Жаңалықтар
Дарын Мубаровтың уағызын instagram-да таратқан атыраулыққа айыппұл салынды
Атырау қаласының тұрғыны Т.Ашимов «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған Дарын Мубаровтың уағыз насихатын, бейнематериалдарын таратқан.
Сот отырысында ол әкімшілік құқық бұзушылық жасағанын мойындап, «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында Қазақстан Республикасының аумағында тыйым салынған Дарын Мубаровтың уағыз насихатын, бейнематериалдарын жүктеп, өз парақшасына орналастырғанын, өнiмiнің дiни араздықты қоздыруды насихаттауға бағытталғанын, оның таратуға болмайтынын білмегенін, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты.
Сот іс құжаттарын зерттеп, іске қатысушылардың түсініктерін тыңдап, Т.Ашимов Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 453-бабының 2-бөлігімен көзделген әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Осы бап бойынша 38892 (отыз сегіз мың сегіз жүз тоқсан екі) теңге әкімшілік айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза қолданылды. Айыппұлды әкімшілік жауапқа тартылған адам қаулының заңды күшіне енген күнінен бастап отыз тәуліктен кешіктірмей төлеуге тиіс.