Мақалалар

Аманатқа қиянат – қылмыс!

«Сатпаймын, сатқан емен дінімді мен,

Өлмейтін, өшпейтұғын күнім білем.

Таппайтын күнде тыным, түнде тыным,

Мұсылман Мұхаммедтің үмбетімін…»

Бұл жыр жолдары бар қазаққа танымал, Тәңіртаудың мұзбалағы, атақты ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтікі. Өлең кешегі қылышынан қан тамған, Құдай дегеннің көмейіне құм құятын кербақпа кеңес үкіметінің тұсында жазылған. Қазақ атамзаманнан «Құдайсыз қурай сынбайды», «Құдай деген құстай ұшады, адам деген мұрттай ұшады» деп мақалдаған Қазақ баласының бұлайша толғауы заңдылық. Дей тұрғанмен Мұқаң өмір сүрген кезең бұлай астамсып сөйлеп, асылық қылғанды көтермейтін заман еді. Соған қарамастан Құдайдан басқаға бас ұрмаған, арын жанынан биік қойған алаштың айбарлы ақыны көмейіне келген сөзді іркіп қалмапты. Бұл ен даланы еркін жайлап, ер үстінде еңсесін тік ұстаған текті ұлттың текті ұрпағының қатыгездіктің қандайынан да қаймықпайтындығының, жүректегі Құдайға деген сенімінің, иманының тамыры тереңде жатқандығының бір айғағы болса керек-ті. Қазақ басындағы нәубеттің соңғысы сұрапылы, рухани зобалаңға ұшырап, діні мен діліне, дәстүрі мен тіліне ең ауыр қиянат жасалған кешегі кеңестік дәуірдегіелдің иманын ақын жырынан бағамдар болсақ, ұлт руханиятына бұлайша қаныпезерлік жасалмаған басқа кезеңнің «баспағы» баршаға түсінікті емес пе?! Қош! Бүгінімізге оралайық…

сурет: almaty-akshamy.kz

Қолдан құдай, көктен дін жасауда

 Егемендігімізді алып, еңсемізді тіктеп, есімізді жиыпкеле жатырмыз. Шүкір! Кеткенімізді кемелді етіп қайтарып үлгермесек те, өшкеніміз тұтанып, өскенімізде көрініп келе жатқандай! Ал өтпелі күнмен салыстырсақ, өткеннің аңсаған «қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған» заманы келіп-ақ тұр. Дініміз бен діліміз, дәстүріміз бен тіліміз, әдет-ғұрыптарымызда ептеп қайта жаңғырып келе жатқандай көрінеді… Алайда «әттеген-айларымыздың» күн санап көбейіп келе жатқаны көңілге кірбің ұялатады…

Санаға салып сараптап қарасақ, басқа басқа «атан шөгіп, жүк ауған» зұлмат замандардың өзінен Аллалап жүріп, амандық көксеген Алаш баласының бейбіт күннің құшағында отырып, атамзаманғы ата дінімізді талқыға салып, тулақша жұлмалауы жағаңды ұстатып, жаныңды ауыртады.

Өкінішке қарай бүгінде ел ішінде түйткілді, күрделі мәселелердің көшін бастап тұрған қоғам дамуына кереғар қайшылықтардың бірі – дәл осы дін мәселесі болып отыр. Атап айтқанда ағым-ағымға бөлініп, ел арасындаіріткі салып, бүлік тудырып,  онсызда діңіқұрғап, дымы құрып, әзер тұрған жұрттың арасын алатайдай бүліндіретін адасушы топтардың көбеюі.Ата дініміз бен ұлттық болмысымызға жат өгей сенімдерді өз бауырына «саудалап», өткеннің жолын өзекке теуіп, өзге бағытты өзіне телудің кең етек алуы ел берекесін кетіріп, жұрттың ойы мен санасын сан саққа бөліпжүр. Бір сөзбен айтқанда ата-баба аманатына қиянат жасап, қымбатын бағаламай, құндылығынтәркі етуде. Қолдан құдай, көктен дін жасауда.Төменде аталған ағымдар санатындағы белгілі бір топ  туралы аз-кем тоқталмақпыз.

 

Қандастарымыз өздерін «Тәңіршіл» атап жүр…

 Бүгінде Қазақ арасында өздерін аса «ұлтшыл» адамдар қатарына қосып, ұлтымызға жат идеалогияны тықпалайтын, өздерін «тәңіршілміз» деп атаған топ белең алып, береке қашыра бастады. Бір қызығы «тәңіршілдік дінін» ұстанамыз дейтін бұл топтың дін деп тапқаны дінге жатпайды! Себебі кез-келген діннің сүйенер кітабы, жол көрсетер көсемі, үлгі етіп, өнеге тұтар, өзіне сай өлшемі болмайтын ба еді?! Бұларда ол жоқ. Керексе «Тәңіршілдік» қандай дін екенін, қандай дін болғанын, «Тәңір» дегеннің не екенін, «тәңір» сөзінің түпкі мағынасын білмейтін қара көз қандастарымыз өздерін «Тәңіршіл» атап жүр. Ал кейбір «естияларының» сөзіне жүгінсек ата-бабамыз осы жолды ұстанған, Сол үшін бар қазақ «тәңіршілдіктіұстануы ләзім». Айтылған уәждің арнасына бойлап көрейік.

