Жаңалықтар

Теологтар доссорлық жасөспірімдермен кездесу өткізді

Арнайы профилактикалық және оңалту жұмысын жүргізетін Атырау облыстық ақпараттық-түсіндіру тобы 27 қаңтар – 21 ақпан аралығында өз жоспарына сәйкес аудандарды аралайды. Арнайы мобильдік топ құрылып, олардың іссапары Мақат ауданы, Доссор кентіндегі Б.Қанатбаев орта мектебінің жоғарғы сынып оқушыларымен кездесуден басталды.

Кездесуге АТТ мүшелері Руза Үмбетова, Қуат Мыңтұрғанов, Раушан Алиева, аудан әкімі аппаратының азаматтық жұмылдыру дайындығы бөлімінің басшысы Гүлсара Жаконова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Жандарбек Сарбасов, мобильдік топ мүшелері – «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теолог мамандары Сұлтангелді Сариев пен Шүкіріддин Темірқұлұлы, орталық маманы Перизат Еркінбай қатысып, түсінік жұмыстарын жүргізді.

Аталған шарада Шүкіріддин Темірқұлұлы: «Әр мемлекеттің болашағы – ең алдымен сол елдің өскелең ұрпағы. Сондықтан өскелең ұрпаққа бүгінгі күннің талабы білімді, тәрбиелі азамат болып қалыптасуы басты міндет. Оқу мен тәрбие егіз, оларды бір – бірінен бөліп қарауға болмайды. Ұлы данамыз Әл-Фараби «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы» деп айтқан» – дейді.

Сонымен қатар, «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының теологы Сұлтангелді Сариев: «Дін де, дәстүр де қоғамды біріктіруші рухани бастаулар болып табылады. Сондықтан қоғамдық санада дін қағидаттары мен салт-дәстүрлерімізде қайшылық болмауы қажет» – дейді. Сондай-ақ, жалған діни ағымдардан сақтанудың жолдары мен зияндарын түсіндірді.

Ал, жалған діни ағымдардың жастайынан құрбаны болған П.Еркінбай Сириядағы бастан кешкен қиын тағдырын айта отырып, жастық шақтың қанша уақытын жоғалтқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар студенттерге соқыр сенімнің жетегінде кетпей, ата-ананың, бауырлардың, Отанның, білім алудың, уақыттың қадірін түсіну керектігін жеткізді.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close