Боямасыз өмір

Ақтау түрмесіндегі Тұманғали: «Сәләфизм, уахабизм – дін емес!»

 Ол 2012 жылы Атырау қаласында болған терактіге қатысты ұсталып,  15 жылға бас бостандығынан айырылды.

Оның темір торға қамалғанына биыл 8 жыл болды.

2010 жылы намаз оқи бастап, деструктивті діни теріс ағымдағы жігіттерге еріп кеткен.

Дарын, Халил, Сайд Бурятскийдың уағыздарымен ауызданған.

Ол: «2011 жылы Маңғыстау өңірінде болдым. «Браттар»  Атырау қаласына келуімді өтініп, жиі хабарласып жүрді. 2012 жылы бардым. Бірақ олардың Сирияға жиһадқа кетуге дайындалғанын, тіпті Үкіметті басып алуды жоспарлап жүргенінен хабарым жоқ еді. Мені сол үшін шақырып жүргенін де кейіннен білдім. Олар маған: «Бұл мемлекет  кәпір, бізге оларға қарсы соғыс ашып, жиһадқа шығу міндет болды, сен бізге қосыласың ба?» деді. Мен ойланбастан келістім. Сөйтіп, «жиһадты» Сирияда емес, Қазақстанда жасайтын болып, тапсырма алып, Маңғыстауға тарттым. Тапсырма- қатарымызға адам жинау болды…» дейді.

Біз онымен Ақтау қаласындағы  ГМ 172/6 түзету мекемесінде кездесіп, әңгімелестік. Менің алдымда өзі айтқандай, адам тонаған бандит, тәкфирші,  Отанына қарсы шыққан террорист емес, жүзі жылы, ашық мінезді жігіт отырды. Біз оның есімін өзінің қалауымен Тұманғали деп өзгерттік.

Тұманғалидың сөзі бүгін мүлде өзгерген. «Сәләфизм, уахабизм – дін емес! Ешқашан дін бола да алмайды! Ислам – ізгілікке, мейірімділікке, бауырмалдыққа шақыратын дін болса, сәләфизм керісінше қатыгездікке, жауыздыққа, ұлтсыздыққа, дінсіздікке шақырады» дейді.

«Мен, сеніміне селкеу түсіп, үйірінен адасқан көп бейбақтың бірімін. Әрине, айналып қазығымды тауып, үйіріме қосылғаным үшін Құдайға сансыз шүкір! Алайда, мен басқан ағат қадамды басқалар жасамаса екен деп, басымнан өткенді баяндайын»деді ол әңгімесін бастап. – Мен Батыс өңірде туып-өсіп, ер жеттім. Кішкентай күнімнен төбелеске жақын, сотқарлау болдым. Мектеп бітіре сала қоғамға ерте араласып, көше тірліктерімен жүре бастадым. Айналама өзім сияқты сотқар азаматтарды топтап, бандиттық әрекеттерге де бардым. «Сыртқы жаудан қорғаймыз» деп базарлардағы саудагерлергесалық төлетіп отырдым. Сол жүріспен қаншама адамға зәбір көрсеткенімді, қаншама адамды қан қақсатып, жылатқанымды, қаншама адамнан қарғыс алғанымды білмеймін. Бір білерім, күнәға белшемнен батыппын.Бірақ ол кезде алдымды болжамаппын,алдағы уақытта жамандықтың одан зорын жасайтынымды білмеген едім…Сүйтіп жүрген күндерде бір жақын адамдарымныңжетектеуімен жұма намазына бара бастадым. Кейіннен сол мешітте жүрген кісілерден намаз үйреніп, бес уақыт намазға біржола келдім.