Адам атадан бастап соңғы пайғамбарға дейінгі адам баласының ұстанған діні бір Құдайлық, яғни бір Тәңірлік. Бұған дейінгі бүкіл пайғамбарлардың жеткізгені де сол бір құдайлық еді. Бірақ бұның өзі ғылми терминде «тәңіршілдік» деп емес, «ханиф діні», «таухид діні» деп танылған.  Демек ол тұстағы «тәңіршілдіктің» өзі мән-мағынасы бар, белгілі ұстанымы бар ұсқынды жол. Себебі сол кезеңдерде жіберілген пайғамбарларға толық бір кітап түрінде болмасада, парақтар түсіріліп, тура жолға бағыттап отырған. Жол бастаушы пайғамбарлары болған. Аталған дінді біздің ата-бабаларымыздың да ұстанғаны белгілі. Алайда олар бүгінгі «тәңіршілдер»сияқты арнадан ауытқып, атауға жармасып, ауа жайылған жоқ; «Тәңір» бар, «Құдай жоқ» деп,ақылдан адасып, құрғақ пәлсәпаға бой ұрмады. Негізсіз «Нұр» іздеп, ойдан дін жасап, қолдан көсем тудырған жоқ.Тәңірді Құдай, Жаратушы ұғымында түсінді де, тура жолдан тайқымады. Әлемді бір жаратушы бар дегенге тоқтап, сол кездегі әр қауымға жіберілген пайғамбарлардың шариғатымен жүрді. Бұл «бір Құдайлық», яғни «таухид» діні – белгілі бір жүйеге бағынған, шариғат шарттары бар, жол көрсетер көсемі бар адамзаттық дін деп айтуға болады. Оны қазақы ұғым, қазақы түсінікпен «тәңіршілдік» деп айтудың ағаттығы болмаса керек.

 

«Тәңір» сөзінің тарихы тереңде екеніне дау жоқ

«Тәңір» сөзінің тарихы тереңде екеніне дау жоқ.Бұл сөз балбалдарға қашалып жазылған ежелгі жазбалардан көрініс табады. Сөз түбірін тіл майталмандары түрліше болжағанымен, мағынасына келгенде бәрі бір ауыздан Құдай, Жаратушыдеген сөздің айналасына тоқтаған. Демек, ата-бабамыз ислам діні келгенге дейінде Құдайға құл болған. Жаратушыны мойындаған. Ал, «тәңір» сөзінің тасқа жазылуы тәңіршілдік деген дін болғанға немесе одан басқа дін ұстанбау керектігіне, Тәңірден басқа атауды қолдануға болмайтындығына дәлел емес. Ол тек сол тұста қолданылған тілдік термин ғана. Тіпті бүгінгілердің ыңғайына жүгініп, сол баяғы бабалардың дінін бағыт қып ұстап жүр дер болсақ да, бұлардың шекара аттап, шетке шығып кеткенін ұғыну қиын емес. Оған екі кезеңнің сенімдерінде бір-біріне мүлде жанаспайтын кереғар қайшылықтың болуы айғақ. Мысалы «ханиф» дінінде(бір Құдайлық) болған ата-бабаларымыз әлемді бір жаратушының болғанына сеніп, соған құлдық ұрған болса,бүгінгі «тәңіршілдердің» ұстанымындақазақ баласына, тіпті Түркі даласына жат болған «индуизм» діннің сенімдеріне ұштасатын үндестіктері бар. Нақтырақ айтқанда, аталған діндегі «реинкарнация» (рухтардың денеден денеге көшуі) танымынымен түйісетін тұстары кездеседі. Реинкарнация сенімі бойынша «рух дененің ішіне кіріп өмір сүріп, ол дене іске жарамай қалғанда(адам қайтыс болғанда) екінші бір денеге өтеді. Осылайша жан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, мәңгілікке жер бетінде жасай бермек». Ал бүгінгі таңдағы «тәңіршілдердің» танымы бойынша, «біздің денеміздегі жан өзіміздікі емес, ата-бабаларымыздың рухы. Бізді ұдайы солар қорғап-қолдап, қолпаштап жүреді, оған Құдайдың еш қатысы жоқ». Қарап отырсаңыз атауы мен түсі екі басқа көрінетін екі нанымның бір-біріне етене жақындығын аңғару қиын емес. Осыдан кейін оларды «ата-баба жолын ұстанып жүр  деп көріңіз…

 

«Расында Алланың алдындағы тура дін, ол – Ислам»

