Басты тақырыпСараптама
Күллі адамзатты кіріптар қылған коронавирус
Қазіргі уақытта коронавирус індеті күллі әлемді дүрбелеңге салып тұр. Сәуір айында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 3 миллионға жуықтады. Дүние жүзінде 812 мың адам аурудан айықса, 202 мың адам өмірімен қоштасты. Коронавирустың таралу қарқыны ерен екені дәлелденіп отыр. Эпидемиологтар бір науқастан төрт адамға бір мезетте жұғып үлгеретінін айтады. Індет белгілері респираторлық ауруға ұқсас. Адам мұрнынан су ағып, тамағы құрғағандай сезінуі, жөтел қысуы, кеуде тұсы қатты ауыруы мүмкін.
Адамзат баласына қатер төндірген індеттер
Жер бетіндегі халықты қынадай қырып кеткен қатерлі індеттер туралы тарихи деректер аз емес. Мәселен, бацилла обасының таяқшалары 20 мың жыл бұрын өмір сүргені анықталды. VI ғасырда Мысыр аумағынан шыққан «Юстианив обасы» 100 миллион адамды баудай түсірген. ХIV ғасырда Шығыс Қытайдан өршіген «қара өлім» індеті Орта Азия мен Қиыр Шығысты көктей өтіп, Еуропа тұрғындарының үштен бір бөлігін – 25 миллион адамды жойып жіберді. Адамзат баласының зәре-құтын алып, инеліктей қалтыратқан оба індет бірнеше мәрте оралып отырды. ХХ ғасырда Индия аумағына таралып, 12,5 миллионнан астам адамның өмірін жалмады.
Алыс құрлық Африкада 1976 жылы Эбола індеті тіркелді. Эболавирус адам мен жануардың сұйықтығы арқылы жұғады екен. Індетті өсімдік жарқанаттарының қанаты арқылы да таралады. Эболамен ауырған сырқаттың бас сақинасы ұстап, бұлшықеті ауырады, іші өтеді, бауыр мен бүйрегі жансызданады. 2013-2016 жылары Батыс Африкада қайта оянған індет 113 мыңнан астам адамның ғұмырын қиып кетті.
Ғаламшар тұрғындары шешек ауруынан да қасірет шекті. IV ғасырда Қытайдан ұшынған шешек Кәріс еліне жетеді. Жапония халқының 30 пайызы шешек індетінен көз жұмады. Інжіл мен Құранда бұл індет жайында ишара берген деректер бар деп есептелінеді. 569-570 жылдары Меккеге шабуылдамақ болған Эфиопия жауынгерлері белгісіз аурудың салдарынан орасан жеңіліске ұшырайды. Осы тарихи оқиғаны меңзейтін Құран аяты барын ғалымдар дәлелдеген. VI ғасырда шешек ауруы Еуропа халқын зар еңіретті.
Қара шешектен адамзатты вакцина ғана құтқарып қалды. Оның белгілері 10-12 күнде пайда болады. Басы мен арқа тұсы ауырған адам әлсізденеді, іші түйіледі. Тері қабыршақтанып, тыртық пайда болады. Ауру адамның тұла бойын жайлап кетеді. Қара шешекті биологиялық қару ретінде пайдалану оқиғалары ежелден тіркелген. ХVI ғасырда Испанияның әскери кампаниясын басқарған Эрна Кортес Мексиканың аумағындағы тайпаларды қара шешекпен әлсіреткен. 1716 жылы Америкадағы үндістерді жайлаған британ күштері жергілікті тұрғындарға індет жұқтырған беторамал мен екі жамылғыны тарту еткен. Соның салдарынан үндістердің жартысы қырылып қалды.
