Durbi.kz. Соңғы жылдары қоғамда деструктивтік діни ағымдар мүшелері тарапынан заңбұзушылық жиі кездесіп отыр. Соның ішінде Қазақстан мемлекетінің рәміздерін мойындамау, Әнұран айтылған сәтте қолын жүрек тұсына қойып, құрмет көрсетпеу, намаз үстінде мешіттің бекітілген ішкі тәртібін бұзу орын алуда. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі салафилік жолда жүргендер салт-дәстүрімізді аяқасты етіп, дінді ұстанып, намазға жығылғанына қарама-қайшы әрекеттерге жол беруде. Қарақшылық, әйел зорлау, адам өлтіру, бопсалау, кісі ақысын жеу сияқты Исламда тыйым салынған, асыл дінімізге үш қайнаса сорпасы қосылмайтын жат әрі қылмыстық әрекетке барып отыр. Қоғамның алаңдаушылығын тудырып отырған, мемлекетіміздің тұтастығына, халықтар достығына, ел бірлігі мен қауіпсіздігіне қауіп төндірген осындай келеңсіз оқиғаға жол бермеу – бүгінгі күннің басты міндетіне айналды. Аталмыш заңбұзушылық Атырау облыстық дін істері басқармасы мен құқық қорғау органдары арқылы заңмен жазаланып жатыр.
Жақында Атырау қаласында «Құптан» намазы кезінде имамға бағынбай, «Әмин» сөзін дауыстап айтқан Р.Адайбаев пен С.Досмұхановқа ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабы 8-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны үшін әрқайсысына 505 000 (бес жүз бес мың) теңге айыппұл салынды. Енді Ханифа мәзхабын мойындамайтын, мешіттің ішкі тәртібіне атүсті қараушы екі азамат 1 010 000 теңге айыппұл төлейтін болды.
Қайролла КӨШҚАЛИЕВ,
Атырау облысы дін істері басқармасы басшысы:
– Атырау өңірінде үш жылдан бері әкімшілік құқықбұзушылық бойынша тәжірибені қолданып, заңға бағынбаған адамдарға шара алынуда. Енді Атырауда ғана емес, ҚР ӘҚБтК-нің 458 бабы 1-бөлімін, 490-бабы 8-бөлігін республика бойынша іске қоссақ, біз алдағы жылдары оның нәтижесін көретін боламыз. Яғни, Атырау облыстық дін істері басқармасы полиция департаментіне сот шешімдерін жолдай отырып, әкімшілік жазаға тартылғандармен теолог мамандардың әңгімелесуіне мүмкіндік беруін сұрап, бірлесе жұмыстар атқарудамыз. Бұл тәжірибе діни сауаты жоқ азаматтармен жұмыс жүргізуде нәтиже беруде.
Атырау облысында деструктивтік бағыттағы 341 аккаунт анықталды. Жыл басынан бері Атырауда діни салада 57 әкімшілік құқықбұзушылық фактілері тіркелді. Ақпараттық талдау орталығы теріс бағыттағы 1700-ге жуық аккаунты қарап, деструктивтік бағыттағы 341 аккаунт анықталды.
Соның ішінде 107 аккаунт діни сараптамадан өтіп, 35 адам ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 453-бабы 2 тармағы бойынша жауапқа тартылды.
Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 2-тармағы, яғни, заңды діни қызметке кедергі келтіру фактісі бойынша 12 тұлғаға, ҚР ӘҚБтК-нің 490-бабының 1,3 тармағы, яғни діни мазмұндағы материалдарды заңсыз тарату фактісі бойыша 10 тұлғаға әкімшілік хаттамалар толтырылып, қазіргі таңда 15 тұлғаға сот шешімімен айыппұлдар салынды.