Бір күні мешіт төңірегінде жүрген бір жігіттермен таныстым. Олар мені өздеріне бауыр көріп, жақын тартты. Мен ол кезде намаз оқығаным болмаса діннен түк те хабарым жоқ еді. Соны білсе керек, жаңағы жігіттер маған дін туралы айтып, уағыздар ұсына батады. Қолыма Дарынның уағыздары жазылған диск ұстатып, соны тыңдауымды өтінді. Кейіннен 21 ақида сабақтарынан тұратын Халилдің, сосын Саид Бурятскийдың уағыздарын берді. Бара-бара менің оқып жүрген намазымның дұрыс емес екендігін айтып, оған өздерінің дәлелін де келтірді.Салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты адасушылық деп түсіндірді. Діни сауатсыздықтан олардың айтқанына имандай ұйыдым. Кейін мешіт қызметкерлерінің, мүфтияттың, Ханафи мәзһабын ұстанып жүрген жандардың барлығының адасқан, дінсіз адамдар екендігіне илантып, «Қазақстан кәпір мемлекет» деп сендірді. Осылайша, намаз бастағаныма екі-үш ай өтпестен сол жігіттердің жетегінде кеттім. Алайда, бұрынғы көше тірліктерінен де қол үзген жоқпын. Себебі, «браттар» «мұсылман еместердің малы адал, олардың малын тартып алуға, тіпті басын де кесіп алуға болады» деген пәтуасын беріп, «намаз оқымайтындардың және біздің бағыттан басқа жамағаттың барлығы кәпір» деген үкімге сендірген еді. Олар «мұсылман браттарға көмек керек» деген соң тапқан ақшамды да соларға беріп отырдым…»

Тұманғалидың атыраулық браттары ақшаны тектен тек жинамаған екен. Алда Қазақстан түгілі алыс-жақын елдердің жағасын  ұстатқан лаңкестік оқиғалар күтіп тұрыпты.

2011 жылы тамыз айында Атырау қаласында теракті жасауға дайындалған деструктивті ағым өкілдері қолға түсті. Алғашқы лаңкестік оқиғаның бірі 2011 жылдың 31 қазан күні Атырау қаласына болды. Атырау облысы әкімшілік үйі, прокуратура маңында 2 жарылыс болып, 24 жастағы Б. Сұлтанғалиев өзін- өзі жарып жіберді.

2012 жылы 12 қыркүйекте Атырау облысы Жылыой ауданы Құлсары қаласында полицияға оқ атқан 5 лаңкес мерт болды. Ал қыркүйектің 14- нен 15-не қараған түні Атырау қаласындағы Полиция постына  біреулер оқ жаудырып, артынша қалалық полиция басқармасының ғимаратына шабуылжасалды. Бір апта өскен соңосы лаңкестік әрекеттерге қатысқан қылмыстық топ 21 қыркүйек күні Атырау қаласындағы «Көктем» саяжайында қолға түсті. Арнайы операция кезіндеқарсыласқан 4 лаңкес оққа ұшты.

Міне, бұлар «Жихадты Сирияда емес, Қазақстанда жасаймыз» деп Тұманғалиға тапсырма беріп, Маңғыстауға аттандырған атыраулық  уахабиттер болатын.

«2012 жылы Атырау облысындағы бір «бауырым» хабарласып, сондағы бос тұрған пәтерімді уақытша бере тұруымды және өзімнің жедел сонда жетуімді өтінді. Келсеммені шақырған екі жігіт сақалдарын қырып тастапты. Арттарынан қуғын түскендіктен бой тасалай тұруға келгендігін айтты. Себебін сұрағанымда, араларында бір жігіттің қолдан бомба жасап, өзін-өзі жарып жібергенін  айтты.

Браттар: «Олар кәпірлер, бізге оларға қарсы соғыс ашып, жиһадқа шығу міндет болды, сен бізге қосыласың ба?» деді. Мен ойланбастан келістім. Бірақ мен олардың сол күнге дейін Сирияға «жиһадқа» кетуге дайындағанын, тіпті Үкіметті басып алуды жоспарлап жүргенінен хабарым жоқ еді. Мені сол үшін шақырып жүргенін де кейіннен білдім. Сөйтіп, «жиһадты» Сирияда емес, Қазақстанда жасайтын болып, тапсырма алып, Маңғыстауға тарттым…

Ертесіне қайтып оралғанымда олардың жасырынып жатқан жерінде қолға түскендерін,  сол жерде атыс болғанын, өздері жасаған бомбаларын  қолданғанын естідім. Сол жерде болған алты жігіттің бесеуі қаза тауып, біреуі ғана тірідей қолға түскен екен. Ол жерде болмаған, бірақ сол терактіге қатысы болған адамдардың барлығы ұсталды. Мен де солардың қатарында ұзақ мерзімге сотталдым» дейді Тұманғали.

Тұманғали түрмеге түскен алғашқы жылдары райынан қайтпай, айналасына сәләфиттік көзқарастағы жігіттерді жинап, уағыз таратып,солардың «лидері» болыпты.