Адамзат баласының «Коронавирус биологиялық қару ма әлде табиғи жолмен таралып жатқан індет пе?» деген сауалға жауап іздейтін мұршасы болмай жатыр. Медицинасы мықты дамыған мемлекеттер вирусқа қарсы дәрі-дәрмек пен вакцина жасауға кірісті. Қытайдан бермен алапат қарқынмен таралған індетке алғашында шекесінен қараған АҚШ президенті Дональд Трамп бұрын-соңды болмаған шаралар қабылдауға мәжбүр болды. Оның бір мысалы – Америка құрлығында 50 штат бір мезетте төтенше жағдай жариялауы. Осы кезге дейін сан мәрте жаһандық соғыстар әлемді шарпығанымен Вашингтон мұндай шешім қабылдамаған. АҚШ-та инфекция жұқтырғандар саны 1 миллионға жуықтап, науқастар саны жер бетінде «көш бастады». 55 мың америкалық ажал құшты.
Қытай Республикасы коронавирустан 4 мыңнан астам ғана қытайлық қаза тапты деп мәлімдеп отыр. Бұл хабар Дональд Трмаптың шамына тиюде. Ақ үйдің қожайыны Қытай саналы түрде індетті таратқаны анық болса, «мәселе басқа қырынан қаралатынын» айтып, астарлы емеурін білдіріп қойды.
«Қазақпарат» ақпарат агенттігіне сұхбат берген украин Евегний Перепада 20 жылдан бері АҚШ-та тұрып келген. Мамандығы дәрігер болған соң, үйде карантин тәртібін ұстап, ем-дом қабылдаған. 15 күнгі арпалыстан кейін сауығып тұрып, емханадағы жұмыс орнына қайтып келген. Бірақ әйелі де жұқтырған екен. Бірақ ауру жеңіл түрде өтіп, зайыбының да беті бері қараған. Олар антибиотик, пневмония мен безгек ауруына қарсы дәрі-дәрмектермен емделіпті. АҚШ-тың өзінде бір айы бойы аппарат арқылы демалып жатқандар көп көрінеді. Дегенмен ауруханалардан сауығып шығатындар көбейген. Америкадағы вирусологтар емделушінің бұлшық еті ауыратынын, басы ауырып, денесі қалтырайтынын, дәм мен иіс сезу қабілеті нашарлайтынын анықтап, індеттің симптомдық белгілерін айтты.
Кешіккен кешірім
Халық саны жөнінен алда тұрған Қытай – қатаң цензураның елі. АҚШ-тың шүйлігуін жоққа шығарса да, Уханьдағы жағдайды уысында ұстай алмағанын там-тұмдап мойындаған. Қытай билігі коронавирустан қайтыс болған дәрігер Ли Вэньлян отбасынан кешірім сұрапты. Бұл елде биліктің өз қатесін мойындауы өте сирек жағдай деседі. 32 жастағы жігіт Уханьның орталық ауруханасында офтолмолог болып еңбек еткен. 2011 жылы осы Ухань университетін тәмамдаған екен.
Дәрігер 2019 жылдың желтоқсан айының аяғында We Chat желісінде SARS-тың жұқпасына ұқсас вирустың шыққанын хабарлаған. Уханьдағы ауруханаға жеті адам түскен. Олардың бәрі «Хуанан» теңіз өнімдері базарына барғаны мәлім болған.
Чаттағы әңгіме скриншотпен таралып кеткен соң, жергілікті полиция оған «жалған ақпар тараттың» деп тәртіптік жауапкершілікке тартады. Осы әрекетін қайталаса, қылмыстық іс қозғайтынын ескертеді. Офтолмолог ауруханаға келіп қызметін жалғастырған. Инфекция жұққандарды да қабылдаған. Қаңтардың 10-ы күні дәрігерді жөтел қысып, дене қызуы көтеріліп, бойынан сырқат белгілері біліне бастады. Екі күннен кейін оны ауруханаға жатқызды. Ақпан айы қарсаңында дәрігер коронавирус ауруына шалдыққаны анықталғанын жазған.
