Мақалалар

Тәртіпке бағынған құл болмас

Қаһарман МҰСАЕВ,

Атырау облысы Дін істері басқармасының Әкімшілік-ұйымдастыру бөлімінің басшысы


 

Ел ішінде «тәртіпсіз ел болмас, тәртіпке бағынған құл болмас» деген мақал бар. Бірақ сол тәртіпке бағынатын, дәстүрді құрметтейтін, бұрынғының сөзін қадірлейтін жастарымыз бүгінде өкінішке орай, аз. Сондай-ақ, халықсыз билік болмайтыны, ал – дінсіз халық болмайтыны да уағыздарда жиі айтылып келеді. Тарих көрсеткендей, халықтың, діннің мемлекеттің тұтастығы арасында тікелей тəуелді байланыс бар. Осы байланысты реттейтін салт-дәстүрдің, дала заңының немесе зайырлы заңның болуы заңдылық.

Дін істері басқармасының тарапынан құрылған ақпараттық түсіндіру топтарының құрамында жүріп, әртүрлі форматта өтетін жиындар мен кездесулерде облыс тұрғындарының діни сауатының төмендігі, дін саласына қатысты заңдарды білмек түгілі естімеуі де таңқалдырады.

Сондықтан «ештен кеш жақсы» демекші, кезекті мақаламызда дін саласына қатысты заңдарға тоқталып,  дін саласындағы заңның қажеттілігі мен қолданыстағыжағдайы туралы айтамыз. Адамдар «діндар адамға заңның не қажеті бар?» немесе «діндар адам заңды аяқасты етпек түгілі шыбынға да зиян келтірмес» деген пікірді ұстанатыныда белгілі.

Алайда тәжірибе көрсеткендей, діндар жамағаттардың басым көпшілігі діни қызмет саласын реттеуші заңдардан бейхабар. Сондықтан діндар адамдардың басым көпшілігінің діни сауатынының төмен болуы өз алдына, құқықтық сауатсыздығы да  өткір мәселеге айналып отыр.

ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2012 жылы 11 қазан айында «Діни қызмет жəне діни ұйымдар туралы» заңға қол қойып, қолданысқа енді. Жаңа қабылданған Заң талаптарына сәйкес, 2012 жылы Атырау облысындағы барлық діни бірлестікер қайта тіркеуден өтті. 2020 жылғы жүргізілген талдау бойынша діни бірлестіктер саны 44-ке жетіп отыр. Сонымен қатар, бұлардың саны жылдан жылға артуда.

Мысалы 2012 жылы өңірімізде 30-ға жуық мешіт болатын. Ал бүгінде 33-ке жетіп, алдағы уақытта тағы да 25 мешіт құрылысының жобасы бекітілді.

Сонымен қатар, қазақ дүние танымымен үш қайнаса басы бірікпейтін протестанттық немесе буддисттік діни бірлестіктері де тіркелуде. Мешіттердің көбеюін дінге бет бұрғандардың көптігімен түсіндірер болсақ, ал басқа діни сенімдегі, тіпті дәстүрлі дінге жатпайтын діндердің жаңадан бой көтеруі шетелдік азаматтардың сұранысынан туындауда десек қате болмасы анық.

Осы орайда, Атырау облысы Дін істері басқармасының негізгі бағыттарының қатарында мемлекеттік қызметтер көрсету бойынша жеке және заңды тұлғалардан түскен өтініштерді қарап, белгіленген мерзім шеңберінде қажетті шараларды алу бастапқы міндеттеріне жатады.

«Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан 2050» Стратегиясында: «Мемлекеттік қызмет көрсету – бұл еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіші» депатап өткен болатын. Осыған байланысты, мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға және аталған саланың дамуына  назар аударуды қажет етіп отыр.

Мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасы – мемлекеттік органдардың жұмысын бағалаудың басты өлшемі болып табылады. Мемлекеттік қызмет көрсету барлық саланы, соның ішінде азамат дүниеге келген  күннен бастап барлық өмір сүру кезеңінде мемлекеттік қызмет көрсету бойынша мемлекетпен тығыз байланыста болатындығы белгілі.

 

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз не?

 Мемлекеттік көрсетілетін қызмет дегеніміз – көрсетілетін қызметті алушылардың өтініші бойынша жеке тәртіппен жүзеге асырылатын және олардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыруға, оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер беруге бағытталған жекелеген мемлекеттік функцияларды іске асыру нысандарының бірі.

Мемлекеттік қызметтер көрсетудің негізгі қағидаттары:

– көрсетілетін қызметті алушылардың тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша қандай да бір кемсітушіліксіз теңдей қол жеткізуі;

-мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде төрешілдік пен сөзбұйдалық көріністеріне жол бермеу;

– мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы есеп берушілік және ашықтық;

– мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігі;

– мемлекеттік қызметтер көрсету процесін үнемі жетілдіру;

– мемлекеттік қызметтер көрсету кезіндегі үнемділік және тиімділік.

Жоғарыда атап өткендей, мемлекеттік көрсетілетін қызметті берушілер мемлекеттік көрсетілетін қызметтер стандарттары мен регламенттеріне сәйкес мемлекеттік қызметтер көрсетуге міндетті.

Негізінде көрсетілетін қызметті берушілердің мемлекеттік қызметтер көрсетуіне қойылатын талаптары және оларды көрсету тәртібі мемлекеттік көрсетілетін қызметтерстандарты мен регламентінде айқындалады.