«Түрмеге теолог мамандар келіп кездесу өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізетін еді. Оларды кәпір ретінде көріп, сөздерін құлаққа да ілмейтінмін. Бірақ бір күні сырттан келген бір теологтың айтқандары қатты ойландырды. Жасаған қателіктерімді қолмен ұстағандай, мойыныма қойып берді. Білдірмеуге тырысып, сырттай мойындамағаныммен, ойланып қалдым. Әрине, бірден оңала қойған жоқпын. Деседе кішкене өзгере бастағанымды сезген маңымдағы «бауырлар» маған ызаланып, қырын қарай бастады. Олар: «Егер сен бұл жолдан қайтатын болсаң «тағұт» (адасқан, діннен шыққан) боласың, сенің артыңнан осындағы біраз «бауырлар» да діннен шығады» деп, ойымнан қайтаруға күш сала бастады. Иіле қоймасымды білгесін, «Егер райыңнан қайтпасаң, жаныңнан айырыласың» деп қорқытты. Олардың бұл сөздері мені қатты ойландырды. «Еркіндік деген қайда, дінде зорлық жоқ дегені қайда?» деген сауалдар мазалады. Бұрын да олардың арасында жүргенімде мейірімділік, жылулық, бауырмалдықтан гөрі  жауыздық, қатыгездік басым болатынын көзбен көрдім ғой..».

Тұманғали екі ойлы болып жүргенде  оны басқа қаладағы түрмеге ауыстырады.Ол этаппен айдалып, Тараз, Астана, Атбасар қалаларындағы түрмелерде отырады.

«Ол түрмелерде де теологтармен кездесулер өтті. Арман Қуанышбаев, Ерсін Әміре, Ризабек Баттал, Қабылбек Әліпбай сынды мүфтияттың уағызшыларының насихатын жиі тыңдатты. Әсіресе Ризабек Батталұлының сенім туралы мәселені тақтаға сызып көрсеткені қатты әсер етті. Мен өзімнің шынымен де адасқанымды түсіне бастадым. Кейін Абдулмалик есімді теологпен сөйлесіп, өз жолымның бұрыстығын, адасқан ата-бабам емес, өзім екенімді шындап түсіндім. Бұл 2018 жыл еді. Осылайша менің адасқан ағымның ауруынан айығып, ата-баба жолына оралуыма табаны күректей 6 жыл уақыт кетті.  Дін мамандарының күш салуымен өзімнің оңбай қателескенімді түсіндім. Бұндай жат ағымның уыты оңайлықпен қайтпайтындығыносыдан-ақ аңғаруға болады…

Кейіпкеріміздіңағынан жарылып айтқан әңгімесінен оның уахабилік ағымда болғанына өкінетіні көрініп тұрды. Ол 2 баласы мен әйелін, отбасын сағыныпты… Онымен қоштасып кетерімізде бостандықта жүрген бұрынғы «сыбайластарына», жалпы жастарға айтар сөзі барын айтты.

«Менің сіздерге бастан кешкен өмірімдіқысқаша болса да осылай айтуым, өткенді еске алу ғана емес. Алдымдағы аға-әпкелер, артымдағы іні-қарындастар! Сіздерге айтқым келетіні, сәләфизм, уахабизм дін емес! Бұл жат мақсаттарға құрылған діни теріс ағым. Ешқашан дін бола да алмайды! Ислам – ізгілікке, мейірімділікке, бауырмалдыққа шақыратын дін болса, сәләфизм керісінше – қатыгездікке, жауыздыққа, ұлтсыздыққа, дінсіздікке шақырады. Бұл жол біріншіден, аға-бауыр, туыс-туған, жақыныңнан айырса, екіншіден, қоғамнан оқшауландырып, ұлттан, Отаннан айырады. Ал Отансыз, ұлтсыз, ата-ана, туыс-туғансыз кез-келген адам екі дүниеде де ешкім емес! Соны ұмытпаңыздар! Мен жасаған қателікті сіздер жасай көрмеңіздер!» деді.

Біз оның бұл сөзін діни сауатсыздық салдарынан адасып, орны толмас қателікке ұрынып, бірақ бұрынғы бейбіт, алаңсыз өміріне қайта оралғысы келетін адамның алдағы күндерге деген үміті тәрізді түсіндік. Ылайым, солай болғай!

Ерзат ТӨЛЕШҰЛЫ,

Маңғыстау облысы Дін істері басқармасы

 Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-талдау орталығының теологы

 

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close