Көкейкесті

Жолы қиылған теракті немесе «Пантера» қару дүкенін тонау операциясы

2012 жылы 25 қазан күні Ақтөбе облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты  Құрманқұл Ғабит Азаматұлына қатысты қылмыстық істі қарады.  

2012 жылы Ақтөбе қаласының тұрғыны Бекбауов Жолмырза  өзі сияқты радикалдық бағытты ұстанған Байғанин ауданының тұрғыны Жолдығали Ерназар мен қандығаштық Құрманқұл  Ғабитпен бірге мемлекеттік органдардың шешім қабылдауына ықпал ету үшін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің өміріне қол сұғу мақсатында  қылмыстық топ құрған.  Олар ҚР құқық қорғау  органдарының жүйесі Алланың заңына, яғни шариғатқа қайшы, сондықтан  мемлекетке қарсы Жиһад ашу керек деп, Ақтөбе қаласының ішкі істер департаментіне шабуыл жасауға  жоспар құрған.

Бұл атышулы қылмыстық іс бойынша 12 жылға бас бостандығынан айырылған Құрманқұл Ғабит бүгінде Ақтау қаласындағы 172/6 қатаң режимдегі колонияда жазасын өтеп жатыр.

Біз темір торда отырған Ғабитпен кездесіп сұқбат алған едік.

 

Ғабит:

Мен ол кезде 17 жаста едім. Қандыағаштан 9-сыныпты бітіріп, Ақтөбедегі колледжге оқуға түстім. Ақтөбеде Жолмырза, Ерназар деген балалармен бірге пәтерде жаттым. Интернеттен Сайд Бурятский мен Халелді және Абдулазиз деген арабты, сосын қасымдағы екеуінің сөздерін тыңдаймын, қысқасы, ойларымыз бір жерден шықты.

-Қандай ой?

-Қазақстанда Жихад жасаймыз деген ой. Ол үшін Ақтөбедегі «Пантера» қару-жарақ дүкенін тонаймыз деп келістік. Қасымдағы балалар: «осы әрекетке баруың керек, бармасаң болмайды» деді.

-Қару дүкенін тонайсыздар. Әрі қарай?

-Қолымызға қару түскен соң, әрі қарай соғысамыз деп ойладық. Ішкі істер департаментіне шабуыл жасаймыз, соңына дейін соғысамыз, өлсек шахид боламыз, жұмаққа бірден түсеміз деп ойладық. Бір сөзбен айтқанда өлу үшін шықтық.

          –  17 жас жастықтың қызығы, жарық дүниенің базары енді ғана басталған шақ емес пе? Өмірден түңілу, өлімге бел бууға не себеп болды? 

          – Интернеттен тыңдаған уағыздардың әсері. Ол уағыздар жихад, шахид, жұмақ пен тозақ туралы болатын… Оның үстіне сол жылы Ақтөбе қаласында «провокация» болып жатты.

          –Қандай?

-Сақалдыларды тоқтатып, сақалын қырып, хиджабпен жүрген әйелдерді полицияға ұстап әкетіп жатыр деп естідік.

Олай болған жоқ қой. Бұл өтірік ақпарат.

-Бізге сондай хабарлар келді.

Ол хабарды кім әкелді?

-Жолмырза әкелді. Осындай болып жатыр деп. Мен өзім Қандыағаштан қалаға жаңа келгенмін. Қаланы дұрыс білмеймін, көп ешкімді танымайтын едім. Жолмырза қаланың баласы еді.

-Содан?

– Содан «полицияның ғимаратына кіреміз, полициялардың бәрін өлтіреміз» дедік. Ол үшін дүкенге кіріп, қару тонаймыз деген жоспармен шықтық. Бірақ кіріп үлгірген жоқпыз. Такси тоқтатып, қаланың шетіне шығып, көлікті тоқтаттырып, таксисті соғып, қолын қайырып, жүксалғышқа салайық деп жатқан кезде жол полициясы келіп қалды. Біз көлікке мініп үлгірмедік. Таксисті тастап, жолдың жиегіндегі орманға қарай қаштық. Олар аспанға оқ атты. Екі полицияның бірі көлігінде қалып, біреуі бізді қуды. Ерназар артымызда келе жатқан, ол тоқтай қалып полицейді атты.

-Полицияға не болды? Жараланды ма?