Сонымен қатар дін басқармасы әкімшілік жазаға тартылған тұлғалармен арнайы профилактикалық шаралар өткізеді. Басқарма осы тұрғыда заң тармақтарына жүгіне отырып, арнайы іс-қимыл алгоритімін жасақтаған болатын. Ашып айтар болсақ, Қазақстан Республикасының құқық бұзушылық профилактикасы заңының 24-бабының 3-тармағында былай деп көрсетілген: «Құқық бұзушылықтың жеке профилактикасы шараларын қолдануға негіздер «Мемлекеттік органдардан және жергілікті өзін-өзі басқару органдарынан түскен материалдар негіз болып табылады»
Осы тармақты басшылыққа ала отырып, басқарма полиция департаментіне сот шешімімен әкімшілік жазаға тартылған тұлғалардың қаулыларын жолдай отыра, оларға осы заңның 25-бабына сәйкес аталған тұлғалармен теолог мамандармен профилактикалық әңгімелесу жүргіземіз. Осыған орай, қазіргі таңда біз деструктивті діни ағым өкілдерін тек әкімшілік жауапкершілікке ғана тарта отырмай олармен арнайы білімі бар теолог мамандармен профилактикалық шараларды ұйымдастырудамыз.
«Әмин» сөзін дауыстап айтқан
Оқиға былай болған. Бұдан бір жыл бұрын, яғни 2018 жылы 2 тамыз және 2019 жылы 14 шілде күндері Р.Адайбаев пен С.Досмұханов Атырау қаласындағы «Сұлтан Бейбарыс» мешітінде кешкі «Құптан» намазы үстінде «Әмин» сөзін дауыстап айтып, имамға қарсы шығып, мешіт жамағатының намазын бұзған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бекіткен мешіт ережесін бұзғаны үшін олардың әрқайсысына сол кезде 120 250 (бір жүз жиырма мың екі жүз елу) теңге айыппұл салынған болатын.
Міне, арада бір жыл өткенде, яғни үстіміздің жылдың 28 қыркүйегі күні аталған азаматтар Атырау қаласындағы «Иманғали» орталық мешітінде бұдан бір жыл бұрын әкімшілік жаза қолданылғанына қарамастан мешіттің тәртібін тағы да өрескел бұзды. Тағы да кешкі «Құптан» намазы үстінде имамның ғибадат ету тәртібін сақтауға шақырған сөзін тыңдамай, оған қарсы шығып, «Әмин» сөзін дауыстап айтқан.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық ислам діни бірлестігі мешіттерінің ішкі тәртіп ережесіне сәйкес, мешітке келушілер Ханифа мәзхабына сай құлшылық жасауға, намаздағы «Әмин» дұғасын іштей айтуға міндетті екенін біле тұра, намазда имамның артында бірінші қатарда тұрып «Әмин» сөзін дауыстап айтқан С.Досмұханов пен Р.Адайбаев өзіне ескерту жасаған мешіт қызметкерлеріне дөрекі мінез көрсетіп, айқайлап сөйлеп, олармен жағаласып, алысқан. Алланың үйінде шу шығарып, істі насырға шаптырған олар намазды аяқтамай, мешіттен шығып, қашып кеткен.
Сот отырысында С.Досмұханов пен Р.Адайбаевтың кінәсі мешіттің бейнежазбасы және жанында намазда тұрған адамдардың куә болуымен толығымен анықталды. Бейнебайланыс арқылы қатысқан куә ретінде сұралған Б.Мансұров жоғарыда аталған мешіттің сол кезде имамы ретінде қызмет атқарғанын, сол күні «Құптан» намазы уақытында артында бірінші қатарда С.Досмұханов пен Р.Адайбаевтың тұрғанын, олардың «Әмин» сөзін дауыстап айтқанын анық естігенін, Р.Адайбаев пен С.Досмұхановқа түсіндірме жұмыстарын жүргізу үшін қызметкерлерге оны тоқтатуды сұрағанын, ал олардың мешіт қызметкерлерімен жағаласып, дауыстап сөйлеп, дөрекі мінез-құлқын танытып, мешіттен кетіп қалғандырын жеткізді. Болған оқиға бойынша полицияға арыз жазылған соң мешіт қызметкері А.Хатим бейнежазбада барлығы анық көрінетінін, сонымен қатар С.Досмұханов мешіттің ішкі тәртібін үнемі осылай бұзатыны жөнінде айтып, көрсетті.