Лидің ескертуіне ешкім құлақ аспаған
Лидің ескертуіне ешкім құлақ аспаған. Соның салдарынан оның ата-анасы да инфекция жұқтырғаны кейін анықталған. Дәрігерлерге дер кезінде індеттен сақтану жөнінде қажетті нұсқаулықтар көрсетілмеген де еді. Ақпанның 7-сі күні жас жігіт қайтыс болды. Одан бір күн бұрын жергілікті газеттер «Лидің жүрегі тоқтап қалды» деп жазған. Бірақ ақпар түзетіліп, коронавирустан қайтыс болғаны жөнінде хабарлаған. Қытай билігі дәрігер өліміне қатысты тергеу жүргізіп, Лидің болжамы дұрыс болғанын анықтаған. Полицейлер кейін оның отбасынан кешірім сұрап, тәртіптік ескертуін алып тастаған. Қазіргі уақытта жергілікті халық Лиді «батыр» деп ұлықтап жатыр.
Ли Вэньлян ауруға ұшырағаны анықталғаннан кейін, он күннен соң, Ухань қаласы карантин жариялады. Бірақ бәрі кеш еді. Эпидемиологиялық жағдай шиеленісіп, коронавирустың жаңа түрі Қытайдың барлық провинциясынан анықталып жатты. 11 наурызда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы COVID-2019 вирусы әлемге таралғанын хабарлады.
Коронавирустың вирусы 40 түрге дейін бөлінеді. Вирус құстардың, оның ішінде, жарқанаттардың, жан-жануардың – ит, мысық, шошқа, сиыр бойында өмір сүреді. Ең алғаш адам бойынан 1965 жылы анықталған.
Вирустар керуені
2002-2003 жылдары SARS вирусы Қытайдың Гуандун провинциясынан бастап, әлемнің 20-ға жуық еліне тараған. 8400-ден астам адам ауруға шалдығып, 813-і қайтыс болан.
2012 жылдары Вирус MERS-CoV вирус Сауд Арабиясында тіркелді. Індет ошағы түйелер деп саналды. 2015 жылдары коронавирус 23 елге таралып, мыңнан астам адам зардап шекті.
2019 жылдың желтоқсаннынан бастап, Қытайдан SARS-CoV-2 вирусы өршіп шықты. Ол «COVID-2019 вирусы» ретінде тіркелді. Қазіргі уақытта Қытайда «COVID-2019» инфекциясын жұқтырғандар саны 82 мыңнан асып кетті. Көрші ел жағдай тұрақталғанын айтып, 77 мыңнан астам науқас төсегінен тұрды.
Наурыз айында «Егемен Қазақстан» газеті елді елең еткізген дерек жариялады. «Әр 100 жылда планетада пандемия өрши түседі деген теория талай ғасырдан бері айтып келеді. Мұны кездейсоқтық деп айтуға болады, бірақ хронологиялық дәлдік алаңдатады. 1720 жылы оба, 1820 жылы тырысқақ, 1920 жылы испан тұмауы тарады» деп жазады елдің бас газеті.
Испан тұмауы АҚШ-та алғаш тіркелген. Бірінші дүниежүзілік соғыста H1N1 вирусының тарай бастағаны құпия болды. Испания елі ғана басылым беттеріне қатерлі дерт жөнінде ақпараттар жариялады. Содан бері «испан тұмауы» атауымен тараған жұқпалы ауру әлем жұртшылығын бір уысқа сыйдырды. 1918 жылы 8 миллион испандық індетке шалдықты. Испан тұмауы миллиард адамға жұғып, 100 миллион науқасты о дүниелік қылды.
Еуропа еңсесін тіктей алмай қалды
2020 жылы бас көтерген коронавирус адамзат баласының қабырғасын қайыстырып тұр. Ең алғашында COVID-19 қарқынын елең қылмаған Еуропаның ерке халқы Испания мен Италия ерте қамданбай, көше кезіп, сайран-сауық құруға құмар тентегі мен телісін тәртіпке көндіре алмай, сан соғып қалды. Әлем қатерлі індеттің Қытайдан бастап тамыр жайғанын әңгімелеп отырғанда, коронавирус кесірінен 2,9 миллион адамы сырқаттанып, 203 мың тұрғынынан айырылған Испания ғалымдары күтпеген тұжырымға келді. Олардың болжамынша, еуропалықтар немесе қытайлықтар Шанхайда көрініс берген SARS-CoV-2 типті вирусын жұқтырып алып, Батысқа келген. 19 ақпан күні Милан қаласындағы футбол ойыны өтеді. «Ойынды тамашалауға келген 40 мың адамның ішінде болған Валенсия жанкүйерлері және ала допты арқалай келген осы елдің футболшылары вирус тасымалдаушысы болған» дейді испандық ғалымдар.