– Ол өліп қалды… Орманда тығылып екі күн жаттық, Арнайы жасақпен атыстық, қолымызда екі мылтық болған. Біреуі өлген Ерназарда қалған. Екіншісі Жолмырзаның қолында болды, ормандағы атыста ол да өлді. Мен мойнымнан оқ тиіп, есімнен танып құлап қалдым. Мені сол жерде ұстап әкетіп, қамапты.

Редакция:

Теракті жасау жоспары, сол мақсатта көлікті қолды ету шын мәнінде қалай болған? Сот протолына жүгініп көрелік:

«Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының жүйесі Алланың заңына, яғни шариғатқа қарсы, сондықтан мемлекетке және құқық қорғау органдарына қарсы соғысу керек, бұл соғыс «Жихад» деп айтылады» деген Бекбауов Жолмырза, Жолдығали Ерназар, Құрманқұл Ғабит үшеуі 2012 жылдың мамыр айында террористік топқа адам тарту мақсатында «Аллахтың жолында өлсеңдер «шахид» дәрежесіне ие боласыңдар, шахидтың бір тамшы қаны жерге тамса барлық жасаған күнәларың кешіріліп, жұмақта хор қыздарымен марапатталып, қабір азабына түспейсіңдер» деп өздеріндей дін ұстанған  «браттарын» теракты жасауға шақырған.  Әрі қарай олар теракты жасаудан бас тартқан солардың бірі – Р.Файзуллаевтың  Қандыағаш қаласында жасырған  «ТОЗ-Б» маркалы  қос ұңғылы және аңшы мылтығын ұрлап алған.

Террористік топ  ішкі істер департаментіне шабуыл жасау мақсатында 2012 жылдың 21 маусымы күні таңғы сағат 05: 05 те «Кірпіш» аялдамасынан  таксист С.Мұсаевтың  жүргізуіндегі «Opel astra» маркалы D 241 NMM нөмірлі көлікті тоқтатады. Көлікке мінген соң «Аллах Акбар» деп айқайлап, ұрандатып, таксистің бетіне  газ балонын шашып жібереді. Сосын тамағына пышақ сілтеп, жарақаттаған. Көліктен түсіп қашқан таксисті қуып жеткен Ж.Бекбауов оның желкесіне, арқасына, бетіне, иығына, білегіне  пышақ жарақаттарын салған.

Алдын ала жасаған жоспарға сәйкес, Ж.Бекбауов таксисті газ баллоны арқылы  есінен тандырған соң Ғ.Құрманқұл мен Е.Мырзағали екеуі оның қол-аяғын байлап, көліктің артқы жүксалғышына салып алып, көлікті өздері айдап, «Пантера» қару- жарақ дүкенін тонап, қаруды қолды етпек болған. Алайда аяқ астынан жол полиция қызметкерлерінің тап бола кетуі олардың барлық жоспарын бұзған.

Теракті жасамақ болған қылмыстық топтың басшысы Ж.Бекбауов пен Е.Мырзағали  полицияға қарсылық көрсетіп, атыс үстінде қайтыс болған.

ҚР ҚК-нің 79-бабының 7-бөлігі бойынша қылмыс жасаған сәтте  Ғ.Құрманқұл  кәмелетке толмауына орай оны бас бостандығынан айыру 10 жылдан аспауға, кісі өлтірген қылмыстардың жиынтығында 12 жылдан  аспайтын жаза тағайындалуға жатады.

Ғ.Құрманқұл ҚР ҚК-нің  233-2 бабының 2 бөлігі, 233-1 бабының 2 бөлігі, 233 бабының 4 бөлігі, 255 бабының  4 бөлігі, 251 бабының 3 бөлігі, 179 бабының  4 бөлігінің «а» тармағы, 96 бабы 2 бөлігінің  «а,б,ж,с,л» тармақтары, 24 бабының 3 бөлігімен кінәлі деп танылып,  ҚР ҚК- нің 58 бабының  4 бөлігінің тәртібіне сәйкес жазаларды қосу жолымен  12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Діни білімі жоқ, намазды 9-шы сыныпта оқып жүргенде бастаған,  17 жастағы Ғ.Құрманқұл  өзінің адасуын  қалада діни ағымдағы жігіттерге тап келуімен байланыстырады. Экстремизм, терроризм, тонау, адам өлімі қылмыстары бойынша жазасын өтеп отырған салафит  Ғабит Құрманқұл  бүгінде өзгерді ме, тар қапас оның өміріне қалай әсер етіп жатыр, өзінің адасқанын түсінді ме? Біз осы сұрақтарға жауапты оның өзінен іздедік.