 Үзілген жерді жалғайық. Жоғарыда ислам діні келгенге дейінгі тура жол бір Құдайлық екенін айттық. Ал, кейіннен Жасаған Иеміз соңғы пайғамбар Мұхаммедке (Алланың игілігі мен сәлемі болсын!) алғашқы түскен кітаптарды толықтырып, жүйелеп, барлық діндердің басын қосып, кемелдендіріп, ақыретке дейін қалатын, жалпы адамзатқа ортақ дін етіп ислам дінін жіберді. Жол көрсетер кітабын Құран етті. Алла Тағала сол Құранда:«Мен сендердің діндеріңнің ислам болғанын қаладым», «Расында Алланың алдындағы тура дін, ол – Ислам» деген аяттармен дін мәселесінің нүктесін қойды. Осы ретте біз ата-бабамыз деп тек Сақ, Ғұнды ғана емес, түркі жұртын, одан тараған бізге дейінгі бар қазақты айтатынымызды, мойындайтынымызды ескерсек, осы соңғы дін ислам келгеннен бір ғасыр өтер өтпестен жатып-ақ түркі даласына ислам діні келді. Оны бабаларымыз қабылдады. Тіпті сегізінші ғасырдың ортасында, яғни Қарахан дәуірінде мемлекеттік дін ислам діні болып бекітілді. Аталған кезеңдерден бастап бүгінге дейін Қазақ даласы мұсылмандықтан ажыраған жоқ. «Елім-айлап» еңіреп, аттың жалы, түйенің қомында күн кешіп, түмендеген жау түрен салған жаугершілік замандарда да діннен безген жоқ. Ендеше тізбекпен жеткен тура жолдан тайқып шығып,  сонау ертедегі із-дерегі сирегені анық «Тәңіршілдікті» ту етіп, санаға Сақ, Ғұн дәуірінен басқаны сыйдыра алмау- құдықтағы құрбақаның кейпі емес пе?! Қала берді, қазақтың ғасырлар бойы мұсылман боп келгенін біле тұра ата-бабамыздың діні деп тәңіршілдікке таңылу«біздің ата-бабамыз Қазақ емес, Сақ пен Ғұндар ғана» деген аспаннан түскендей ұғымға барып үндеспей ме?! Сонда екі араны жалғап тұрған тізбекті үзбекпіз бе? Әрине бұл – санаға теріс, ақылға томпақ.

 

Ата-бабамыз Алласын ауызынан тастамаған

Арғы-бергі тарихымызға үңілсек ата-бабамыз Алласын ауызынан тастамаған. Тіптен қазақ қазақ болғалы Алла жолын ауыз әдебиеті мен дала мәдениетіне әбден-ақ сіңірген екен. Бүкіл ауыз әдебиеті, жыраулар әдебиеті, салт-дәстүр, әдет-ғұрп, ақыл-нақылымыздың барлығында ислам дінінің элементтері көрініс табады. Ал тәңіршілдік турасында тың дерек, нақты мәлімет жоқ. Бұдан түсінетініміз, хақ дін ислам қазақтың қан тамырына сүтпен сіңіп, сүйекпен бекіп, ән болып айтылып, жыр болып, жатталып қалған. Алаш қайраткері Ахметтің Байтұрсынұлының сөзімен айтсақ, «Қазақ дінге нашар күйден өткен. Енді қазақты басқа дінге аударамын деу құр әурешілік». Деседе солай екен деп арқаны кеңге салып отыраберуге тағы болмайды. Ғылым-техникасы қарыштап дамыған біздің ғасыр мұсылмандықтың төлқұжаты болған Құран ғажайыптарына таңдай қағып, тамсанып, тәнті болып отырғанда, тәңіршіл қауымның Құранды ертегісанап, не дінді, не ғылымды мойындамай, «әлмисақтан мұсылманбыз» деп келген Алаш жұртын асыл дінінен ажыратпаққа ат сабылтып жүруі бей-жәй қарап, бейтарап қалдыруға болмайтын мәселе.

Жұрт болып жұмылып, билікке жүгініп бұл індеттің алдын алмасақ, ұлтты өз ішінен бөліп, алауыздыққа ұшыратып, еліміздің ертеңі мен ұрпағымыздың болашағына балта шабуы, аңғал жұрттың екі дүниеде сорлауына соқтыруы ғажап емес. Бір бұл топ ғана емес, басқада толып жатқан түрлі ағым өкілдерінің «ұлтшыл» көрініп, дінінің діңгегі қисайып тұрған жұртқа өз идеялогиясын емін-еркін жаю мүмкіндігіне ие болуы айнала жұрттың санасына сызат, сеніміне селкеу түсірері анық. Ал «өріктің өзегіне ендеген құрт, түбінде түп орнымен кеулеп алмасын» кім болжапты?! Олай болса, ата-баба жолының айбарын асқақтату үшін ата дініміздің байрағын көтеріп, арам пиғылды жат ағымдардың балақтан өрлеп, басқа шығуына тоқтау салуымыз керек. Бұл әр қазақтың асыл дінімізге, ата дәстүрімізге деген аманатшылдығы болмақ. Ал, аманатқа қиянат жасау – қылмыс!

Ерзат ТӨЛЕШ,

«Шапағат» қоғамдық қорының теологы,

Атырау қаласы

 

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close