Италияда 195 мың адам ковидпен сырқаттанған. Кеселден 26 мың адам қайтыс болыпты. Үрей құшағындағы Италия науқастар саны туралы стастика алаңында үшінші орынға жайғасты. Италиялық 150 дәрігеріндетпен күрес жолында көз жұмды. Испанияда 26 мың медициналық қызметкер инфекция жұқтырған, 28 дәрігер өлген. Қазіргі кезде Еуропа елдерінің экономикасы құлдырап, халқы әбден шаршады.
Германия канцлері Ангела Меркель екінші дүниежүзілік соғыстан кейін неміс елі мұндай дағдарысқа тап болмағанын айтқан. Оның сөзінше, Германия үшін сын сағаты енді басталды. Ел экономикасын демеуге бюджеттен 10,8 миллард евро бөлді. Еуропаодақ коронавируспен күресу үшін қор ашып, оған 1 триллион евро жинамақ. Германияда 5,6 мың адам қайтыс болған. Сарапшылар Еуропадағы халқы көп елдерде қалыптасқан ахуалды сараптай отырып, немістер өлім көрсеткішінің өршуіне жол бермей отырғанын оң бағалап отыр. Финляндия премьер-министрі Санна Марин қарауындағы қызметкері кесел жұқтырған соң, оқшаулануға кетті. Тест қорытындысы оның дені сау екенін көрсеткен. Бірақ 34 жастағы шенеунік сақтануды жөн көріп отыр. Финляндияда 4 мың адам коронавирустан ауырып жатыр. Гренландяда 58 мың адам тұрады. Ол мемлекет 11 ғана адам індетке шалдыққанын, науқастардың бәрі айыққанын, ешқандай адам өлімі тіркелмегенін хабарлады.
Қазіргі уақытта Еуропа қалыпты тірлікке оралуға тырысып жатыр. Чехияда тұрғындарға саяхаттауға, ел ішінде қалаған жағына баруға рұқсат етті. Испания көшелерінде балалар еркін ойнай алады. Германия футбол ойнауға дайындалуда.
Түркіменстанда коронавирус туралы тіс жаруға болмайды
Белоруссия Президенті Александр Лукашенко әу бастан коронавирус «саясат» деген әңгімеге саятын пікірін батыл айтып жүр. Бірақ Белоруссияда 8 мың адам COVID-19 инфекциясын жұқтырғаны анықталып отыр. 700 емделуші қайтыс болған. Елдегі ахуал күрделенсе, Александр Лукашенко қордан қосымша қаражат бөлінетінін мәлімдеді.
Орта Азия елдері арасында Тәжікстан коронавируспен ауырғандар ел аумағына аяқ баспағанын мәлімдеді. Бірақ жақында осы елде мектептер мен балабақшалар балаларға каникул жариялады. Ауылшаруашылық өнімдерін экспорттауға тыйым салды. Көптеген сарапшы маман диктатура орныққан елдер кесел жөнінде ләм-мим демей, дерек беруге тыйым салғанын айтуда. Мәселен, Түркіменстанда коронавирус туралы тіс жаруға болмайды.
Қазақстан көршісі Қырғызстан 682 адам ауруға ұшыраса, олардың тең жартысы сауығып үлгерген, 8 адам ғана қайтыс болған. Өзбекстанда ауру жұқтырғандар саны мыңнан асты.
