Жаңалықтар
Зияткер имам қандай болуы керек?
Атырау облысына жұмыс сапары аясында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Атырау облысының имамдарымен кездесті.
Атырау облыстық «Иманғали» мешітінде өткен кездесу барысында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы зияткер имам келбеті, шынайы мұсылман бейнесі, пандемия жағдайындағы мешіттердің жұмысын тиімді ұйымдастыру, Ғұламалар кеңесі арқылы қабылданып жатқан пәтуалардың маңызы туралы әңгімеледі.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы елімізде ислам дінін насихаттап отырған жалғыз қарашаңырақ. Тәуелсіздік жылдарында еліміз үлкен жетістіктерге жетті. Бір ғана дін саласын мысалға алатын болсақ, мешіттеріміздің саны бүгінде 3000-ға жуықтады.
Діни, сонымен бірге, дүниәуи ілім беретін медреселеріміздің саны артты. Нұр-Мүбарак университеті ашылды. Қарилар, ұстаздар, білікті діни мамандар қатары толығуда.
Сонымен бірге, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келді. Бұл жаңалық мешіттерімізге бір орталықтан бағыт-бағдар беруге, ақпарат жеткізуге, жұмысты жүйелі ұйымдастыруға ықпал етіп отыр. Сайып келгенде, мұның барлығы тәуелсіздігіміздің нәтижесінде келген жетістіктер.
Ғұламалар кеңесінде қабылданып жатқан құжаттар, пәтуалар да асыл дінімізді дәріптеуде үлкен маңызға ие» деп атап өтті Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
Кездесу барысында бүгінгі зияткер имам мәселесі талқыланды.
«Бүгінгі имам діни, сонымен бірге, елімізде, әлемде болып жатқан жаңалықтардан хабардар болуы керек. Имамдарымыз шынайы мұсылманшыл тұлға болуы қажет» деген Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы имамдарды жан-жақты ілім алуға, үнемі ізденісте болуға шақырды.
Сонымен бірге, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жергілікті имамдар тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА