Көкейкесті

Дәстүрлі құндылықтарды жаңғырту- радикалды идеялогияға тосқауыл

Мейірбек ҚҰБЫШЕВ,

«Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы директорының орынбасары

 

 

Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаев «Дәстүр мен мәдениет ұлттың генетикалық коды. Қазақстандық мәдениет еліміздің барлық азаматтары үшін патриоттықтың өзегі болуы қажет. Атадан балаға мұра боп келе жатқан ұлттық мәдениет, ұлттық салт- дәстүр, салт-санамыз ұлт болып қалуымыздың қайнар көзі» деген болатын.

Бодандықта өткен жылдар қазақтың ұлттық құндылықтарының дамуына, ұрпақтан ұрпаққа үзілмей жалғасуына айтарлықтай кедергі болғаны жасырын емес. Кейін егемендік алғанымызбен барлық күш- жігер еліміздің экономикасын дамытуға жұмсалғаны ұлттық идеямыздың, ұлттық құндылықтармыздың кенжелеп қалуына әсер етті. Ал бүгінгі жаһанданудың көз ілеспес қарқынмен дамуы ұлттық дәстүрге деген көзқарасымызды едәуір өзгеріске ұшыратып жатқаны да бар. Ұлттық рухани мұраларымызды сақтау, жаңғырту, ұрпаққа жалғау мәселесі ұлттық намысымыз мен рухымызды күшейту арқылы ғана келетін жанкешті жұмыстардың нәтижесі болмақ. Бұл мәселе ұлтым деген бүгінгі зиялы қауымды қатты алаңдатып отыр. Неге десек, мәселе  «ұлт болып ұйысу үшін ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарды ұстай алатын, ұлттық ар-намыс пен рухын жоғары асқақтатын ұлттық идеяға мығым ұрпақ өсіре алдық па?» деген сұрақта жатыр.

Бүгінгі қоғамдағы күрделі өзгерістер ата- бабамыздың дәстүрлі құндылықтары мен мәдениетіне айтарлықтай қауіп төндіруде. Интернеттің дамуы бүгінгі жастарымызды кітаптан ажыратты. Ал кітап оқу  ұлттық салт- дәстүріміз, ұлттық мінезіміз бен ұлттық құндылықтарымызды қалыптастыратын бірден- бір құрал екені белгілі. Рухани құндылықтар әлсіреген уақытта адам нені көрсе соған әуестенгіш, «өзгенің қаңсығын өзіне таңсық» етуге, сөйтіп ұлттық тамырынан  ажырауға бой ұрады. Жеме- жемге келгенде, ұлттық құндылықтарды сақтамау ішкі тұрақтылықтың әлсіреуіне, айналып келгенде ұлттық қауіпсіздігімізге қатер.

Соңғы жылдары деструктивті діни теріс ағым мүшелері тарапынан қазақтың салт- дәстүрі мен салт- санасына қарсы «соғыс» жарияланды. Ұлттық құндылықтарды тәрк еткен бұл ауытқушылық намаз оқымайтын әке-шешеден бас тартудан бастап, мемлекетті мойындамауға дейін жетіп отыр. Исламның атын жамылушы- адасушылар жасап жүрген мемлекеттік рәміздерімізді қорлау, тағы да басқа өрескел заң бұзушылықтар айыппұлмен құтылып кетуде. Ұлттық қауіпсіздімізге қатер төндірген мұндай заң бұзушылықтарға мемлекет тарапынан кесімді тоқтау жасалмауы, аталмыш ағымға заңмен тиым салынбауы олардың қатарын көбейтуге әкеліп отырғаны шындық. Бұл  айналып келгенде елімізде радикалды идеялогияның дамуына әкеліп отыр.

Қазақ үшін ежелден бірге қайнасып келе жатқан дін мен дәстүрді бөлу еш мүмкін емес. Ал дінді желеу етіп, ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығарып жүрген жат ағымдарға қалай тосқауыл бола аламыз десек, қазақтың дәстүрлі құндылықтарына айналып соғамыз.  Бұл тұрғыда еліміздің дін саласында идеологиялық ағарту жұмыстары белсенді жүруде. Радикалды идеялогияның алдын алуда ең басты жұмыс- дәстүрлі құндылықтымызды дамыту, жаңғырту болып отыр. Бұл алдын алу шаралары ішкі тұрақтылықты сақтауға, Отанымыздың бүтіндігін қорғауда басты мақсатқа айналды. Бұл жерде салт- дәстүр, ұлттық құндылықтардың бастауы отбасындағы,  қала берді балабақша, мектептегі тәлім- тәрбиені қазақыландыруда жатыр.

Радикалдық идеялогия  деструктивті діни ағым мүшелерін заң бұзушылыққа жетелеуде. Жат ағым мүшелері интернетті белсенді пайдаланып, экстремистік бағыттағы діни ақпараттарды таратуда.  ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 490 және 453-баптары  осындай теріс діни ағымды заңсыз насихаттауға тиым салады.

Атырау облысы Дін істері басқармасы Діни бірлестіктермен байланыс, мониторинг және ақпараттық талдау бөлімінің басшысы Мұхтар Ізғалиевтың  мәліметінше,  2019 жылы Атырау облысында діни қызмет саласында 57 әкімшілік құқық бұзушылық фактілері тіркелген. Үстіміздегі жылы 48 әкімшілік құқық бұзушылық фактісі анықталды. Олардың 17-не айыппұл салынған.

«Атырау облысы Дін істері басқармасы «Kaz Dream» компаниясы ұсынған «Аналитикалық интернет-карта» жобасымен жұмыс атқаруда. Бұл бағдарлама облыс аумағындағы әлеуметтік желіде тіркелген барлық тұрғындардың парақшаларын автоматты түрде мониторинг жасап, діни теріс бағыттағы материалдар табылған жағдайда толық зерттеу жасайды. Нәтижесінде биылғы сәуір-мамыр айларында 12 000 аккаунт діни топтардан шығып кетті. Ал, жыл басынан бері 16 531 аккаунт деструктивті діни топтардан шықты. Бұл жоғары көрсеткіш» дейді Мұхтар Шарапиденұлы.

Қорыта айтқанда радикалды идеялогиялардың алдын алуда атыраулық мамандар облыстағы ақсақалдар алқасы, мешіт, қоғамдық ұйымдар, мектеп, арнаулы, жоғары оқу орындары, мемлекеттік, құқық қорғау мекемелерімен қоян-қолтық бірлесе  жұмыс атқаруда. Мақсат- дәстүрлі құндылықтарымызды дамыту арқылы радикалды идеялогияға жол бермеу.

Атырау қаласы

 

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close