Сот отырысында куә ретінде сұралған М.Алпысбай жоғарыда аталған мешіттің наиб имамы ретінде қызмет атқаратынын, сол күні «Құптан» намазы уақытында «Әмин» сөзін іштей айтуды мешіт имамы және қызметкерлері жамағатқа түсіндіргендеріне қарамастан, аталған азаматтар имамның артында бірінші қатарда тұрып, дауыстап айтқандарына куә болды.
Сондай-ақ сот отырысында куә ретінде сұралған А.Хатим, А.Нұрмұхамбетов, Е.Боханов, М.Газизовтер М.Алпысбайдың айтқандарын растап, олардың мешіттің ішкі тәртібін үнемі осылай бұзатындарын айтты.
Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік соты істі қарады. Сот Салауат Досмұханов пен Рустем Адайбаевты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 490-бабы 8-бөлігінде көзделген әкімшілік құқықбұзушылық жасағаны бойынша кінәлі деп танып, қызметтеріне тыйым сала отырып, олардың әрқайсысына әкімшілік жаза ретінде 505 000 (бес жүз бес мың) теңге әкімшілік айыппұл салуға шешім шығарды.
Деструктивтік діни ағымның сенімімен санасы бұғауланып, ел арасына іріткі салуға тырысып жүргендердің әрқайсысы енді жарты миллион теңге айыппұл төлеуге тиісті. Бұл оларға сабақ болса, кәне?!
Ұлдай САРИЕВА,
«Дүрбі»
2016 жылғы 16 қарашада өткен ҚМДБ жанындағы Ғұламалар кеңесінің XIV мәжілісінде бекітілген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы республикалық ислами діни бірлестігі мешіттерінің ішкі тәртіп ережесіне сәйкес, мешітке келушілер Ханифа мәзхабына сай құлшылық жасауға, намаздағы «Әмин» дұғасын іштей айтуға міндетті екендігі көзделген.
Артық болмас білгенің!
Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазандағы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретiнде орнықтыратынын, әркiмнiң ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркiмнiң дiни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, Ханифа бағытындағы исламның және православиелік христиандықтың халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады.
2016 жылғы 27 сәуірде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аппарат жетекшісі Ғ.Мәжиевпен бекітілген «Мешіттің ішкі ережесі мен тәртібі» шешіміне сәйкес, бес уақыт және жұма намаздарына келуші жамағат ішкі тәртіп-ережелерін мұқият сақтауға, көрсетілген талаптарды орындауға міндетті.
Сонымен қатар мешіт өз қызметінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының жарғысына сәйкес Әбу Ханифа мәзхабы мен Имам Матуруди ақидасы бойынша сүнни бағыттағы Ислам дінінің қағидаларын және шариғат ережелерін сақтауға міндетті. Осы ішкі ережеге сәйкес, жамағаттарға мешітте дау-жанжал шығаруларына, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы ұстанған Әбу Ханифа мәзхабына қарама-қайшы іс-қимыл, әрекеттер жасауларына, оның ішінде намаз барысында кедергі келтірулеріне тыйым салынады.
«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 5-бабына сәйкес, заңды діни қызметке кедергі келтіруге, жеке тұлғалардың дінге көзқарасы себептері бойынша азаматтық құқықтарының бұзылуына немесе олардың діни сезімдерін қорлауға, қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіруге жол берілмейді. Осы Заңның 7-бөлігіне сәйкес, ешкімнің де өз діни нанымдары себептері бойынша Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарында көзделген міндеттерін атқарудан бас тартуға құқығы жоқ.