Карантин 11 мамырға дейін ұзарды
Сәуір айында Қазақстанның барлық өңірі күшейтілген карантин режиміне көшті. Халықтың көбі қалыпты тіршілігіне оралуды аңсауда. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавиурстың таралу шегі төмендеуін күтуді, 11 мамырға дейін карантин режимі сақталатынын айтты. 16 наурыздан бастап жарияланған төтенше жағдайға байланысты Президент пәрменімен Үкімет кәсіпкерлер мен әлеуметтік тұрғыда әлжуаз адамдарға көмек беруге кірісіп кетті. Шағын және орта бизнес иелері жыл соңына дейін салық алудан босатылса, табыс көзінен айырылған тұрғындарға 42 500 теңге әлеуметтік төлем беруде. Қазіргі уақытта белгілі бір санаттар бойынша 12 500 теңге коммуналдық төлем жеңілдігі жасалуда. Екінші деңгейлі банктер тұрғындар үшін несиенің айлық төлемін шегеруге келісім берді.
Қазақстанда2 500-ден астам COVID-19 инфекциясын жұқтырған. 600-ден астам адам сауықты. Денсаулық сақтау министрлігі 20 адамның халі ауыр екенін хабарлады. Бүгінге дейін 40-тан астам адам реанимациядан бейінді бөлімге ауыстырылған.
Елде науқас саны өсуде…
Елде науқас саны күннен-күнге көбеюде. Әсіресе, оңтүстік өңірлер бойынша тұрғындар арасында ауру етек жайып барады. Наурыздан бері шетелдерден келіп жатқан азаматтар көп жағдайда ауру тасымалдаушысына айналғаны мәлім.Төтенше жағдай мемлекеттің экономикасына айтарлықтай ауыртпалық төндіруде. Дей тұрғанымен Үкімет әлеуметтік төлемдер шығысын ұлғайтып жатқанын мәлімдеді.
Қалалар карантинге қаңтарылған. Елді мекендер арасында қатынас шектелді. Қазақстан аумағында жолаушылар тасымалдайтын ұшақ пен пойыз қозғалысы тоқтады. Елдегі ірі сауда орындары, базарлар, мейрамханалар және басқа да кәсіпкерлік нысандары жабық тұр. Халық үйінен 2 километр жердегі дәріханалар мен азық-түлік дүкендеріне ғана бас сұға алады. Жасы 65-тен асқан адамдардың көшеге шығуына тыйым салынған. Халықтың тұрмыс-тіршілігіне ең қажет деген мекеме-ұйымдар қызметін жалғастыруда. Мемлекеттік қызметкерлердің 70 пайызы қашықтан жұмыс істеуге көшкен. Қала ішінде қоғамдық көліктер тоқтады. Денсаулық сақтау министрлігі карантин оң нәтиже беріп жатқанын, коронавирустың таралуына бәсеңсіткенін айтуда. Қазіргі уақытта індетпен күресіп жатқан медқызметкерлер ірі сомадағы үстемеақы төленуде.
Батыс аймақта ахуал қандай?
Қазақстанның Батыс аймағында да ахуал күрделене түсуде. Атырау облысында 118 адам коронавирусқа шалдыққан. Алматыдан келгендердің ауру жұқтырғаны анықталып жатыр. Қалалық емхана медбикесі 17 наурыз күні «Алматы-Атырау» рейсімен келген студенттен қан талдауын алған. Енді инфекция зарарын медбике тартуда. 21 наурызда «Нұр Сұлтан-Атырау» бағытындағы пойызға мінген қызбен сөйлескен 25 және 50 жастағы әйелдер де індетке шалдықты. «Алматы-Атырау» ұшақ рейсімен келген 14 жастағы қызбен байланыста болған қыз бен жігіт сырқаттанып, үшеуіне КВЖ диагнозы қойылды. Наурыздың 30-ы күні Атырау қалалық емхананың екі медқызметкері де дертке шалдыққаны анықталды. Қазіргі уақытта Атыруда 40-тан астам адам емделді. Олардың арасында ұшақпен келген студенттер де бар.
