Сұқбат

Лондонға жетелеген арман

          «Батыс елдері жеткен өркениет әлеміне Қазақстан жол сала бастады. Бірақ, тиісті деңгейге жету үшін ұзақ еңбектенуге, көбірек тер төгуге тура келеді. Сондықтан, замандастарыма, әсіресе жас буынға шет елде білім алудың барлық мүмкіндіктерін кеңінен пайдалануға кеңес беремін» дейді  «Болашақ»  бағдарламасының  стипендианты Динара Нұрышева.

          Соңғы кездері біз қуатты ұлт туралы көп нәрсе айтып жүрміз. Шын мәнісінде қуатты ұлттың діңі – оның  руханиятында жатады. Рухани бай адамның кемел адам екендігін бұған дейінгі мақалаларымызда айтқан едік…

Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласының мәні де сол. Яғни, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыру.   Біздіңше, бүгінгі мақаламыздың кейіпкері Динара Нұрышева бәсекеге қабілетті болу деген терминді әлдеқашан ұғынған жас. Ол      «Болашақ» бағдарламасының стипендианты.

         Атыраулық қыз кезінде қаладағы Абай атындағы №15 орта мектепті бітірген. Қарапайым мектепте оқыған қыз ағылшын тілі мен география сабақтарында кәдімідей қиялға берілгенін  айтады.

«Сол кездегі мектеп бағдарламасы бойынша ағылшын тіліндегі кітаптар негізінен британдық ағылшын тіліне бағытталғандықтан, Ұлыбританиядағы сәулет өнерінің тарихы, мәдениеті, қала өмірі туралы көп айтылатын. Сол арманмен Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы ұлтаралық қатынастар университетіне оқуға түстім. Сөйтіп, диплом алар сәт жақындағанда магистратураны шет елдік оқу орнында аяқтау қажет деген шешімге келдім.

Бала күнгі арманымның шын мәнінде іске асуына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен тәуелсіздіктің елең-алаңында дүниеге келген «Болашақ» бағдарламасының тікелей көмекке келгенін атап өткім келеді» дейді Динара.

Ашығын айту керек,  «Болашақ» бағдарламасы – ұлт болашағына салынған инвестиция. Олай дейтініміз, осы бағдарламамен оқып келген көптеген жастар бүгінде шет елдерден алынған сапалы, маңызды деген идеяларды Отанымызда жүзеге асыруда. Сол арқылы елдің әлеуметтік, экономикалық, мәдени даму көрсеткіштерінің жоғарылауына белгілі бір деңгейде ықпал етуде.

«Мен үшін «Болашаққа» жол IELTS емтихандарын тапсыруға дайындалудан басталды. Талап бойынша, халықаралық тест кезінде әр үміткердің тілді меңгеру деңгейі тексеріледі.         Әдетте, болашақтықтардың көп бөлігінің таңдауы Ұлыбританияға түсіп жатады. Оған себеп Ұлыбритания университеттеріндегі оқу бағдарламасының тиімділігінде болса керек. Ал, менің бұл елді таңдауыма ағам қатты ықпал етті. Себебі, ол сол кездің өзінде-ақ Лондонға ғашық еді. Оның үстіне лондондық оқу орындарының бағдарламаларын қарай отырып, өзіме ыңғайлы көрінген тамаша жобаны таптым. Осылайша, бакалавриатты тәмамдаған соң, 2011 жылдың жазында Лондон университетінен шақырту алып, «Болашақ» бағдарламасына құжат тапсырдым. Қуанышты хабар арада бір ай өткенде ғана келді» дейді Динара.

Шындығында, шет елде өмір сүрудің өзі үлкен мектеп. Дәл осы сөзімізді  шет елдегі қазақ жастары мойындайды.

«Расымен де, шет елде жасаған әр қадамың сайын, мейлі ол университет, кітапхана, жолдан өтіп бара жатқан қарапайым ғана уақыт, тіпті кезекте тұрған сәтте де сіз еңбекпен келген технологиялық төңкерістің адам өмірін қаншалықты жеңілдеткеніне куә боласыз.

Әдетте, Ұлыбританиядағы магистрлік бағдарламалар бір жылға созылады. Бірақ, сол бір ғана жылдың өзі менің жеке тұлға және кәсіби тұрғыда өсуіме  зор ықпалын тигізді. Басты түйгенім, мұндайда жауапкершіліктің барлығын оқу орнына артып қою артықтау. Себебі, сапалы білім алу, жауапкершілік жүгі деген мәселелер студенттің өзіне де байланысты.

Мәселен, Ұлыбританияның оқу орындарында, жалпы өзге де батыс елдерінің университеттерінде жұмысы «үштікке» бағаланған студент пен Қазақстанда осындай бағамен оқитын студенттердің арасындағы айырмашылық жер мен көктей. Айталық, батыс елдерінде «үш» деген бағаны әдетте күн ұзаққа кітапханада отырып оқығандар, консультациялық сабақтарға барғандар, тақырып бойынша сарапшылармен кездескен студенттер алады. Ал, Қазақстанда дәл осы бағаны сабаққа мүлде келмегені өз алдына, курс бойынша тіптен материал оқымайтындар алуы мүмкін. Тағы бір айта кетерлігі, Ұлыбритания елінде студенттер семинар, лекцияға қатысу деңгейіне қарай емес, жазба жұмысты орындау сапасына қарай бағаланады.  Ол елдің оқу жүйесі негізінен студенттің жеке жұмысын салмақтауға бағытталған. Тағы бір ерекшелігі, әр студентке жеке супервайзер бекітіледі. Оған кез келген уақытта оқу ғана емес, өмірлік мәселелерге қатысты сұрақтармен баруға болады» дейді Динара.

        Динараның айтуынша, шет елде болған қысқа мерзімді сапардың өзі көп нәрсеге деген көзқарастың өзгеруіне ықпал етеді.

         Бірден тауды қопарып тастау мүмкін емес. Десек те, не нәрсені де кішкене дүниеден, яғни әр адам өзінен, қоршаған ортасынан бастауы керек. Жай ғана пайдалы ақпараттарды бір-бірімізбен көбірек бөлісуге мән беретін болсақ, кез-келген кішкене қадамның өзі жеке тұлға, отбасы, ел азаматы ретінде қуаттырақ бола түсуімізге ықпал етеді.

          Баян ЖАНҰЗАҚОВА,

меншікті тілші,

Атырау қаласы

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close