Көкейкесті

Зайырлылық қағидаттарын нығайту – экстремистік идеологияға қарсы іс-қимылдың негізі

Форум

Durbi.kz. Рухани келісім күніне байланысты Қарағанды қаласында «Зайырлылық қағидаттарын нығайту – экстремистік идеологияға қарсы іс-қимылдың негізі» өңірлік форумы өткізілді. Шараның өтуіне Қоғамдық даму министрлігі, Қарағанды облысының Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар қолдау білдірді.

Форумға Қоғамдық даму министрлігінің өкілдері, өңірлердегі дін істері жөніндегі басқармалар мен орталықтардың басшылары,теологтар, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мамандары, мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер, жастар белсенділері, Астана, Алматы қалалары мен Ақмола, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарының қоғамдық келісім кеңестерінің өкілдері қатысты.

Форум ауқымында экстремизмге қарсы іс-әрекет, теріс пиғылды ағымдарға тосқауыл қою, деструктивті діни ұйымдар үгітінің алдын алу шаралары талқыланды. Қарағанды облыстық дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикеновтің айтуынша, жастардың арасында экстремизм идеологиясы сыналап енбеуі үшін тынымсыз жұмыстану қажет.

Қарағанды облысы дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов

– Зайырлылық ұстанымдары негізінде радикалды идеологияға қарсы иммунитетті күшейтуіміз керек. Бұл тұрғыда Атырау облыстық дін істері басқармасының деструктивті діни ағым жетегіне ергендерді дерадикализациялау бойынша іс жүзінде жинақтаған тәжірибесі мол. Сондықтан форум ауқымында тәжірибе алмасу, бұл тұрғыда аймақаралық байланысты нығайту маңызды, – деді Қарағанды облысы дін істері басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов. (суретте)

Форумға қатысқандар көпконфессиялы қоғамды дамытудың маңызы зор екенін айтып, ел бірлігіне іріткі салатын идеология қатеріне төтеп беру жолдарына қатысты ойларымен бөлісті. Түрлі діни және этникалық топ өкілдері өмір сүріп жатқан мемлекет зайырлылық ұстанымдарын басшылыққа алуы тиіс. Сонда діни ахуалды кеңінен таразылап, тоқсан тарапты тең ұстауға қатысты құқықтық негіздерді нығайтуға болады. Еліміздің Конституциясында әр адамның діни сенімі, ар-ождан бостандығы қорғалатыны жазылған. Әрине, зайырлы, құқықтық, унитарлы мемлекеттің біртұтастығына, деморкатиялық  даму жолымен саяси реформаларды жүзеге асыруына қайшы әрекеттер жасап, экстремистік қимыл жасауды насихаттайтын діни радикалды топтардың күмәнді уағыздарының таралуына дер кезінде шектеу қойылуы қажет.

Сарапшылар дін саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаларын түсіндіру үшін бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет ресурстары және әлеуметтік желілер арқылы  ағарту жұмысын күшейтуді, ұлттық құндылықтарды насихаттауға баса көңіл бөлу қажеттігін айтты.

Жалпы адамзаттық құндылықтарды теологтар мен мемлекеттік қызметшілер, мешіт имамдары мен дін қызметкерлері саралай білуі тиіс. Радикалды топтар интернет арқылы уағыз таратады. Әлеуметтік желілер экстремистердің басты құралына айналды. Ғаламтор арқылы әрбір тұрғынға дәстүрлі құндылықтарды насихаттай білуіміз керек, – деді форумда Нұрлан Бикенов.

ҚМДБ аппарат бөлімінің басшысы Ғилымбек Мәжиев

Діни сенім – адамның рухани кемелденуіне әсер ететін, ақ пен қараны ажыратуына жәрдемдесетін, мінез-құлқын көркемдеуге мүмкіндік беретін имани қазық болуы тиіс. Сондықтан діни жанжалдар мен қақтығыстар, азаматтық соғыс өрті толастамай тұрған елдердің тарихынан сабақ алып, бейбітшілік пен тұрақтылықты, конфессияаралық келісімді нығайту қажет.

– Дін – адамды Алланың даналыққа құрылған таңғажайып жаратылысынан ғибрат алуға, өмірдегі мақсаты мен міндетін айқындап беретін Құдайға құлшылық етуге тәрбиелейтін ұлы жол. Ислам адамға екі дүниенің қуанышы мен сыйына, бақыты мен берекетіне жетелейтін тура жолды көрсетеді,  – деді ҚМДБ аппарат бөлімінің басшысы Ғилымбек Мәжиев. (суретте)

Форумда Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев ақпараттық-түсіндіру жұмысының маңызы жөнінде айтты.

Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев

Менің осы форумға келуімнің мақсаты – әкімшілік тәжірибені қолданудағы озық тәжірибелермен бөлісу. Біз өз жұмысымызда жаңа технологияларды, атап айтқанда, әлеуметтік желідегі сайттар мен аккаунттарды бақылайтын арнайы кибершеберлер бағдарламасын қолданамыз. Жұмыс басқа мемлекеттік органдармен және дін істері басқармаларымен бірлесе отырып жүзеге асырылады. Ол үш кезеңнен тұрады. Біріншісі – алдын алу, заңнаманы түсіндіру. Екінші кезең – мақсатты жұмыс, үшіншісі – әкімшілік ықпал ету. Бұл тәсіл өз нәтижесін беруде,  деді Қайролла Көшқалиев.

«Зайырлылық қағидаттарын нығайту – экстремистік идеологияға қарсы іс-қимылдың негізі» өңірлік форумы аясында семинар-тренингтер ұйымдастырылды.

Біз форум аяқталысымен Қайролла Дүйсешұлына телефон арқылы хабарласып, форумның қалай өткені туралы сұрадық.

 «Қарағандыда форумға қатысып, аман-есен Нұр-Сұлтан қаласына ат басын бұрып келе жатырмыз, – деді басшы. –Форум жақсы өтті. Әкімшілік- құқықтық құқықбұзушылық бойынша баптарды қолдану әдісі, мақсаты туралы мәселе қаралды. Құқықбұзушылармен қалай жұмыс істеу керек, жергілікті мемлекеттік органдармен бірлесе қалай жұмыс атқару керектігін айттым. Атырау өңірінде үш жылдан бері әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тәжірибені қолданып келе жатырмыз. Деструктивтік ағымдарға кедергі жасау, діни мазмұны бар заттарды таратуға болмайтыны, діни бірлестіктердің құлшылық үйлері қандай ережемен салынуы керек, миссионерлікпен кімдер айналысуы керек, бұл жұмыспен кімдерге айналысуға болмайды, міне, форумда осы мәселелер жөнінде айттым. Соның ішінде әлеуметтік желіде деструктивтік діни ағымдардың материалдарын жариялау мәселесі қаралды. Діни материалдарды кімнің жариялауға құқы бар, кімнің құқы жоқ десек, діни тақырыптағы аудио-бейне материалды діни бірлестіктер және дін мамандары ғана жариялай алады.Қазақстан сотымен шектелгендеструктивтік ағымдардың материалдарын, аудио-бейне жазбаларын таратуға болмайтынын, оның артында не тұрғанын, қандай жаза қолданылатыны жөнінде айтып өттім.

Форумда заманауи технологияларға тоқталдым. Атап айтқанда, біз өз жұмысымызда әлеуметтік желілердегі сайттар мен аккаунттарды бақылайтын арнайы кибершеберлер бағдарламасын қолданамыз. «Сараптамалық интернет карта» жобасы туралы  айтылды.Бұл біздің қолымызды ұзартуда.Бізге деструктивті ағымның аккаунттарын, сайттарын айтып беріп, соның ішінде топқа бөліп,  сол жерде отырған адамдарды тауып беруі арқылы жұмысымызды жеңілдетіп отыр. Біз  ондай сайттарды бір сағаттың ішінде  өзіміз бұғаттап тастаймыз. Бірақ бұғаттау 100 пайыз нәтиже бермейді.  Мұндай админ, аккаунтың иесі әкімшілік шараға тартылған соң ғана толық бұғатталады.  Бірақ иесі өз аккаунтын сотқа дейін өзі жойып жіберсе, ол сотта ескеріліп, соттың шешімімен  айыппұл көлемі 30 пайызға жеңілдеуі мүмкін.  Республика бойынша біз мемлекеттік рәміздерді мойындамаған, оған құрмет көрсетпеген  екі тұлғаны айыппұлға тарттық» деді Қайролла Дүйсешұлы бізге телефон арқылы  берген жауабында.

Шегініс

 Иә, биылғы жылдың 28 қыркүйегі күні Атырауда өткендіни бірлестіктер арасында кіші аяқ добынан ашық турнирінде Қазақстан  Әнұранын мойындамаған азаматтарға айыппұл салынған болатын. Шара «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының ұйымдастыруымен өткен еді. 