Наурыздың 22-сі күні Ақтөбе облысында коронавирусқа қатысты бірінші жағдай тіркелді. Содан бері облыста COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 50-ден асты. Сәуірдің 1-і күні тіркелген жағдайды сараласақ, ақтөбелік әйел 13-22 наурыз күндері Мәскеуде болған. Орынбор қаласына пойызбен жеткен соң, 25 наурызда Ақтөбеге таксимен жеткен. Екі күн өткенде, дене қызуы болған соң, провизорлық госпиталға жатқызылған. 28 наурызда вирусологиялық талдау нәтижесі инфекция жұқтырмағанын көрсеткен. Сәуірдің 1-күнгі тест оның коронавирусқа ұшырағанын анықтады. Індет жұқтырғандардың бірі – ер адам наурыз айының ортасында бір апта Мысырда болған. 20 наурызда Ақтөбе қаласына келісімен, үй карантиніне алынған. Тоғыз күн өткен соң температурасы көтеріліп, КВЖ диагнозы расталуына байланысты қаладағы жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауланды. Сондай-ақ Түркиядан Ақтау арқылы ұшып келген әйелдің сырқат екені 29 наурыз күні анықталды. Екі рейс бойынша ұшақта бірге болғандардың бәрі карантинге жатқызылған. Жақында Ақтөбеге Ресейден оқитын 220 студент автобуспен келді. Олардың көбі – Қазақстанның басқа өңірінен барып оқитындар. Олардың қатарында 18 студенттің індетке шалдыққаны анықталды. Олар енді Ақтөбеде емделмек. Осы облыста бүгінге дейін 10 адам ауруханадан емделіп шықты.
Наурыздың 28-і күні Маңғыстау облысында коронавирус ауруына қатысты бір дерек тіркелді. Ыстамбұл қаласында екі апта болған. Кейін Ақтау қаласына ұшып келген. Онымен бірге болған 72 жолаушы коронавирусқа байланысты тест тапсырды. Ақтау қаласында емделіп жатқан науқас Орал қаласының тұрғыны болып шықты. Маңғыстау облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандар саны 25-тен асты. Төрт адам дертінен айыққан.
Індет салдарынан Батыс Қазақстан облысындағы эпидемологиялық жағдай күннен-күнге күрделенуде. Наурыздың 29-ы күні алғашқы екі екі адамның коронавирус кесірінен ауырып қалғаны белгілі болды. Олардың біреуі наурыздың 24-і күні Ресейдің Саратов облысынан келген. Тасқала ауданындағы шекара бекетінен өтіп, Ақсай қаласына барған. Наурыздың 28-і күні 1967 жылғы ақсайлықтың денсаулығы сыр беруіне байланысты «Жедел жәрдем» қызметіне хабарласқан соң, Бәйтерек ауданындағы правизорлық госпитальға жатқызылған. Екінші 1972 жылғы тұрғын наурыздың 27-сінде Атырау облысынан Орал қаласына келген. Келесі күні денсаулығы нашарлағанын айтып, 1406 колл-орталыққа телефон шалған. Колл-орталық қызметкерлері «103» нөміріне хабарласуды ұсынады. Науқас Кумыска елді мекеніндегі правизорлық стационарға өзі жеткен. Екі науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында оқшауланған. «Қазақпарат» агенттігі мәліметінше, сәуірдің 1-і күні Атырау қаласының 37 жастағы тұрғыны инфекция жұқтырғаны белгілі болды. Ол оралдық әйелмен байланыста болған адамдардың бірі екен. Облыс бойынша алғаш емделіп шыққандар да осы екі әйел болды.
Сәуір айында Ресей Федерациясының Самара облысымен шекарадағы «Сырым» бекетіне Өзбекстанның 4 азаматы келеді. Жүк тасымалымен айналысатын өзбекстандық азаматтардың індет жұқтырғаны анықталды. Төртеуі де облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында емделіп, еліне қайтты. Ресейде жұмыс істейтін Қазақстан азаматтары облыстағы шекара бекеттері арқылы өтуде. Жалпақ тілмен айтқанда «вахтавиктердің» инфекция жұқтырып келіп жатқаны анықталуда. Олардың қатарында Алматы, Түркістан, Қарағанды, Жамбыл облыстарының тұрғындары да бар. Біреуі – Саратов қаласындағы ЖОО-да оқитын студент. Коронавируспен ауыратындармен байланыста болған тұрғындарға да қатысты КВЖ диагнозы нақтыланды. Тұрғындар арасында 5 медицина қызметкері коронавирус жұқтырған.
