аид аль-Карни, Сауд Арабиясы корольдігіндегі салафизм қозғалысы көшбасшыларының бірісіз.
-Иә.
-Сіз – салафизм қозғалысындағы ең танымал «жұлдызсыз».
-Иә.
-Сіз Сауд Арабиясы корольдігі халқы алдында салафизм қозғалысының қателігі үшін өзіңізді кінәлі сезінесіз бе? «Иә, біз сіздерге әділетсіздік жасадық, кешіріңдер бізді» деп халыққа ашық айтуға дайынсыз ба? Бүгінгі әңгімеміздің қорытындысы ретінде…
-Түсіндім. Тыңда. Мен адаммын, пайғамбар емеспін.
–Анығырақ айтсаңыз!
-Анығын айтайын. Барлық салафизм қозғалысы атынан ашық та батыл мәлімдеймін! Егер біз ашық та батыл айтпасақ – бізде ешқандай жақсылықтың қалмағаны. Біз бәріміз қателесеміз, біздің бәрімізді жоққа шығарады, Мұхаммед Пайғамбардан басқамызды, оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын! Салафизм қозғалысы атынан біздің қателігіміз үшін кешірім сұраймын… дінді қиындатқанымыз үшін… Құран мен сүннетке қарсы келіп. Ислам – жеңіл дін.
Біздің үндеуіміз ізгілікті, рақымды дінге қарсы келдік, адамдарға қысымшылық келтірдік. Сауд Арабиясы корольдігі халқы алдында салафизм қозғалысының атынан кешірім сұраймын. Мен ақиқатқа бағынамын! Егер маған аяттар мен хадистер арқылы ақиқатты дәлелдесе, мен қабылдаймын! Бүгіннен бастап барша әлемге ашық, ізгілікке толы Исламды ұстанамын. Бұған мұрагер ханзада Мұхаммедд ибн Сальман шақыруда. Осы біздің дініміз! Алла: «Біз сіздерді орта жолды ұстанатын қауым қылдық» дейді (Құран: 2, 143). «Мен бір құдайға сыйыну үшін жеңіл дінмен жіберілдім» дейді Пайғамбар (Хаким). Бүгіннен бастап дінді қиындатуды доғарамын. Адамдарды дінмен қорқытуды емес, қуантуды бастаймын. Соқырдай ілесуді қойып, қайырымдылық пен зайырлылыққа, өзгерістерге қарай қозғаламын. Дініміз осындай болуы керек. Әлемге бізге келіңдер айтамын! Біздің дін – тыныштық пен рақымның, әлемнің діні. Аллаға шүкір, біз мұны жас ұлғая, Қасиетті аяттар мен ғалымдардың түсінік беруі арқылы түсіндік. Мен бұрынғы салафизм қозғалысында жүрген 24 жасар бала емеспін, толық өзгердім. Мен 40 елде болып, мыңдаған кітап оқып, дана адамдармен тілдестім. Осымен болды!
Сұхбатты бейнетаспадан аударған Нұрлыбек НҰРЛАНҰЛЫ,
durbi.kz сайтының редакторы