Жаңалықтар
Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде берген 16 тонналық оттегі сыйымдылығы шекарадан жеңілдікпен өтетін болды
Бұған дейін біз Azattyq Rýhy сайтына сілтеме жасап «Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстанға гуманитарлық көмек ретінде берген 16 тонналық оттегі сыйымдылығын елге кіргізбей отыр» деген мақала жариялаған болатынбыз.
Біз бүгін Оралдағы оттегі өндіретін «Азот зауыты» ЖШС-ның бас директоры Ерболат Әлмұхаметовке хабарласып, мән-жайды өз аузынан білген едік.
-Мәселе шешілді. Төтенше жағдай кезінде мемлекеттік баж салығынсыз кіргізуге рұқсат беретін министрлер кабинетінің қаулысы бар екен. Гуманитарлық көмек сол арқылы елімізге салықсыз кіретін болды.
Басында осы мәселеде қолдау болмай, уақыт жоғалтып алдық. Қазір құжаттарын Мемлекеттік кірістер комитеті реттеп, рұқсат алып жатыр. Голландиядан Кедендік одаққа кіргесін, оның шектеулеріне ілігіп қалмауы керек, – дейді оттегі өндіретін «Азот зауыты» ЖШС-ның бас директоры Ерболат Әлмұхаметов.
Азот пен оттегі өндіретін зауыт директоры БҚО-дағы инфекциялық ауруханада жатқан науқастардың жағдайын көрген соң, шетелдік серіктестерінен көмек сұраған. Олар бір біреуі 90 мың еуро тұратын екі қысымы биік, 16 тонналық бөшкені тегін беріп отыр. Кейін жағдай түзелгесін оларға қайтаруға келіскен. Сыйымдылықты жеткізу жол шығындарын кәсіпкер өз мойнына алып отыр. Онсыз да жұмысшыларының жартысы ақысы сақталатын демалысқа кеткен зауыттың қаржылық жағдайына пандемия ауыр тиіп жатқанда голландиялық серіктестерінің көмекке берген сыйымдылығын елге кіргізу үшін 180 мың еуроның құрылғысынан 3 пайыз салық төлеу керек дегенде кәсіпкер қиналып, биліктен мәселені шешуді сұраған еді.
Голландиядан көмекке берілген оттегі сыйымдылығы елге келсе, 85 келілік газ баллонын күні-түні тасып жүрген дәрігерлер мен еріктілердің жұмысы да жеңілдейді.
Қазір бұл зауыт облыстық инфекциялық аурухана маңынан қойма салып жатыр. Қойма ауруханадағы жағдайы ауыр науқастарға оттегі жетпей қалмау үшін, алыстан тасымалдап кешіктіріп алмау үшін салынуда. Науқастарға күні-түні оттегі тасымалдап отырған зауыт бұл қойма құрылысын тездету үшін қызметкерлерін жұмылдырған.
Durbi.kz