Көкейкесті

 Шетелде діни білім алудың артықшылығы мен зияны

Мұхтар ІЗҒАЛИЕВ,      

Атырау облысы әкімдігі Дін істері басқармасының бөлім басшысы


Қазақ тарихында алыс жерлерден діни білім алу,  қазы,  қалпе,  ишан атану қазақ діни дүниетанымындағы көп кездесетін оқиғаның бірі десек қателеспейміз. Соның ішінде түркі әлемі қасиет тұтатын Самарқанд,  Бұхара,  Ташкент,  Қоқанд,  Хиуа, бертін келе Қазан,  Орынбор,  Троицк сияқты қалалардағы академиялық (ғалия)  мектеп-медреселерді тамамдап, қазақты ауызына қаратқан Мәшһүр Жүсіп, Ғұмар Қараштай зиялылар қаншама?!

Тіптен, Шам мен Мысыр, Ыстамбұл, Бурсаның да іліми орталықтарының білімін алған ата-бабаларымыз бар деп тұжырым жасап жатыр тарихшыларымыз. Көріп отырғанымыздай, қазақ үшін ғылыми,  мәдени орталықтардан білім алу әрқашан маңызды және жауапты дүние болған.

Шетелде діни тәлім алу тәуелсіздік жылдарынан бергі уақытта да қайта жаңғырды.  Шетелде діни білім алып жүрген отандастарымыздың саны жыл санап артып келеді. Статистика комитетінің мәліметі бойынша, 300-ге жуық қазақстандық шетелде діни-теологиялық білім алып жүр. Бұл ресми ақпарат.

Шетелде діни білім алу үшін Діни басқарманың (ҚМДБ) жолдамасы болуы керек. Бізге белгілі ҚМДБ өзіндік құзіреті мен жауапкершілігіне сай Түркия Республикасы мен Египет, Араб Республикасына талапкерлерге жолдама береді.

Атап айтқанда, Түркиядағы Хасеки академиясы мен Мысырдағы Әл-Азхар университеті. Аталмыш жоғары діни оқу орындарында бірқатар қазақ азаматтары білім алуда. Бұл оқу орындары ресми екіжақты меморандум аясында және классикалық дәстүрлі исламның құндылықтарына сай оқытады.  Сондай-ақ,  Түркия Республикасы оқып жатқан отандастарымызды степендиямен қамтамасыз етіп жатқаны  да белгілі. Біздің облысымыздан Хасеки академиясын тәмәмдап,  жергілікті мешіттерімізде қызмет етіп жатқан мамандар да бар.

Рұқсат алмай, діни басқарманың назарынан тыс білім алу шетелдердегі әр түрлі мүддегі дәстүрлі емес діни ағымдардың қатарына алданып қалу қауіпін жоққа шығармайды. Өкінішке орай, еліміздің көптеген жастары шетелдерде күмәнді діни орындарда өз бетінше білім алып жүр.Бұл құбылыстың қауіптілігі – аталмыш азаматтардың нақты саны мен дерегінің аздығы. Өйткені біздің еліміздің азаматтарына көптеген Таяу Шығыс елдерінде визасыз,  шектеусіз жүрулеріне жағдай жасалған. Осы жағдаяттан,  шетелдерге әр түрлі себептермен (саяхаттау, сауда-саттық)  шекара асқан қазақстандықтар әр түрлі күмәнді діни құжыраларға бет бұрып жатқаны да байқалады.

Қазіргі таңда,  күмәнді діни орындарда тәлім алып жатқан қазақстандықтардың көп баратын елі Мысыр болып тұр. Мысырдағы әр түрлі саяси процестер ол жақтағы әр түрлі діни ағымдардың таралуына әсер етуде. Мысалы,  дәстүрлі емес  псевдосәләфилік ағымның мадхалидтік және такфириттік бағыттарының құжыралары осы Мысырдың бірнеше шаһарларында пісіп, жетілді. Әсіресе, мадхалидтік тармақтың александриялық деп аталатын мектебі қалыптасты. Міне, олар осы екі айлық және екі жылдық курстарғақазақ жастарын тартып отыр. Естеріңізде болса қақтығыс аймақтарына аттанған қазақстандықтың дені Мысырдың күмәнді құжыраларының түлектері. Олардың дені турист ретінде аттанып, кейін сол мемлекетте қалады, кейбірі визаларын ұзартпастан жүреді.

 

Неге біз ол діни құжыраларды күмәндіға санаймыз?

 Біріншіден,  аталмыш діни орталықтар Мысыр үкіметінде  де тіркелмеген. Кез-келген пәтерлерде,  ғимараттарда өз сабақтарын жүргізеді.

Екіншіден, ол орталықтарда сабақ,  дәріс өткізетіндер кімдер екені белгісіз. Олар шынымен дін мамандары ма? Оған да жауап жоқ. Қазақстаннан аттанатын жастар ата-аналарына,  ағайын туыстарына «біз Мысырдағы әл-Азхарға оқуға түстік» деп айтады. Әр түрлі БАҚ-тардан ҚМДБ-ның Мысырға балалар оқытатынын естіген ата-аналар «Балам сол оқу орнында оқып жүрген шығар» деп ойлап, соңында орны толмас өкінішке ұрынып жатыр.

Үстіміздегі жылдың 10 тамызында үш қазақстандық Мысырда жол көлік апатына ұшырап, артынша олардың Мысырда заңсыз жүргені белгілі болады. Кейін, Мысыр елі оларды депортация жасады. Көріп отырғанымыздай бұл бірінші жағдай емес. Осындай заңсыздықтарды белінен басып жүрген азаматтарымыз өкінішке орай, аз болмай тұр.

Сондай-ақ,  Түркияның да кейбір діни мектептерінен өз беттерінше тәлім алып жүрген қазақ жастары жоқ емес. Олардың да сол елдегі оқиғаларының дені Мысырдағы қазақ жастарындай аяқталып  жатқаны тағы бар.

Қорытындылай келе,  «дін ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген тұжырымдаманың негізі бар екенін анық көресің.Сонымен қатар  «дінтану, исламтану және теологиялық білім аламын, білімімді жетілдіремін» деген дінге қызығушы  жас ұрпақты шетел аспай-ақ еліміздегі дінтану және исламтану орталықтарынан білім алуға шақырар едім.

«Елу жылда ел жаңа» демекші соңғы жылда ғылыми-тәжірибелік жағынан Отанымыздың дінтану мектептерінің пісіп жетілгенін қуанышпен байқауға болады.

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close