 

-Ешқандай діни біліміңіз жоқ, Сайд Бурятский мен Халелді тыңдап, соғыс ашам дедіңіз.

-Ия. Білім жоқ, интернеттегі уағыздарды тыңдадық. 3 негіз, 4 қағида, таухид кітаптарын оқыдым, өттім одан. Бізде естіген уағыз бен эмоция ғана болды.  Жас болдық, не істеп жатқанымызды түсінбедік.

-Отбасыңыз бар ма ?

-Анам екеуіміз ғана. Анам қазір Қандыағашта  тұрады. Бойдақпын. Анам намаз оқыған жоқ, етті үйге өзім әкеліп жүрдім, бірақ өзгелер сияқты анамнан бөлек кету, дастарханға бірге отырмау болған жоқ. Сыйластық болды. Пісірген тамағын жедім.

-Мемлекетті, намаз оқымағанды  кәпір дедіңіз.

 -Ия

Салт – дәстүрді ше?

-Қазақтың салт- дәстүрін мойындаған жоқпын. 

-Мазхабты ше?

– Қандыағаштан 9-сыныпты бітірдім, сол кезде Ханифа мазхабымен намаз оқып,  мешітке барып жүрдім. Адасу Ақтөбе қаласына келген соң басталды. Тез радикалданып кеттім. Мойындаған жоқпын

-Жап-жастай қылмыс жасап, түрмеде отырсыз. Бұл оқиға 3 адамның өмірін қиды…

– Білімсіз адасып, қылмысқа барғаныма өкінемін. Шынымды айтсам, ол кезде діни сауатымызды  әуелі интернеттен ашып алайық деп ізденген жоқпыз. Біз діни сауатсыздықтың кесірінен, адасып, онымен қоймай адамның  өмірін қидық. Ол үлкен күнә. Өкінесің, бірақ уақытты артқа қайтара алмайсың да. Уақытты артқа қайтарсақ  мүмкін басқаша болар ма еді деп ойлаймын.

 17 жаста сақал өсіріп, балақты кестік. 2012 жылы Қазақстанда діни білімді адамдар, теологтар сирек болды. Кез- келгеннің айтқанына ілесе бермеу керек. Интернетке күдікті діни сайттарға кірмеу керек. Ол жерде неше түрлі ағымдар өз саясатын жүргізіп отыр. Ең дұрысы- имамдарды тыңдау керек.

-Егер мен қателеспесем, сіз мұны түрмеге түскен соң ғана түсініп отырсыз. Діни сауатсыздықтан адасқандар бүгінде әке-шешесін, халықты, мемлекетті кәпір деп жатыр. Дұрыс па сол?

-Дұрыс емес. Біздің болған жолымыз дұрыс емес. Мешіттерде имамдарды, теологтарды тыңдау керек. Қазақстанда тіркелген діни басқармаға бағыну керек.

-Түрмеден шыққан соң не істемексіз?

-Шыққан соң жұмыс істеймін, бұйыртса, үйленгім келеді.

-Намаз оқитын қызға үйленесіз бе?

-Жоқ. Намаз оқуы міндетті емес. Бастысы – жүрегі таза, иманды болса, болды. Аллахқа сенетін болса…

Қазақта Аллаға сенбейтін адам сирек шығар. Кей адамдар қанша сенбей жүрсе де, басына күн түскенде қорқып кетіп «Алла, Алла!» деп тәубеге келіп жатады. Намаз оқымайтындардың аузынан да Алла деген сөз шығып, Алла деп күн көріп отыр. Намаз оқитын адам ғана Аллаға сенеді ойлайсыз ба?

-Жоқ, олай ойламаймын. Намаз оқитын адамдардың да жүрегінде не бар екенін білмейміз ғой әншейін… Мысалы біз де намаз оқыдық сол уақытта…

     -12 жылға сотталып, оның 9 жылын отырдыңыз. Осы тоғыз жылда нені түсіндіңіз?