 

Стандарт және регламент дегеніміз не?

 Стандарт дегеніміз – мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын талаптарды белгілейтін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету процесінің, нысанының сипаттамаларын, мазмұнын және нәтижесін қамтитын нормативтік құқықтық акт.

Ал, регламент – мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын сақтау жөніндегі талаптарды белгілейтін және көрсетілетін қызметті берушілер қызметінің тәртібін, оның ішінде мемлекеттік қызметтер көрсету процесінде өзге де көрсетілетін қызметті берушілермен, мемлекеттік корпорациямен өзара іс-қимыл, сондай-ақ ақпараттық жүйелерді пайдалану тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық акт болып табылады.

ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңының 5-бабына және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы № 97 бұйрығына сәйкес, Дін істері басқармасы тарапынан діни қызмет саласы бойынша 5 мемлекеттік көрсетілетін қызмет түрі көрсетіледі.

Атап айтқанда:

  1. «Миссионерлік қызметті жүзеге асыратын тұлғаларды тіркеуді және қайта тіркеуді жүргізу» бойынша (2015 – 11; 2016 –9; 2017 – 11; 2018 – 17; 2019 – 14; 2020 – 12 жалпы саны 74);
  2. «Діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы тұрақты үй-жайлардың орналасатын жерін бекіту туралы шешім беру» бойынша (2015 – 4; 2016 – 2; 2017 – 6; 2018 – 0; 2019 – 5; 2020 – 3 жалпы саны 20);
  3. «Діни іс-шараларды өткізуге арналған үй-жайларды ғибадат үйлерінен (ғимараттарынан) тыс жерлерде орналастыруға келісу туралы шешім беру» бойынша (2015 – 0; 2016 – 2; 2017 – 0; 2018 – 0; 2019 – 2; 2020 – 1 жалпы саны 5);
  1. «Ғибадат үйлерін (ғимараттарын) салу және олардың орналасатын жерін айқындау туралы шешім беру» бойынша (2015 – 0; 2016 – 0; 2017 – 0; 2018 – 0; 2019 – 0; 2020 – 5, жалпы саны 5);
  2. «Үйлерді (ғимараттарды) ғибадат үйлері (ғимараттары) етіп қайта бейімдеу (функционалдық мақсатын өзгерту) туралы шешім беру» бойынша (2015 – 0; 2016 – 0; 2017 – 0; 2018 – 0; 2019 – 0; 2020 – 1, жалпы саны 1).

Соңғы 2015-2020 жылдары аралығында Дін істері басқармасы жалпы саны 104 діни қызмет саласы бойынша мемлекеттік қызмет көрсетілген.

Қазіргі таңда Заңға сәйкес 13 шетелдік миссионер, 20 діни әдебиетті және діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды, діни мақсаттағы заттарды тарату үшін арнайы стационарлық үй-жайлар және 5 намазхана тіркеліп отыр.

Соңғы өзгерістерге байланысты ҚР Ақпарат және Қоғамдық даму министрінің 2020 жылғы 31 наурыздағы № 97 бұйрығымен Діни қызмет саласындағы мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, мемлекеттік қызметтер толықтай электрондық форматта қол жетімді болды.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті беруші кеңсесіне немесе «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамыарқылы және «электрондық үкімет» www.egov.kz, www.elicense.kz веб-порталына өтініш білдіруге де болатынын қаперге береміз.

Сондай-ақ, қызметтерге қатысты қосымша ақпарат алу үшін Атырау облысы әкімдігі мен Дін істері комитетенің интернет-ресурстарынан қарай аласыздар. Осы ретте, діни қызмет саласындағы заңдарды қасақана немесе немқұрайлықпен бұзу әкімшілік жауапқа әкелетінін де ұмытпаған жөн.

Өйткені, қолданыстағы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 490, 453-баптары бойынша «заңды діни қызметке кедергі келтіру, діни мазмұндағы әдебиеттерді рұқсатсыз сату немесе тарату, жергілікті атқарушы органның ресми рұқсатынсыз діни қызметпен шұғылдану (миссионерлік қызмет), белгіленбеген жерлерде ғибадат үйлері құрылысын тұрғызу, сонымен қатар, әлеуметтік желілерде діни араздыққа апаратын материалдар жариялау және бөлісу» және т.с.с. заңға қайшы әрекеттері үшін жеке тұлғаларға 20-200, ал заңды тұлғаларға 50-500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады.

Биылғы көрсеткіштерге қарасақ, 50 тұлғаға (490-бап бойынша – 8, 453-бап бойынша – 42) әкімшілік айыппұл салынды. Мысалы, ЖШС «Тамаша» сауда орталығындағы «Еркемай» дүкенінде діни мазмұндағы әдебиеттер облыс әкімдігінің рұқсатынсыз сатылған. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің  453-бабының 2-ші бөлігімен Атырау қалалық әкімшілік сотымен кінәлі деп танылған «Тамаша» сауда орталығына 277800 (екі жүз жетпіс жеті мың сегіз жүз) теңге айыппұл салынды.

Сондықтан ақырын жүріп, анық басудың маңызды екенін ескеру қажет. Діннің қадір-қасиеті аяқасты болмауы зайырлы мемлекеттің заңын мойындап, «арбаны да қиратпай, өгізді де өлтірмей» қоғам мен мемлекет арасында алтын көпір құра білу баршамыздың міндетіміз.

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close