Оралдық эпидемиолог не дейді?
БҚО жұқпалы аурулар ауруханасындағы бактериологиялық зертхананың, ем-дом жүргізетін дәрігерлердің қауіпсіздігін қадағалау оңай емес екені айтылды.
– Вирустан қорғайтын киімдерді киіп шешу, қауіпті медициналық қалдықтарды жою, науқас жататын орынды гидропульт арқылы бұқырлау әдісі әбден келісіп, пішіліп, алдын ала ойластырылады. Медицина ғалымдарының обаға қарсы іс-әрекет алгоритмдеріне сүйеніп, санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың орындалуын қатаң қадағалаймыз. Отандық медицина мұндай қатерлі індетпен бетпе-бет тұңғыш кездесіп отыр. Денсаулық сақтау министрлігі жұмылдырған білікті мамандар тобы шетел тәжірибесін зерттеуде. Тұрғындар арасында санитарлық талапқа салғырт қарап жүргендер көп. Карантин режимі күшейместен бұрын қала ішінде қоғамдық көліктерге мінген адамдардың масканы қолымен жиі ұстайтынын байқайтынмын. Мұндай салғырттық маскадағы қауіпті бактерияларды өршіте түседі. Соған байланысты айтқан ескертуіме көбі ренжіп қалатын, – деді БҚО жұқпалы аурулар ауруханасы бактериологиялық зертханасының меңгерушісі, эпидемиолог-кеңесші Айман Досанова.
Бактериолог індетпен күресте науқастың иммунитетінің мығым болуы маңызды екенін айтты. Қауіпті кеселге шалдыққанын естігенде, бірден түңіліп сала беретіндер болады. Сол кезде психологиялық тұрғыда демеу көрсету, ауыр дерттен айығатынына науқастың сенімді болуы – тез сауығудың бірден-бір кепілі.
– Коронавирус инфекциясы бұрыннан вирустық топтамаларда бар. Ауру белгілері сипмтопсыз өтуі мүмкін болғандықтан, кей науқас вирус жұқтырғанын сезінбейді. Бұған дейін әдеттегі тұмау сияқты адамдар тез айығатын коронавирус түрлері де тіркелген. Бірақ COVID-19 инфекциясының таралу қарқыны өте жылдам әрі қауіп төндіруде. Мутациялық өзгеріске ұшыраған вирус құрлықтарды шарлап кетті. Әсіресе, егде адамдар, бұған дейін бірнеше ауруды жамап алған науқастардың ағзасы төтеп бере алмай, қауіпті кеселден көз жұмып жатыр. Ғаламшар тұрғындарын дәрменсіз күйге түсірген бұл вирустық инфекция алдағы уақытта ұзақ зерттеледі деген ойдамын, – деді бактериолог.
Карантин режимі жұмсармақ
Қазақстан карантин режимін біртіндеп жұмсартпақ. Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында көптеген кәсіпорын жұмысын қайта бастады. Басқа өңірлер әзірше әліптің артын бағуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел алдында стратегиялық жоспар жайын баяндады. Төтенше жағдай мен карантин режимінің ұзартты. Халық осы жолғы Президент үндеуін асыға күткен еді. Әлемдегі вирусологтар коронавирустың инфекциясы мутациялық қабілеті ерекше екенін айтып, оның даму жолын анықтай алмай әуре-сарсаңға түсуде. Эпидемиологтар індет жаз айында бәсеңсіп, күзде қайтадан бас көтеретінін айтып отыр. Оның алдын алатын екпе 1-1,5 жылда ғана дайын болады екен. Коронавирус салдарынан елде 25 адам қайтыс болды. Көпшіліктің кеудесінен күдік пен күмән сейілмей тұр.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,
«Дүрбі» газеті