  – Түрмедегі алғашқы 3-4 жылда бұрынғы өз көзқарасымда болдым. Имамдар, теологтар келіп жүрді түрмеге. Солармен сөйлескен соң кітаптар оқиыншы деп ойландым. «Бір адамды тыңдай бергенше басқаларды да тыңдап көрсейші» деді отырғандар.  Бір күні «неге теологтарды тыңдап көрмеске?» деген ой келді. Сосын жүрегіммен беріліп Ерсін Әміре, Арман Қуанышбаев сияқты мамандарды тыңдай бастадым. Мысалдармен жақсылап түсіндіріп береді екен. Теологтарға өзімді қызықтырған сұрақтарды жазып жібердім. Жауаптарға қанағаттандым, алайда ойыңды өзгерту жылдам болмайды.  Уақыт керек, түсіну жайлап уақытымен келеді екен. Түрмеде 9 жыл отырсам да 3-4 жылдан кейін ғана түсіне бастадым. Қазір Әбу Ханифа мазхабы, Матуриди  ақидасындамын.  

-Яғни…

-Ия, бетім бері қарады. Қате жолда болғанымызды, діни сауатсыздықтан мықтап адасқанымызды түсіндім. Енді басымнан өткенімді  мына жерде сөйлескен адамдарға, жастарға өзімше түсіндіремін. Түрмеден шыққаннан кейін де айтамын, менің қателігімді қайталамасын деп ойлаймын. Себебі босқа өкініп қалады да. Осының алдын алуға тырысамын, Имам боламын, теолог боламын демеймін, бірақ жастардың адаспауы үшін қолымнан келгенше көмектесуге тырысамын. Қазір Қазақстанда  өте білімді  дін мамандарының барына көзім жетті, солардан білім алғым келеді.

-Тағы не айтасыз?

-Менің өмірім – өзім үшін. Өзім қателескенімді, дұрыс жолда болмағанымды, ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін өзім үшін түсініп алдым. Ал жастар маған сұрақ берсе, оның адасып кетіп бара жатқанын көріп тұрсам, әрі қарай құрдымға итере бермеймін ғой. Адасып бара жатқанын, ұстанған жолының дұрыс емес екенін айтуға тырысамын. Тіпті көшеде кетіп бара жатса да дұрысын түсіндіруге тырысамын деп ойлаймын. Жастар менің жолымды қайталамасын.

 

Редакция:

Биыл 11 қыркүйекте Америкадағы терактіге 20 жыл толды. Әлемді шошытып, дүр сілкіндірген осы атышулы  терактіден соң ТМД елдері мен Қазақстанда да терактілер бой көрсете бастады. Құқық қорғау органдары Атырау, Ақтөбе қалаларынан бастау алған терактілердің артында болғалы тұрған бірнеше терактінің алдын алды.

Егер алды алынбағанда Бекбауов Жолмырза  басқарған қылмыстық топ  Ақтөбе ішкі істер департаментіне оқ атып, қанша адамның өмірін қияр еді? Ойлаудың өзі қорқынышты. Қазақ отбасында туып-өсіп, қазақы тәрбие алған балалардың  аяқ астынан санасы өзгеріп, осыншама көрсоқыр болуына не себеп болды?  Мұны біздің кейіпкеріміз Ғабит діни сауатсыздықтың кесірінен дінді теріс түсінуден деп дұрыс түсініп отыр.

 Ия, бастапқы іргетасы теріс қаланған ілім адамзатты күйреуге әкелетіні анық. Шетелдік діндарлардың теріс уағызы, одан қалса солардың сойылын соққан Сайд Бурятский, Халел, Ділмұраттардың  дінді теріс түсіндіруі,  халықаралық  террористтік ұйымдардың  халифат пен  жихадты саясат құралына айналдыруы  тыныш жатқан қазақ даласын әбігерлеп, баласын  террористке айналдырып,  қызын арабтың қара қабына орап тастады. Қазақтың бесіктен белі жаңа шыққан балалары бес тал сақалы желбіреп,  қазақтың қарияларына тән ата- сақалдың қадірін кетірді. Ұлттық салт- санаға сына қағылды.  Ұлттық құндылықтың бұйдасын бұзып, қазақтың қазығын теуіп, Отанын сатып кеткендер Сирия, Ирак асып кетіп, жер жастанды. Себеп біреу ғана. Ол – діни сауатсыздық және дінді интернеттен үйрену.

Ғабит түрмеден шыққан соң «теолог не имам болмасам да, қазақтың жастарына салафизмнің зардабын түсіндіремін» деп отыр. Сенгіміз келеді, қазақтың қара баласына!

 Әңгімелескен Ұлдай САРИЕВА,

durbi.kz

Ақтау қаласы

 

 

Tags

Осы айдарда

error: Көшіруге болмайды!! Барлық құқығы қорғалған
Close