Жаңалықтар
Қазақстан Ирактан 14 баланы қайтарып алмақ
![](https://durbi.kz/wp-content/uploads/2019/10/f22e0164205dd4c4761524f0b41f13ad-780x405.jpg)
Бұл туралы Елордада Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Ауғанстан бойынша жиынында айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2019 жылдың басында Қазақстан арнайы «Жусан» операциясын жүргізген болатын. «Жусан» операциясы – Қазақстан осы адамдардың (кезінде Сирияға кетіп қалған азаматтардың – авт.) үйі екенін көрсетті. Операцияның арқасында елге 600-ге тарта адам қайтарылды. Олардың 406-ы бала. Олардың бәрі де оңалту шараларынан өтіп, қазақстандық қоғамға бейімделді. Қазіргі уақытта Ирактан 14 баланы қайтару бағытында жұмыс жүргізіп жатырмыз. Олардың аналары сол жақта өмір бойы бас бостандығынан айырылған», – деді ҚР Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді отырыс барысында.
Министрдің айтуына қарағанда, Қазақстан мұндай гуманитарлық акцияларды жүргізіп жатқан әлемдегі санаулы мемлекеттердің бірі.
«Біз өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз», – деді ол.
Еске салайық, «Жусан» гуманитарлық операциясы – ауқымды акция. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді.
Сириядан қазақстандықтардың алғашқы легі биылғы 6 қаңтарда елге жеткізілген болатын.
7-9 мамыр күндері аталмыш елден Қазақстанның тағы 231 азаматы оралды.
Кешенді шаралар нәтижесінде қақтығыс аймағынан елімізге жалпы 357 бала қайтарылды. 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі өткізілген еді.