Жарыс барысында Қазақстан Әнұраны  орындалған сәтте оң қолын жүрек тұсына қоймай, яғни мемлекеттік рәмізге құрмет көрсетпеген Қазақстан  екі азаматы ӘҚБтК-нің 458-бабы 1-бөлімі бойынша кінәлі деп танылды.

Заң бұзған екі азаматқа әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды. Мемлекеттік Әнұранды мойындамаған оларға заңмен белгіленген айыппұл салынды.

Осы оқиғаға байланысты Атырау облыстық дін істері басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев Атырау облысы ішкі саясат басқармасы мен Атырау қаласы полиция басқармасына тиісті шара алуды сұрап, хат жолдаған болатын.

Айыппұл салынған екі азаматпен Қазақстанның мемлекеттік рәміздер туралы заңы аясында Атыраудағы бірнеше басқармалар тарапынан түсіндірме жұмыстары мен профилактикалық кездесулер жүзеге асты.

 «Міне, осы ӘҚБтК-нің 458-бабы 1-бөлімін республика бойынша іске қоссақ, біз алдағы жылдары  оның нәтижесін көретін боламыз. Адамдардың сана-сезіміне әсер етуіміз қажет. Форумда тәжірибе алмасу мақсатында Атырау облысында атқарылып жатқан жұмыстартуралы баяндадым» деп бізбен әңгімесін одан әрі жалғастырды Қайролла Дүйсешұлы. – Біз үш кезеңмен жұмыс істеп отырмыз. Бірінші кезеңде біз халыққа жаппай  алдын алу жұмыстарын жүргіземіз. Заң бар екені, оны бұзған жағдайда әкімшілік жазаға тартылатын түсіндіреміз. Екінші кезеңде егер түсінбеген, заң бұзған  жағдайда дін істері  басқармасы, полиция департаменті, прокуратура өз саласында сондай тұлғалармен жұмыс  жүргізеді. Бұдан нәтиже болмаса, үшінші кезеңде әкімшілік бағытта заң бойынша ықпал етеміз. Яғни, сол тұлға,  әдеп заңға бағынбай жатса,  заңға сүйеніп әкімшілік құқықбұзушылық бойынша шара алынады. Дін саласындағы осы және басқа да өзекті мәселелер қаралған жиын өте  жақсы өтті. Пайдасы болар деп ойлаймын. Форумға қатысқан басқа облыстар біздің осы тәжірибемізді қолданар деп сенемін».

Қайролла Дүйсешұлы айтқандай, Атырау облысында деструктивті бағыттағы 341 аккаунт анықталды. Жыл басынан бері Атырауда діни  салада 55 әкімшілік құқықбұзушылық фактілері тіркелді.

Оның ішінде, заңды діни қызметке кедергі келтіру фактісі бойынша 10 адам, діни мазмұндағы материалды заңсыз тарату фактісі бойынша 10 адам және діни алауыздықты тудыратын материалды әлеуметтік желіде тарату фактісі бойынша 35 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Kaz Dream компаниясы ұсынған жоба облыс аумағында әлеуметтік желіде тіркелген барлық тұрғындардың парақшаларына автоматты түрде мониторинг жасап, діни теріс бағыттағы материалдар табылған жағдайда, оны толық зерттеуге мүмкіндік беріп отыр. Осындай зерттеулер нәтижесінде, жергілікті Ақпараттық талдау орталығы теріс бағыттағы 1 700-ге жуық аккаунт қарап, деструктивті бағыттағы 341 аккаунтты анықтады.

Соның ішінде 107 аккаунт діни сараптамадан өтіп, 35 адам  Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 453-бабының 2-тармағы бойынша жауапқа тартылды. Бұдан басқа, әкімшілік жазаға тартылғандармен жергілікті діни басқарманың профилактикалық шаралар өткізіп жатқандығын атап өткеніміз жөн. Яғни, Атырау облыстық дін істері басқармасы полиция департаментіне сот шешімдерін жолдай отырып, әкімшілік жазаға тартылғандармен теолог мамандардың әңгімелесуіне мүмкіндік беруін сұрап, бірлесе жұмыстар атқаруда. «Бұл тәжірибе діни сауаты жоқ азаматтармен жұмыс жүргізуде нәтиже беруде» дейді Қайролла Дүйсешұлы.

Ұлдай ҚАБОШҚЫЗЫ,

Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

Нұртай ТЕКЕБАЕВ,

«Дүрбі»

 

 

 

 

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close