Жаңалықтар

Дін мамандары біліктілік арттырды

 Атырауда 17-18 қыркүйек күндері «Діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл, мемлекеттік саясатты жүзеге асыру бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмысын жетілдіру мәселелері» тақырыбында Облыстық ақпараттық түсіндіру тобы мүшелеріне арналған 2 күндік біліктілікті арттыру курсы өтті. 

«Жəрдем-Атырау» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен өткен курсты қор басшысы Ербол Жаулин жəне Атырау облысы Дін істері басқармасының бас маманы Галиден Данияр жүргізді.

 Жыл сайын Атырау облысы Дін істері басқармасының қолдауымен  өткізілетін Облыстық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелеріне арналған 2 күндік біліктілікті арттыру курсы биылғы жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 короновирусын пандемия деп жариялануына байланысты «Zoom» бағдарламасы (онлайн) арқылы өткізілді.

Діни экстремизм мен терроризмге қарсы  іс-қимыл бойынша Атырау облысындағы ақпараттық-түсіндіру топтары мүшелерінің қызметін жетілдіру, біліктілігін арттыру, топ мүшелерінің зайырлылық ұстанымдарын пысықтау мақсатында өткізілген курсқа елімізге белгілі, білікті дін мамандары қатысты. Kazislam сайтының бас редакторы, теолог Тұрар Абуов, республикалық ақпараттық топтың мүшелері,  теолог Төлеген Талдыбаев пен психолог Индира Беркімбаева және Атырау облыстық АТТ мүшесі, дінтанушы, тарихшы Ернар Абзалов дәріс оқып, тәжірибелерімен бөлісті.

Теолог Тұрар Абуов бүгінгі үздіксіз дамып жатқан қоғамда ақыл-ойы озық, білімі мен біліктілігі жоғары, ұлттық рухы күшті жастарды тәрбиелеу қажеттілігі күн өткен сайын артып отырғандығын айта келе, рухани құндылықтар қоғам бірлігінің негізі екенін жеткізді.

Психолог  Индира Беркімбаева профилактикалық жұмыстар немесе жеке кездесу өткізгенде тілдік және қарым – қатынастықтың ролі зор екендігін атап өтті. Сондай-ақ топ мүшелеріне  аудиторияда өзін қалай ұстауы, дауыс ырғағының қалай шығуы, айтатын ойын дұрыс жеткізуі қатысушыларға өте қатты әсер ететіндігіне тоқталып, слайд арқылы әдіс-тәсілдерімен бөлісті.

«Дәстүрлі емес діни ағымдардың саяси ұстанымдары» тақырыбында дәріс оқыған теолог Төлеген Талдыбаев теріс діни ағымдармен күресудің жолдары және оларға қарсы қолданатын әдіс – тәсілдермен бөлісті.

Қазіргі таңдағы жалпы профилактикалық жұмыстың ерекшеліктері туралы  дінтанушы Ернар Абзалов әңгімелеп, өз ойымен бөлісті.

Курс соңында Атырау қаласындағы АТТ мүшелеріне Атырау облысы Дін істері басқармасының сертификаттарын аталған басқармасының бас маманы Галиден Данияр табыстады.

«Жәрдем-Атырау» ҚҚ

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close